Қазақ халқының рухани болмысы мен мәдени мұрасын айқындайтын қасиетті аспаптардың бірі – домбыра. Ол ғасырлар бойы ұлттың тарихын, тағдырын, қуанышы мен қайғысын қос ішекке сыйдырып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді. Домбыра – тек музыкалық аспап қана емес, ол – тәрбие құралы, өнер мен руханияттың бастауы. Сол себептіде мен өз шәкірттеріме бұл өнерді шебер үйретуге тырысамын.
Домбыра үні арқылы бала жастан ұлттық құндылықтарға баулу жүзеге асады. Күй тыңдап өскен ұрпақтың бойында сабыр, төзім, еңбекқорлық пен елжандылық қасиеттер қалыптасады. Өйткені әр күйдің өз тарихы, тағылымы, тәрбиелік мәні бар. Құрманғазының өр рухты күйлері еркіндікке үндесе, Тәттімбеттің сырлы шығармалары адам жанын терең ойға жетелейді.
Бүгінгі таңда домбыра тәрбиесінің маңызы арта түсті. Мектептер мен өнер ошақтарында домбыра үйірмелерінің ашылуы, Ұлттық домбыра күні сияқты игі бастамалар – соның айқын дәлелі. Бұл тек өнерді дамыту емес, ұлттық сананы жаңғырту жолындағы маңызды қадам.
Домбыра тарту арқылы жас ұрпақ сахна мәдениетін меңгеріп қана қоймай, өзіне деген сенімділікті арттырады, эстетикалық талғамы қалыптасады. Сонымен қатар, ата-баба аманатына деген құрмет сезімі оянады. Домбыра – сөзсіз тәрбие мектебі.
Қорыта айтқанда, домбыра – ұлттың жаны, тәрбиенің өзегі, өнердің бастауы. Оны қастерлеу, үйрену және кейінгі буынға жеткізу – әрбір қазақ баласының қасиетті парызы. Домбыраның күмбірі өшпей, қазақ рухы асқақтай бермек.
Ниязхан Перизат Асқарқызы,
Ә.Жангелдин атындағы №27 ЖББМ КММ-нің кәсіптік бағдар беру маманы.
Жетісай ауданы.