Skip to content

ІЗГІЛІК ПЕН ІЛТИПАТ ҮНДЕСКЕН ИГІ ШАРА

Жетісай ауданының Қарақай ауылдық округіндегі М.Маметова атындағы №33 жалпы білім беретін мектеп ұжымы тағы да ел ықыласына бөленер ізгілікті істі жүзеге асырды. Мектеп директоры, өз ісінің майталманы Есімханов Алдаберген ағайдың бастамасымен оқу ордасында үш бірдей жаңа пән кабинеті пайдалануға берілді.

Бұл жолы қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті ішкі істер ардагері Сейтбеков Тұрсынбайдың, ал тағы екі кабинет – ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиесіне еңбегін сіңірген зейнеткер ұстаздар Иманбердиева Шара апай мен Сыдықова Айткүл апайдың есімдерімен аталды. Бұл — ұстаз еңбегін ұлықтаудың, ұрпаққа өнеге боларлық парасатты дәстүрдің айқын көрінісі.

Мектеп ұжымы соңғы жылдары ауыл өміріндегі рухани жаңғырудың көшбасшысына айналып келеді. Бұған дейін мектеп ауласында соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіш бой көтеріп, коворкинг кабинеті мен кітап оқу бұрышы ашылған болатын. Өткен оқу жылында бірнеше азаматтың есімдері пән кабинеттеріне беріліп, биылғы жылы да Сапар Жаштаев атындағы кабинет ашылуымен білім ордасы ізгілікті істерін жалғастырды.

Бүгінгі салтанатты жиынға ауданның білім саласының ардагерлері мен әріптес мектептердің басшылары қатысты. Олардың қатарында кәсіподақ ұйымының бұрынғы басшысы П.Бақтияров, білім бөлімінен әдістемелік кабинет меңгерушісінің орынбасары А.Елемесов, кәсіптік бағдар беру әдіскері Ғ.Әбілқайыров, сондай-ақ әдістемелік кабинет басшысы болған А.Мединаев, білім саласының ардагер басшылары Бердіқұлов Жұмағали мен Асқар Асанов, Мақтарал ауданынан арнайы келген Ағментаева Айгүл апай, Нұртас Оңдасынов атындағы мектептің директоры Шаулиева Сапаргүл апай, Ж.Сәуірбаев атындағы мектептің директоры Гүлбахар Болотова, №53 Ю.Гагарин мектебі директоры Ақмарал Жанаева, Сарыарқа жалпы білім беретін мектеп басшысы Жеңіс Момынов, Асықата мектебінің директоры Бектұрсын Шойбеков, Қараөзек мектебінің директоры Қарабалаев Халил, сондай-ақ Әлия Молдағұлова атындағы мектептің директоры Тұңғат Татибаев болды.

Қонақтар өз сөздерінде ұжым еңбегін жоғары бағалап, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеген жүрекжарды тілектерін жеткізді. Әсіресе, Шаулиева Сапаргүл апайдың Қарақай ауылына деген ыстық ықыласы мен алғысы көпшіліктің көңілін толқытты. Ол өз сөзінде ауыл тұрғындарының ұйымшылдығын, мектеп ұжымының іскерлігін ерекше атап өтіп: «Қарақай – ынтымағы жарасқан, руханияты мен тәрбиесі қатар дамыған берекелі ауыл» деп пікір білдірді.

Мектеп оқушыларының орындауындағы хор өнері мен көркем сөз шеберлігі шараның шырайын кіргізді.

Осылайша, М.Маметова атындағы мектеп ұжымы тағы да ізгілік пен білімді тоғыстырған өнегелі істің ұйытқысы бола білді. Бұл – өткенге тағзым, бүгінге алғыс, болашаққа сенім ұялатқан шынайы ұстаздық ұлағаттың көрінісі.

Әбілхайыров Ғалымжан Ильичбайұлы,

кәсіптік бағдар беру педагогының әдіскері,

Жетісай аудандық білім бөлімінің баспасөз хатшысы.

🔥 Таңдаулы жаңалықтар

Республикалық «Абай оқуларында» жеңімпаз атанды
ЖҮРЕКТЕГІ НҰР ЖӘНЕ ДАНАЛЫҚТЫҢ БАСТАУЫ
Республика күні құтты болсын!
АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕУ ДАҒДЫЛАРЫН ДАМЫТУ
ҰСТАЗ ӘКЕМ – ӨМІРДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ӨНЕГЕМ