Skip to content

АТА ЗАҢДАҒЫ ЖАҢАРУ – САПАЛЫ БІЛІМГЕ ЖАҢА МҮМКІНДІК

Қазақстанның конституциялық дамуы – елдің саяси тұрақтылығы мен өркендеуінің негізгі кепілі. Соңғы бастамалар, атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған конституциялық реформалар пакеті – еліміздің жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын айқын көрсетеді. Бұл өзгерістер тек саяси құрылымды жетілдіру ғана емес, сонымен қатар қоғамның барлық саласына, оның ішінде білім беру жүйесіне тың серпін беретін стратегиялық шешімдер жиынтығы деп бағалаймын.

Президенттің бір палаталы Парламент құру туралы бастамасы – мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға бағытталған батыл әрі уақтылы ұсыныс. Қазіргі жаһандық өзгерістер, цифрландыру үдерісі, жасанды интеллект дәуірінің талаптары басқару жүйесінен икемділік пен жеделдікті қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа форматтағы заң шығарушы органның құрылуы – уақыт талабына толық жауап береді.

Конституциялық комиссияның құрылуы және оның құрамына қоғамның барлық өкілдерінің кеңінен тартылуы – реформаның ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ететін маңызды фактор. Әсіресе, азаматтардың e-Otinish және eGov платформалары арқылы өз ұсыныстарын жолдауы – халықтың мемлекеттік басқару үдерісіне тікелей қатысуының жарқын көрінісі. Бұл – нағыз «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты жүзеге асуы.

Жаңа Конституция жобасының мазмұнына зер салсақ, оның басты өзегі – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау екені анық байқалады. Бұл қағидаттың Преамбула деңгейінде бекітілуі – мемлекеттің даму бағытының айқын айғағы. Сонымен қатар, бірлік, ынтымақтастық, ұлтаралық келісім секілді құндылықтардың ерекше атап өтілуі – Қазақстан қоғамының тұрақтылығы мен тұтастығын нығайтуға бағытталған.

Мен мектеп директоры ретінде бұл реформалардың білім беру саласына тигізетін әсеріне ерекше тоқталғым келеді. Жаңа Конституцияда білім мен ғылым, мәдениет пен инновация басты басымдық ретінде белгіленуі – ұстаздар қауымы үшін үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл – еліміздің болашағы табиғи ресурстарға емес, адами капиталға тәуелді екенін айқын көрсететін тарихи бетбұрыс.

Білім беру жүйесінің зайырлы сипатының нақты айқындалуы да аса маңызды. Бұл мектептерде білім беру процесінің ғылыми негізде, объективті және бейтарап жүргізілуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытуға, олардың дүниетанымын кеңейтуге мүмкіндік береді.

  Цифрландыру мәселесінің Конституция деңгейінде бекітілуі – бүгінгі күннің өзекті қажеттілігі. Оқушылардың, мұғалімдердің және жалпы азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау – білім беру жүйесінде қауіпсіз әрі тиімді цифрлық ортаны қалыптастыруға негіз болады. Бұл өз кезегінде BilimClass секілді цифрлық платформалардың дамуына да оң ықпал етеді.

Жаңа нормалардың ішінде зияткерлік меншік құқығын қорғау, адвокатура институтының күшеюі, кінәсіздік презумпциясының нығаюы сияқты қағидаттар – құқықтық мемлекеттің іргесін бекемдей түседі. Бұл оқушыларды заңға құрметпен қарауға тәрбиелеу ісінде де маңызды рөл атқарады.

Біздің «Ғ.Мұратбаев атындағы №61 жалпы білім беретін мектеп» ұжымында аталған реформаларға байланысты кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Педагогикалық кеңестерде, әдістемелік бірлестіктер отырыстарында, тәрбие сағаттарында жаңа өзгерістер жан-жақты талқыланып, ұстаздардың, сынып жетекшілердің, тіпті жоғары сынып оқушыларының пікірлері тыңдалды. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – әрбір азаматтың елдегі өзгерістерді дұрыс түсінуіне ықпал ету.

Сонымен қатар, «Адал азамат» және «Қауіпсіз балалық шақ» жобалары аясында оқушыларға құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында арнайы іс-шаралар ұйымдастырылды. Конституциялық өзгерістердің мәні мен маңызы оқушыларға жас ерекшеліктеріне сай түсіндіріліп, олардың азаматтық позициясын қалыптастыруға басымдық берілді.

Жаңа Конституцияда неке туралы норманың нақты бекітілуі де қоғамдағы дәстүрлі құндылықтарды сақтауға бағытталған маңызды қадам. Бұл – отбасы институтының беріктігін қамтамасыз ететін құқықтық негіз.

Бір палаталы Парламент – Құрылтайдың құрылуы, Халық Кеңесінің енгізілуі, вице-президент институтының пайда болуы – мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастырады. Бұл өзгерістердің барлығы елдегі саяси тұрақтылықты нығайтып, шешім қабылдау процестерін жеделдетуге мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, ұсынылып отырған конституциялық реформалар – Қазақстанның жаңа даму кезеңінің іргетасы. Бұл өзгерістер еліміздің саяси жүйесін жаңғыртып қана қоймай, білім беру саласының сапасын арттыруға, жас ұрпақты заманауи талаптарға сай тәрбиелеуге үлкен мүмкіндік береді.

Біз, білім саласының өкілдері, бұл реформаларды толық қолдаймыз және олардың табысты жүзеге асуына өз үлесімізді қосуға дайынбыз. Себебі, ел болашағы – бүгінгі мектеп партасында отырған оқушылардың қолында. Ал олардың сапалы білім алып, саналы азамат болып қалыптасуы – біздің басты міндетіміз.

Сондықтан да, жаңа Конституция – тек құқықтық құжат қана емес, білім беру саласының құқықтық негізін күшейтіп, сапалы, қолжетімді әрі әділ білім жүйесін қалыптастыруға жол ашады. Заңмен бекітілген кепілдіктер білім сапасының артуына тікелей әсер етеді. Ол – болашаққа бағытталған стратегиялық бағдар. Біз осы бағытты қолдай отырып, еліміздің жарқын келешегіне сеніммен қараймыз.

Сейдулла Исабек Данабекұлы,

Ғ.Мұратбаев атындағы №61 жалпы білім беретін мектептің директоры.

Жетісай ауданы.

🔥 Таңдаулы жаңалықтар

«ЖУРНАЛИСТ ЖОЛДА» ІССАПАРЫ. БІЛІМ ОРДАСЫНДА ӨТКЕН ТАҒЛЫМДЫ ШАРА
БІР-БІРІМІЗГЕ ЖҮРЕК ЖЫЛУЫН СЫЙЛАЙ БІЛЕЙІК!
The Importance of Learning English in the Modern World
ОТБАСЫ – БАҚЫТ МЕКЕНІ
ЛАУАЗЫМ — МӘРТЕБЕ ЕМЕС, ЖАУАПКЕРШІЛІК!