
Спорт – ерлік пен еңбек, төзім мен табандылықтың шыңы. Осындай қасиеттерді бойына сіңірген жас чемпион, №39 «Асықата» жалпы орта мектебінің 7 «В» сынып оқушысы Айтбай Дарынбек бүгінде қос бірдей елдің абыройын асқақтатып жүр.

Жақында «Қарабатыр» бокс клубының ұйымдастыруымен өткен республикалық чемпионатта Дарынбек 54 келі салмақ дәрежесінде І орын иеленіп, алтын медаль тақса, арада көп өтпей Өзбекстан Республикасының Сырдария облысы, Янгиёр қаласында өткен халықаралық ашық турнирде 56 келі салмақта ІІ орын алып, ел намысын лайықты қорғады.
Бұл жеңістер – жас спортшының тынымсыз еңбегінің, жаттықтырушыларының жанкешті еңбегі мен қолдаушыларының сенімінің нәтижесі.
Дарынбектің табысы – ауыл спортының дамып келе жатқанын дәлелдейтін айқын мысал.
– «Жаттығу мен табандылық ешқашан жеміссіз қалмайды. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруға тырысамыз», – дейді жас чемпион.
Аталған халықаралық жарыс «Оқытушылар мен тәрбиешілер күніне» орай ұйымдастырылған ерекше турнир болды. Бұл додада Дарынбек ел намысын абыроймен қорғап, Асықата мектебінің мерейін үстем етті.
Бүгінгі жеңіс – ертеңгі үлкен жетістіктердің бастауы.
Біз жас спортшыға жаңа жеңістер мен сәттілік тілейміз!
Жеңістерің баянды болсын, Дарынбек!
Сатыбалды ЖҮНІСБЕКОВ,
Асықата кенті.