Skip to content

ЖАСӨСПІРІМНІҢ МАНСАПТЫҚ ТРАЕКТОРИЯСЫН ТАҢДАУҒА ЫҚПАЛ ЕТЕТІН ЗАМАНАУИ ПЕДАГОГИКА. КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУДІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында “Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуі тиіс. Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам” делінген. Осы орайда білім саласына өзгерістер енгізіліп педагог профорентатор, яғни кәсіби бағдар беру педагогы енгізілді. XXI ғасыр – үздіксіз өзгерістер мен жаңа мүмкіндіктер заманы. Жаһандану, цифрландыру және еңбек нарығының жылдам трансформациясы жас ұрпақтың кәсіби бағдарлануына жаңа талаптар қойып отыр. Нарықтағы бәсекелестік күн сайын артып келеді. Бүгінгі заман талабы кәсіптік білім беру саласында адамның табиғи ерекшеліктеріне сәйкес мыңдаған мамандықтар мен кәсіптерге дайындау кезек күттірмейтін талаптардың бірі. Жасөспірім кезең – тұлғаның болашақ өмірлік жолын айқындайтын шешуші шақ. Сондықтан мектеп қабырғасындағы кәсіби бағдар беру жұмысы оқушының тек мамандық таңдауына ғана емес, сонымен бірге мансаптық траекториясын дұрыс құруына ықпал ететін маңызды педагогикалық процесс болып табылады.

Дамыған елдер тәжірибесі; «Кәсіби бағдар» алғаш рет жеке ұғым ретінде 20-ғасырдың басында Америка Құрама Штаттарында пайда болды.  Кәсіби бағдар мәселесінің негізін қалаушы 1908 жылы Бостонда «Мамандық таңдау бюросын» құрған және мамандық таңдауға ғылыми тәсілді қолданған американдық зерттеуші Френк Парсонс.  Парсонстің «Мамандық таңдау» атты еңбегі оның дүниеден өткеннен кейін 1909 жылы жарыққа шығып, американдық  профориентаторлардың басты құралына айналды.

  • Финляндия – мектептен бастап кәсіби кеңесшілердің тұрақты қолдауы бар.  Егер бала тоғызыншы сынып бітіріп, әлі де өзінің қай салаға барғысы келетінін білмесе, мектеп тағы бір жыл уақыт береді. Осы жыл ішінде ол баламен кәсіби кеңесшілер жұмыс істейді. Бұл елде 7 сыныптан бастап профориентациялық курстар өтеді. Курс негізінде әр оқушы міндетті түрде 1-3 апта өзі қалаған салада жұмыс істеп көреді. 8 сыныпта мансап құру туралы сұрақтар, 9 сыныпта түрлі мекемелердің кадр қызметкерлерімен байланыс орнатылады. Жүйенің нәтижелі жұмысына білім министрлігі жауапты.
  • Германия – дуалды оқыту жүйесі арқылы оқушылар мектептен өндірістік тәжірибе алады;
  • АҚШ – «career counselor» мамандары әр оқушының мансаптық жоспарымен жұмыс істейді;
  • Жапония – оқушыларды «өмірлік жолды жоспарлау» бағдарламасы арқылы ерте жастан кәсіби жауапкершілікке баулиды. Бұл ел кәсіби бағдар беру Асия университетінің ректоры профессор Фукуяманың ойлап тапқан ғылыми әдісіне негізделген. Атауы – F-тест  (Fukuyama). Ол келешек мамандық таңдауда үш фактордың маңызы зор дейді: өзіңді зерттеу, мамандықты зерттеу және кәсіби сынақ. Әр жылда 7-9 сынып оқушылары 16 түрлі салада бақ сынайды. Мәселен, ауыл шараушылығы, ғылым, педагогика, кәсіп т.б. Осылайша үш жыл ішінде әр бала 48 түрлі саланы ішінара зерттейді. Нәтижесінде оқушы алған тәжірибесін анықтайтын тест тапсырады
  •  Франция – Алдымен  бұл елде профориентация бағыты бойынша маман даярлайтын оқу орындарына тоқталайық: Бордо қаласындағы психологиялық-әлеуметтік зерттеу институты,  Париждегі еңбек және кәсіби бағдар беруді зерттеу институты,  Лилль қаласындағы аймақтық профориентация институты,  Адам биометриясын зерттейтін Марсельдік институт. Осы саланың қыр-сырын үйрететін 4 институт жұмыс істеп тұр
  • Мексика  Мамандықтар қаласы Kidzania болып 1999 жылы Мексикада ашылды. Бүгінде әлем бойынша 25 қалада осындай құрылымдағы саябақ жұмыс істейді (ішінде біз жоқпыз).Kidzania – дүкен, зауыт, аурухана, корпорация мен университеттері бар қала. Онда бала кез келген мамандық бойынша жұмыс істеуге, ақша табуға, оны жаратуға, мансап құруға мүмкіндік алады (әрине ойын түрінде).  Бірақ ауқымы өте кең. Ақылы және ақысыз болып бөлінеді.  Ал оқушылар үшін бұл әдіс түрлі салада қамтылған.

Бұл тәжірибелер Қазақстан үшін де маңызды. Себебі кәсіби бағдарды ерте бастау, оқушыға жеке траектория құруға мүмкіндік беру – табысты мансаптың негізі.

Мансаптық траектория ұғымы

Мансаптық траектория – адамның білім алу, кәсіби өсу және өзін-өзі жетілдіру жолындағы саналы түрде жасалған жоспары мен таңдауларының жиынтығы. Ол тек бір мамандықпен шектелмейді, өмір бойы өзгеріп, жаңа бағыттармен толықтырылып отырады. Заманауи педагогиканың мақсаты – оқушыға осы жолды дұрыс құруға бағыт-бағдар беру.       Кәсіби бағдар беру бұл — түрлі қабілеттерге, дағдыларға  қызығушылықтарға негізделген, адамның мүмкіншілігіне, денсаулығына,  физикалық және психологиялық жағдайына сүйене отырып, мамандық таңдауда көрсетілетін көмек.  Сенің физикалық дайындығыңа сай келетін  ішкі қалауыңды, қабілетіңді, бейімділігіңді анықтап кәсіби бағдар беретін маман – Профориентолог, яғни кәсіби бағдар беру педагогы деп аталады.

 Заманауи  педагогиканың  ықпалы.    «Кәсіби бағдар – еңбек нарығы мен тұлғаны байланыстыратын көпір»  Білім саласындағы кәсіби бағыттың ауқымы кең және алуан түрлі. Жасөспірімдердің болашақ мамандығы – қоғам дамуының негізгі факторы. Дұрыс таңдау өмір сапасы мен әлеуметтік тұрақтылықты анықтайды. Бүгінгі таңда заманауи педагогика жасөспірімдердің мансаптық дамуын цифрлық технологиялармен байланыстыруда. Виртуалды шындық, онлайн курстар, жасанды интеллект және профориентациялық мобильді қосымшалар – оқушыға түрлі мамандықтар әлемін ашып көрсетудің тиімді құралы.Мысалы, «цифрлық кәсіби карталар» арқылы оқушылар өз қызығушылықтарына сәйкес мамандықтармен танысып, еңбек нарығындағы сұраныс, жалақы, қажетті дағдылар туралы нақты мәлімет алады. Бұл әдіс жасөспірімге саналы таңдау жасауға және болашағын жоспарлауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, педагогтар үшін де бұл технологиялар кәсіби бағдар жұмысын жандандырып, оқушылармен жеке траектория құруды жеңілдетеді.

Қазіргі педагогика жасөспірімнің мансаптық дамуына мынадай жолдармен ықпал етеді:

  • Тұлғалық-бағдарлы тәсіл – әр оқушының қабілетін, қызығушылығын ескеріп, жеке даму траекториясын құруға көмектесу;   кәсіби диагностика, кәсіби ағарту , кәсіби консультация,  кәсіби бейімделу 
  • Soft skills дамыту – креативтілік, коммуникация, сыни ойлау, көшбасшылық сияқты әмбебап дағдыларға баулу;
  • Цифрлық білім беру ресурстары – онлайн тесттер, мамандықтар атласы, кәсіптік сынамалар, виртуалды кәсіпорындар арқылы болашақ мамандықты таныстыру;
  • Әлеуметтік серіктестік – мектеп пен ата-ананың ынтымақтастығы , жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілердің ынтымақтастығы арқылы нақты тәжірибе беру.

 Кәсіби бағдар берудің маңыздылығы.  . Педагог кәсіби бағдар беруші ретінде оқушының ішкі әлеуетін ашып, оны дұрыс бағытқа бағыттайды. Бұл тұрғыда ұстаздың рөлі — кеңесші, серік және мотивациялық тұлға. Психологтар атап өткендей, жасөспірім өзіне сенімді болған жағдайда ғана саналы кәсіби таңдау жасай алады. Сондықтан мектеп жүйесінде кәсіптік мотивация мен өзін-өзі бағалау бағытындағы жұмыс та маңызды.Кәсіби бағдар берудің тағы бір маңызды аспектісі – ата-анамен серіктестік. Отбасының пікірі мен қолдауы жасөспірімнің таңдаудағы сенімін арттырады. Мұғалім, ата-ана және оқушы арасындағы үшжақты байланыс — тиімді кәсіби бағдар берудің кепілі. Белгілі философ Джон Дьюи айтқандай: «Білім – өмірге дайындық емес, білім – өмірдің өзі». Осы ой бүгінгі кәсіби бағдар берудің мәнін айқын көрсетеді. Мектеп тек пәндік білім беріп қана қоймай, өмірлік жолды таңдауға мүмкіндік беретін орта болуы тиіс. Жасөспірім үшін кәсіби бағдар берудің маңызы көпқырлы;

  • Жеке тұлға үшін – өзін-өзі тануға, әлеуетін ашуға, сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді;
  • Қоғам үшін – еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандарды қалыптастырады;
  • Экономика үшін – адами капиталдың сапасын арттырып, тұрақты даму тетігіне айналады;
  • Мамандық беделін көтеру — тек дәстүрлі емес, жаңа және сұранысқа ие мамандықтарға қызығушылық арттырады,  «Жақсы мамандық» тек атаққа емес, қабілет пен еңбекке байланысты екенін түсіндіреді.
  • Психологиялық тұрғыда – мамандық таңдауда қателік жібермеуге, кәсіби күйзеліс пен қанағатсыздықтан сақтануға ықпал етеді.
  • Жастардың қателесіп мамандық ауыстыруын азайтады — кәсіби бағдар берілген түлек жоғары  оқу орнын саналы таңдайды.  Бұл уақыт пен қаржыны үнемдейді, білім сапасын арттырады.
  • Еңбек нарығының сұранысына жауап беру- жастарды болашақта қажет болатын мамандықтарға бағыттайды. Елдің экономикалық дамуына кадрлық база қалыптастырады.

Кәсіби бағдар беру — жасөспірімге мамандық таңдауға көмектесетін жүйелі педагогикалық және психологиялық үдеріс. Оның басты мақсаты — оқушының жеке қабілетін, қызығушылығын, құндылықтарын ескеріп, қоғам мен еңбек нарығының сұранысына сай бағыт беру. Қазіргі таңда мектептерде кәсіби бағдар беру жұмыстары бірнеше бағытта жүргізіледі:

  • Тестілеу және диагностикалық зерттеулер (қызығушылық картасы, тұлғалық типтерді анықтау).
  • Мамандықтармен таныстыру сабақтары, кәсіптік жәрмеңкелер, кәсіпорындарға экскурсиялар.
  • Менторлық және тәлімгерлік жүйе.
  • Онлайн кәсіби бағдар платформалары мен цифрлық құралдар (мысалы, BilimLand, Atlas of Professions, т.б.)

  «Кәсіби бағдар – жасөспірімнің табысты болашағының кепілі»

Хакім Абайдың сөзіне сүйеніп айтсақ, дүниенің кетігін тауып бір кірпіш болып қалану үшін, қоғамның қажетіне жарау үшін жаның қалайтын мамандықты жаңылмай таңдаудың және өз ісінің шебері болудың артықшылығы мол.  Педагогика мен қоғамның бірлескен жұмысы маңызды. Жаңа ұрпақтың әлеуетін толық ашуға мүмкіндік беру, жасөспірімнің мансаптық траекториясын айқындау – бүгінгі білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі. Заманауи педагогика кәсіби бағдарды тұлғаның жан-жақты дамуының, елдің экономикалық өркендеуінің және қоғамның тұрақтылығының негізгі факторы ретінде қарастырады. Жастарды арманына жетелеу – педагогика мен қоғамның ортақ міндеті.
        Оқушының саналы түрде мамандық таңдауына ықпал ету – тек мектептің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Кәсіби бағдардың тиімді ұйымдастырылуы жасөспірімге өз орнын табуға, болашақта бәсекеге қабілетті маман болуға жол ашады. Қорыта келгенде, заманауи педагогика жасөспірімдердің мансаптық траекториясын таңдауда шешуші рөл атқарады. Ал кәсіби бағдар беру – тұлғаның өмірлік бағытын айқындайтын маңызды педагогикалық процесс.Болашақта әр оқушы өз әлеуетін танып, еңбек нарығындағы өз орнын табуы үшін мектептерде кәсіби бағдар беру мәдениетін жүйелі дамыту қажет. Педагогтың қолдауы мен заманауи әдістемелердің үйлесімі арқылы жасөспірім тек мамандық емес, өз өмір жолын, өз миссиясын таңдай алады. Атақты ағартушы Ыбырай Алтынсариннің сөзімен түйіндесек:  «Жастар – біздің келешегіміз, оларға дұрыс бағыт беру – ең қасиетті борышымыз».

Катира ЕРКИНБЕКОВА,

Сырбек Каттебеков атындағы жалпы білім беретін мектебінің кәсіби бағдар беру педагогы,

Шардара ауданы.

🔥 Таңдаулы жаңалықтар

ТӘУЕЛСІЗДІК — ҰЛТТЫҢ МӘҢГІЛІК МҰРАТЫ
The Importance of Learning English in the Modern World
Республикалық «Абай оқуларында» жеңімпаз атанды
АҚПАРАТТЫҚ ҚОЛДАУ КӨРСЕТЕМІЗ!
«АДАЛ АЗАМАТ» ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ – БОЛАШАҚҚА САЛЫНҒАН БЕРІК НЕГІЗ