
Қазіргі қоғамда өскелең ұрпақты тек білімді ғана емес, адал, жауапты, еңбекқор әрі отансүйгіш тұлға етіп тәрбиелеу – басты міндеттердің бірі. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан «Адал азамат» Біртұтас тәрбие бағдарламасы бастауыш сыныптан бастап оқушылардың бойына негізгі адамгершілік құндылықтарды сіңіруге бағытталған.
Бастауыш сынып – баланың мінез-құлқы мен дүниетанымы қалыптасатын маңызды кезең. Бұл жаста оқушылар адалдық, сыйластық, достық, жауапкершілік сияқты ұғымдарды жүрегімен қабылдайды. Сондықтан «Адал азамат» құндылықтарын бастауыш сыныптан бастап жүйелі түрде қалыптастыру – болашақ саналы қоғамның кепілі.
Сабақ барысында және сыныптан тыс іс-шараларда адалдыққа тәрбиелеу ойын, әңгіме, жағдаяттық тапсырмалар, көріністер арқылы жүзеге асырылады. Оқушылар күнделікті өмірде шыншыл болу, уәдеге беріктік, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу секілді қасиеттерді іс жүзінде меңгереді. Бұл – бағдарламаның басты артықшылығы.
Сонымен қатар «Адал азамат» бағдарламасы оқушыларды еңбекқорлыққа, тәртіпке, Отанды сүюге баулиды. Топтық жұмыстар мен бірлескен тапсырмалар арқылы балалар бір-біріне көмектесуді, ортақ іске жауапкершілікпен қарауды үйренеді. Мұғалім мен ата-ананың бірлесе жұмыс істеуі баланың тәрбиесін одан әрі нығайта түседі.
Қорытындылай келе, бастауыш сыныпта «Адал азамат» Біртұтас тәрбие бағдарламасын тиімді жүзеге асыру – баланың болашақ өміріне дұрыс бағыт беру деген сөз. Адалдықты өмірлік ұстаным еткен, елінің дамуына үлес қоса алатын тұлға тәрбиелеу – әр ұстаздың қасиетті борышы.
Адал ұрпақ – жарқын болашақтың бастауы.
Сырлыбаева Галия Бердишукуровна,
№25 ЖББМ бастауыш сынып мұғалімі.
Жетісай ауданы.