
Тойшыбеков Жарқынбек Жанысұлы – өскелең ұрпақтың білім мен тәрбиесіне елеулі үлес қосқан ұлы ұстаз. Ол 1963 жылы 10 қаңтарда Шымкент облысы, Жетісай ауданының Красная звезда III бөлімшесінде шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Тойшыбеков Жаныс жоғары білімді заңгер, милиция подполковнигі шеніне дейін жетіп, ішкі істер саласында 27 жыл адал қызмет атқарса, анасы Тойшыбекова Алтын жұмысшы болып істеген.
Жарқынбек Жанысұлы көпбалалы отбасында өсіп, 5 ұл, 3 қыздың ортасында тұңғышы болып тәрбиеленген. 1969 жылы Ленин совхозындағы Н.Крупская атындағы орта мектептің 1-сыныбына қабылданып, мектепті 1979 жылы үздік бітірді. Әрқашан білімге деген қызығушылықпен ерекшеленген ол сол жылы Шымкент педагогикалық институтының тарих және педагогика факультетіне оқуға түсіп, 1984 жылы тарих, қоғамтану пәнінің мұғалімі және тәрбие жұмысы жөніндегі методисті мамандығын алып шықты.
Білімі мен кәсіби дайындықтың арқасында Жарқынбек Жанысұлы 1984 жылы Шымкент облысы, Киров ауданы Жданов атындағы (қазіргі Сырдария) орта мектебіне тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Өз ісіне адал әрі шебер педагог ретінде танылған ол 1991 жылы «Әл- Фараби мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін және психолог қызметін атқарды. Кәсіби өрлеуінің жаңа сатысында, 1999 жылы, Киров ауданының Жаңа Дала орта мектебінің директоры қызметіне тағайындалды. Бұл кезеңде оның басқарушылық қабілеттері шыңдалып, мектеп ұжымының білімі мен тәрбиесіне деген жауапкершілігі артты. 2019 жылдың маусым айында Қастеев жалпы орта мектебінің директоры болып тағайындалды. Ал 2020 жылы қазан айында «Н.Төреқұлов атындағы жалпы білім беретін мектебінің директоры болып тағайындалып, білім саласына қосқан үлесін жалғастырды. Бүгінде ағайымыз абыройлы зейнеткерлік жасқа, Пайғамбар жасына жетіп отыр.
Жарқынбек Жанысұлының отбасы да өз жетістіктерімен мақтана алады. Жұбайы Жақыпбаева Шара Асықата жалпы білім беретін мектебінде география пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып, зейнетке шықты. Отбасында екі қыз, бір ұл тәрбиелеп, 7 немере сүйіп отырған бақытты ата-ана. Үлкен қызы Тойшыбекова Сабира Мақтаарал ауданында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде социолог болып жұмыс істейді. Ұлы Тойшыбеков Әлібек Жетісай ауданында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде бөлім меңгерушісі, ал кіші қызы Тойшыбекова Жазира Алматы қаласында №4 ауруханада гинеколог дәрігері болып қызмет етеді.
Жарқынбек Жанысұлының өмірі мен қызметі – адал еңбектің, білім мен тәрбиенің, отбасы құндылықтарының үлгісі. Оның педагогикалық тәжірибесі мен жанұялық өмірі бүгінгі ұрпаққа өнегелі жолды көрсетіп келеді.
Жарқынбек Жанысұлы еңбек жолында кәсібилігімен, жауапкершілігімен, адамгершілік қасиеттерімен көпке үлгі бола білді. Ол кісінің ақылы, тәжірибесі мен еңбекқорлығы талай жас маманға бағыт-бағдар берді. Ұжым ішінде сыйлы, сөзі өтімді, ісіне берік азамат ретінде әрдайым құрметке ие болды.
Саналы ғұмырын ел игілігіне арнап, маңдай терімен еңбек еткен еңбегіңіз — зор құрметке лайық. Енді міне, сол еңбектің жемісін көретін, тынығып, отбасының ортасында, немере-шөбере сүйіп, денсаулық пен ұзақ ғұмыр кешетін кезеңге қадам басып отырсыз. Осы орайда, Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, әр күніңізге шаттық пен береке тілейміз. Зейнет демалысыңыз құтты болсын!
Тультаева Перуза Альмахановна,
«Н.Төреқұлов атындағы №13 ЖББМ» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
Асықата кенті, Жетісай ауданы.