
Қазіргі заман – цифрлық технологиялардың қарыштап дамыған дәуірі. Ақпарат ағыны шексіз, ал баланың қызығушылығы бұрын-соңды болмаған деңгейде өзгеруде. Осы өзгерістің бір көрінісі – компьютерлік ойындарға тәуелділік. Бұл – тек уақытты бос өткізу емес, баланың психологиясына, денсаулығына, оқуына және тұлғалық дамуына әсер ететін маңызды мәселе.
Мұғалім ретінде біз тек білім беруші ғана емес, баланың ішкі әлемін түсінетін, бағыт-бағдар беретін тұлғамыз. Сондықтан компьютерлік ойындарға тәуелділікті жою – тек ата-ананың емес, ұстаздың да жауапкершілігі.
Тәуелділіктің себептері. Бала ешқашан себепсіз бір нәрсеге тәуелді болмайды. Компьютерлік ойындарға әуестік көбіне келесі жағдайлардан туындайды: Біріншіден, назар жетіспеушілігі. Егер бала ата-анасынан немесе мұғалімнен жеткілікті көңіл көрмесе, ол виртуалды әлемнен өзін «қабылдайтын» орта табады.
Екіншіден, қызықты әрі жеңіл жетістікке жету мүмкіндігі. Ойын барысында бала тез жеңіске жетіп, өзін батыр сезінеді. Ал шынайы өмірде мұндай сезімді алу үшін еңбек пен уақыт қажет.
Үшіншіден, бақылаудың болмауы. Егер балаға уақыт шектеуі қойылмаса, ол ойынға толықтай еніп кетеді.
Төртіншіден, баланың бос уақытының дұрыс ұйымдастырылмауы. Бос уақыт – дұрыс бағытталмаса, тәуелділікке апаратын жол. Тәуелділіктің белгілері. Мұғалім ретінде біз баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді ерте байқай білуіміз керек: Сабаққа деген қызығушылықтың төмендеуі. Ашуланшақтық, тез шаршау. Ұйқы режимінің бұзылуы. Қоғамнан оқшаулану. Үнемі ойын туралы ойлау. Бұл белгілер байқалса, дереу әрекет ету қажет.
Шешу жолдары. Түсіну және сенімді қарым-қатынас орнату. Баламен сөйлесу – ең маңызды қадам. Оны кінәламай, түсінуге тырысу қажет. «Неге ойнайсың?» деген сұрақтың орнына «Саған бұл ойында не ұнайды?» деп сұрау тиімді. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы айтқандай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады». Сондықтан баланың мінезін қалыптастыруда сабыр мен түсіністік қажет.
- Уақытты тиімді басқару. Баланың күн тәртібін нақты құру маңызды. Ойынға мүлде тыйым салу емес, оны шектеу керек. Мысалы: күніне 30–40 минуттан артық емес, баламалы қызығушылықтарды дамыту. Егер балаға қызықты балама ұсынылмаса, ол қайтадан ойынға оралады. Сондықтан: сурет салу, спорт, кітап оқу, қолөнер, Музыка сияқты әрекеттерге баулу керек. Баланың бойындағы қабілетті байқап, соны дамыту – мұғалімнің шеберлігі.
2. Ата-анамен тығыз байланыс. Бұл мәселені жалғыз мұғалім шеше алмайды. Ата-анамен бірлескен жұмыс қажет.. Үйде гаджет қолдану ережесін енгізу. Баламен бірге уақыт өткізу..Жеке үлгі көрсету.
3. Мектептегі тәрбие жұмыстары. Мектепте арнайы іс-шаралар ұйымдастыру маңызды: «Цифрлық қауіпсіздік» тақырыбында тәрбие сағаттары, Психологпен кездесу, Спорттық жарыстар, Шығармашылық байқаулар. Бұл баланың қызығушылығын шынайы өмірге бағыттайды.
4. Мұғалім – тек білім беруші емес, бағыт беруші. Әр бала – жеке әлем. Бір балаға қаталдық әсер етсе, екіншісіне мейірім қажет. Ұстаздың жылы сөзі кейде жүз тыйымнан да күшті. Баланың жанын түсіну – үлкен өнер. Ал сол өнерді меңгерген мұғалім ғана тәуелділіктің алдын ала алады.
Қорыта айтқанда компьютерлік ойындарға тәуелділік – заман талабы туғызған мәселе. Бірақ оны шешу – өз қолымызда. Ең бастысы – тыйым салу емес, дұрыс бағыт беру болып табылады. Бала – нәзік гүл. Егер оған дұрыс күтім жасалса, ол жайқалып өседі. Ал егер қараусыз қалса, солып қалуы мүмкін. Сондықтан әрбір ұстаз бен ата-ана баланың жан дүниесіне үңіліп, оның шынайы қызығушылығын таба білуі тиіс.
Кадимова Гулжан Серикбаевна,
«Н.Төреқұлов атындағы №13 ЖББМ» КММ бастауыш сынып мұғалімі, педагог- зерттеуші.
Жетісай ауданы.