Қазақ халқының тарихында елдің азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен батырлардың ерлігі, даналығы мен адамгершілігі – ұлт руханиятының ең басты қазынасы. Мектептегі білім мен тәрбие беру жүйесінде сол батырлардың образын оқушылардың бойына дұрыс сіңіру – олардың отансүйгіштік сезімін, ұлттық рухын, намысын қалыптастырудың ең тиімді жолдарының бірі болып табылады. Себебі батырлар образы — тек өткен тарихтың бейнесі емес, ол бүгінгі жас ұрпақтың өмірлік ұстанымына бағыт беретін рухани күш.
Батырлар образының тәрбиелік мәні:
Батырлар — халықтың еркіндік пен елдік жолындағы күресінің символы. Мысалы, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Райымбек, Исатай мен Махамбет, Кенесары, Амангелді сынды батырлар ел тағдырындағы маңызды тұлғалар. Олардың бейнесін сабақтарда таныстыру арқылы оқушылар:
- ұлттық тарих пен мәдениетке құрметпен қарайды;
- елін, жерін қорғауға деген жауапкершілігін сезінеді;
- батылдық, әділдік, ерлік секілді асыл қасиеттерді бойына сіңіреді.
Мұндай бағыттағы жұмыс оқушылардың азаматтық ұстанымын қалыптастырып, патриоттық сезімін нығайтады.
Қазақ батырларының образын беру әдістері:
Мектепте батырлар образын беруде дәстүрлі және инновациялық әдістерді қатар қолдану қажет. Әдіс таңдауда оқушылардың жас ерекшелігі мен қабылдау деңгейі ескеріледі.
а) Көркем әдебиет арқылы таныстыру:
Басты тәсілдердің бірі — көркем шығармаларды пайдалану.
Мысалы: 5–6-сыныптарда «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын» эпостарын оқу; 7–8-сыныптарда Махамбет өлеңдері, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», «Артымызда Москва» шығармалары; Жоғары сыныптарда тарихи романдар мен деректі шығармалар арқылы (І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы, Ә. Кекілбаевтың «Елең-алаң» т.б.) батырлардың тұлғалық қасиеттерін ашуға болады.
Мұндай сабақтарда оқушылар тек мәтінді оқып қана қоймай, батырдың мінезін талдау, олардың шешімдеріне баға беру, заманмен салыстыру сияқты сын тұрғысынан ойлау тапсырмаларын орындайды.
Интерактивті әдістерді пайдаланудың тиімді тұстары жетерлік:
Қазіргі білім беру үрдісінде оқушылардың белсенді қатысуы аса маңызды. Осы мақсатта мына тәсілдерді қолдануға болады:
- Дебаттар мен пікірталастар: мысалы, «Батырлық туа біткен қасиет пе, әлде тәрбие арқылы қалыптаса ма?»
- Рөлдік ойындар мен инсценировкалар: батырлар жырындағы көріністерді сахналау.
- Жобалық жұмыс: әр оқушы өзіне ұнаған батыр туралы шағын зерттеу жүргізіп, бейнеролик немесе презентация жасап ұсыну.
- Цифрлық құралдар қолдану: жасанды интеллект, D-ID, Gamma App, Canva, LearningApps сияқты платформаларда батырлардың образына мультимедиялық форматта талдау жасау, тесттер немесе интерактивті карталар құрастыру.
Пәнаралық байланыс
Батырлар тақырыбы тек әдебиет сабағымен шектелмейді. Мысалы:
- Тарих пәнінде – олардың нақты тарихи ерліктерін талдау;
- Бейнелеу өнерінде – батыр бейнесін сурет арқылы бейнелеу;
- Музыка пәнінде – батырларға арналған күйлер мен жырларды тыңдату;
- Информатикада – батырлар өмірі туралы цифрлық энциклопедия жасау.
Мұндай интеграция оқушылардың тақырыпты жан-жақты түсінуіне көмектеседі.
Мектептен тыс іс-шаралардағы батырлар образы:
Мектеп қабырғасындағы сыныптан тыс жұмыстар да ерекше рөл атқарады.
- «Батырлар ізімен» атты әдеби-тарихи кештер өткізу;
- Жергілікті батырлар мұражайына экскурсиялар ұйымдастыру;
- «Менің жерлес батырым» атты шығармашылық байқаулар;
- Батырлар туралы эссе, сурет, бейнежоба конкурстары.
Мұндай іс-шаралар оқушылардың патриоттық сезімін арттырып, батырлар ерлігін жүрекпен сезінуге жол ашады.
Сонымен қазіргі заман батырының бейнесін қалыптастыру кезінде батырлық – тек соғыс кезіндегі ерлік емес, ол — бейбіт өмірде де елге қызмет ету, әділ болу, өз ісіне адалдық таныту екенін ұмытпау керек. Мұғалімдер сабақ барысында оқушыларға осы идеяны жеткізуі қажет. Қазіргі заманның батыры — еңбекқор, білімді, отансүйгіш, рухы мықты тұлға. Сондықтан тарихи батырлардың образын бүгінгі күннің үлгісімен ұштастыра отырып, оқушыларды заман талабына сай тәрбиелеу маңызды.
Қорыта айтар болсақ, бүгінгі таңда қҚазақ батырларының образын мектепте тиімді беру — жас ұрпақтың рухани дамуының, ұлттық сана мен отаншылдық сезімінің қалыптасуының негізі. Мұғалім батырлар бейнесін тек тарихи тұлға ретінде емес, рухани-адамгершілік идеал ретінде таныта білуі қажет. Сонда ғана шәкірт жүрегінде елге деген сүйіспеншілік, ерлікке деген құрмет, намыс пен жігер ұялайтын болады.
Хадиша МОЛДАБАЕВА,
«Достық» атындағы №65 ЖББМ Қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі.
Мақталы ауылдық округі, Жетісай ауданы.