
Еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы даму белестерінде конституциялық реформалардың алар орны айрықша. Бұл – уақыт сұранысынан туған, қоғам үнімен үндескен, мемлекеттілігімізді жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған тарихи қадам.
Конституция – мемлекеттің негізгі заңы ғана емес, халықтың ар-намысы мен сенімінің айнасы. Ол – әділет пен тұрақтылықтың тұғыры, азаматтық құқықтар мен бостандықтардың кепілі. Негізгі заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, билік тармақтарының тепе-теңдігін нығайтып, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді арттыруға бағытталды. Заң үстемдігі мен әділдік қағидаты – Жаңа Қазақстанның басты бағдары.
Қай кезеңде де білім беру саласы – ұлт болашағын айқындайтын стратегиялық сала. Себебі ертең ел тізгінін ұстайтын жас ұрпақ бүгінгі мектеп қабырғасында қалыптасады. Конституциялық реформалар жас буынның құқықтық мәдениетін арттырып, азаматтық жауапкершілігін тереңдетуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Заңды құрметтеу – өркениетті қоғамның өлшемі, ал құқықтық сауаттылық – кемел келешектің кепілі.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан бұл өзгерістер халықтың шешім қабылдау үдерісіне қатысу аясын кеңейтіп, ашықтық пен жариялылық қағидаттарын нығайтты. Әділетті Қазақстан құру жолында әр азаматтың үні естілетін, пікірі ескерілетін қоғам қалыптасуда. Бұл – демократиялық жаңғырудың айқын көрінісі.
Біз, білім ордасының ұстаздары, заң мен тәртіп қағидаттарын берік ұстануды, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, адалдыққа, парасаттылыққа тәрбиелеуді қасиетті борышымыз деп санаймыз. Конституциялық реформалар – тек саяси жаңару емес, бұл – қоғамдық сананың серпілісі, жауапкершіліктің артуы, болашаққа деген сенімнің нығаюы.
Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік, іргесі берік болғай!
Заң үстемдік құрған, әділет салтанат құрған қоғамда ұрпағымыздың жарқын болашаққа нық қадам басарына сенім мол!
Тультаева Перуза Альмахановна,
«Н.Төреқұлов атындағы №13 ЖББМ» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
Жетісай ауданы.