

«Қ.Сәтбаев атындағы №48 жалпы білім беретін мектеп» КММ оқушылары, Ж.Ералиев ауыл округіндегі «№51 «Дәуір» жалпы білім беретін мектебінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстан Республикасынан шығарылғанына 37 жыл толуына орай Ж.Ералиев және Абай ауыл округтері мектептерінің «Жас шекарашы» әскери патриоттық клуб мүшелері арасында ұйымдастырылған «Ерлік — елге мұра, ұрпаққа үлгі» атты іс-шараға қатысып қайтты.
Іс-шараның мақсаты — жастарды патриоттыққа тәрбиелеу, ардагерлердің ерлігін дәріптей отырып, ерлік пен елге қызмет етудің маңызын насихаттау және әскери дәстүрді жалғастыру болды.
Іс-шараға Ж.Ералиев және Абай ауыл округтерінде тұратын ауған соғысы ардагерлері – Н.Боханов, Н.Ешниязов, Б.Курбанов, Е.Жубатовтар қадірлі қонақтар ретінде шақырылды.
Ардагерлер жастарға ақыл-кеңестерін бере отырып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, ыстық ықыластары мен жылы лебіздерін білдірді.
Осы патриоттық іс-шараға «Жас шекарашылар» әскери-патриоттық клубының ту ұстаушылары Бекенов Бейбарыс, Қозыбай Наурызбай, Нашуран Бақдәулет, Омениддин Рамазан және мүшелері Курмаш Гүлшара, Қошқар Айжан, Тастан Айару, Худайберген Нұрай, Шора Балнұрлар қатысты.
Оқушылар: АК-74 оқу қаруын жартылай бөлшектеу және жинақтау; пневматикалық қарудан дәлдікке ату; арқада жатып денені көтеру; белтемірден тартылу; арқан тарту секілді әскери-спорттық сайыстарға қатысып, жақсы нәтижеге қол жеткізіп, марапатталды.
Осындай іс-шаралар жастардың бойына елжандылық рухты қалыптастырып, азаматтық жауапкершілігін арттыруға зор ықпал етері сөзсіз. Өткізілген іс-шарадан оқушылар жақсы әсерде, көтеріңкі көңіл-күймен шабыттанып қайтты.
ЕРЛАН МУСАЕВ,
Қ.Сәтбаев атындағы №48 ЖББМ «Жас шекарашылар» ӘП клубының жетекшісі,
АӘТД оқытушы ұйымдастырушысы.
Жетісай ауданы.