
Қазіргі жаһандану дәуірінде білім сапасы – елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы, еңбек нарығындағы өзгерістер, халықаралық зерттеулердің (PISA, TIMSS, PIRLS) нәтижелері білім беру жүйесіне жаңа талаптар жүктейді. Сондықтан білім сапасын арттыру – мектептің стратегиялық даму бағыты және педагогикалық ұжымның ортақ жауапкершілігі.
Білім сапасы – оқушылардың мемлекеттік стандарт талаптарына сай білім, білік, дағдыны меңгеру деңгейі ғана емес, сонымен қатар алған білімін өмірлік жағдаяттарда қолдана алу қабілеті. Сапалы білім оқушының сыни ойлауын, зерттеушілік дағдыларын, коммуникативтік құзыреттілігін, функционалдық сауаттылығын қалыптастыруды көздейді.
Бүгінгі таңда білім сапасы тек үлгерім көрсеткішімен емес, тұлғаның жан-жақты дамуы, әлеуметтік бейімделуі, кәсіби бағдарлануы арқылы бағаланады.
Білім сапасын арттырудың негізгі бағыттары:
1. Оқу процесін тиімді ұйымдастыру. Сабақ – білім сапасының негізі. Сондықтан әр сабақ мақсатқа бағытталған, оқушы белсенділігін арттыратын, заманауи әдіс-тәсілдерге негізделген болуы тиіс. Белсенді оқыту әдістері, саралап оқыту, жобалық және зерттеу жұмыстары оқушылардың пәнге қызығушылығын арттырады.
2. Мұғалімнің кәсіби дамуы. Сапалы білім – кәсіби құзыретті мұғалімнің нәтижесі. Педагогтердің біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу, коучинг пен тәлімгерлік жүйесін дамыту – білім сапасын көтерудің маңызды тетігі. Мұғалім үнемі ізденісте болып, жаңа технологияларды меңгеруі қажет.
3. Ішкі бақылау және талдау жүйесі. Мектепішілік бақылау жүйелі әрі нәтижеге бағытталған болуы керек. Диагностикалық жұмыстар, мониторинг, талдау нәтижесінде білімдегі олқылықтар анықталып, түзету шаралары ұйымдастырылады. Талдау нақты деректерге негізделуі тиіс.
4. Оқушылармен жеке жұмыс. Дарынды оқушылармен олимпиада, ғылыми жоба бағытында жұмыс жүргізу, үлгерімі төмен оқушыларға қосымша қолдау көрсету – білім сапасын арттырудың маңызды құрамдас бөлігі. Әр оқушының жеке білім траекториясын ескеру тиімді нәтиже береді.
5. Ата-анамен серіктестік. Білім сапасы мектеп пен ата-ана арасындағы ынтымақтастыққа да байланысты. Ата-аналарды оқу процесіне тарту, кері байланыс орнату, бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру – оқушы жетістігін арттырады.
6. Цифрлық технологияларды тиімді пайдалану. Білім беру платформалары, онлайн ресурстар, интерактивті құралдар оқу процесін жандандырады. Дегенмен технология – мақсат емес, құрал екенін ескеру қажет. Ол оқу сапасын арттыруға қызмет етуі тиіс.
Нәтижеге бағытталған басқару. Білім сапасын арттыру жүйелі басқаруды талап етеді. Мектеп басшылығы нақты мақсат қойып, оқу нәтижелерін тұрақты талдап, басқарушылық шешімдер қабылдауы қажет. Жоспарлау – ұйымдастыру – бақылау – талдау – түзету кезеңдері үздіксіз жүзеге асқанда ғана сапалы нәтижеге қол жеткізуге болады.
Білім сапасын арттыру – бір реттік шара емес, ұзақ мерзімді, кешенді процесс. Ол мұғалімнің кәсіби шеберлігіне, басқару тиімділігіне, оқушы мотивациясына және ата-ана қолдауына тікелей байланысты. Заманауи мектептің басты мақсаты – тек білім беріп қана қоймай, оны өмірде қолдана алатын, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу.
Сапалы білім – жарқын болашақтың кепілі. Сондықтан білім сапасын арттыру әрбір педагогтің, әрбір білім беру ұйымының стратегиялық басымдығы болуы тиіс.
Алмас ТУРГУНБАЕВ,
№10 «Қайнар» мектеп – гимназиясы» директорының
бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары,
Жетісай ауданы.