
Жетісай ауданының білім саласы үшін маңызды жаңалық орын алды. Жетісай ауданының білім бөлімінің басшысы лауазымына Айгенжиева Толқын Тілекқызы тағайындалды.
Жаңа басшыны ауданның білім саласы жетекшілеріне таныстыру рәсіміне Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков және Түркістан облысының білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов қатысып, білім бөлімінің қызметкерлеріне, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілеріне ресми түрде таныстырды.
Айгенжиева Толқын Тілекқызы — Жетісай ауданында ұстаздық қызметтен еңбек жолын бастаған, білім беру саласында мол тәжірибесі бар, білікті басшы. Ол әр жылдары М.Горький атындағы мектеп-гимназияны, сондай-ақ Дінмұхаммед Қонаев атындағы IT лицейді абыроймен басқарып, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, білім сапасын арттыруға және заманауи білім беру талаптарын енгізуге елеулі үлес қосты.
Айта кетерлігі, 2025 жылы Айгенжиева Толқын Тілекқызы басқарған білім ордасы Түркістан облысы бойынша “Үздік мектеп” атанып, жоғары жетістікке қол жеткізді. Бұл — басшының кәсіби біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің айқын дәлелі.
Жетісай ауданының білім бөлімі ұжымы жаңа басшының білім саласын дамытуға тың серпін беріп, аудан мектептері мен мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдіреді.
Айгенжиева Толқын Тілекқызына жаңа қызметінде мол табыс, шығармашылық ізденіс, ұжыммен бірлесе атқаратын жемісті еңбек және шәкірт тәрбиесіндегі сәтті бастамалар тілейміз!
Жетісай ауданы білім бөлімінің баспасөз қызметі.