Skip to content

МҰҚАҒАЛИ – МӘҢГІЛІК ҒҰМЫР

«№44 «Жаңа дала» жалпы білім беретін мектебінде қазақ поэзиясының ақиығы, ХХ ғасырдағы ең көрнекті лириктердің бірі Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты әдеби-танымдық кеш өтті. Шараның басты мақсаты – оқушыларға ақынның өмірі мен шығармашылық мұрасын таныту, өлеңдері арқылы адамгершілік, отансүйгіштік, тілге, туған жерге деген құрмет сезімдерін қалыптастыру.

Әдеби кеш мемлекеттік Әнұранмен ашылып, ортақ шараның мақсаты мен мазмұны таныстырылды. Жүргізуші Мұқағали Мақатаевтың өмірбаянына қысқаша шолу жасап, ақынның қазақ поэзиясындағы орны, оның өлеңдерінің ұлт руханиятына қосқан үлесі туралы мазмұнды мәліметтер берді.

Шара барысында оқушылар Мұқағали өлеңдерін мәнерлеп оқып, поэзияның көркем қуатын көрерменге жеткізе білді. «Үш бақытым «Фариза, Фариза, жан Фариза қыз», «Есіңе мені алғайсың», «Соғады жүрек» сынды лирикалық және отаншылдық өлеңдер оқылып, әр шумақтың астарлы мағынасы, ақынның көңіл-күйі, өмірге көзқарасы талқыланды.Мәнерлеп оқу шеберлігімен танылған оқушылар поэзияға деген сүйіспеншілігін ғана емес, сөз өнерін терең түсінетінін де көрсетті. Көрермендер әсерлі оқуларына ыстық ықыласпен қол соғып, қолдау білдірді.

Кеште ақын өлеңдеріне жазылған әндер де ерекше орын алды. Оқушылар мен музыка пәні мұғалімдері «Есіңе мені алғайсың», «Сарыжайлау», «Сөнбейді, әже, шырағың» сияқты әндерді нақышына келтіре орындап, шараның көркемдік деңгейін арттырды.Мұқағалидың өмір жолынан алынған көркем композиция сахналанып, ақынның бала шағы, азамат ретінде қалыптасуы, шығармашылық әлемі көрерменнің көз алдына елестетілді. Шағын сахналық көріністер арқылы оқушылар ақын тұлғасын тереңірек тануға мүмкіндік алды.

Шараның танымдық бөлігінде оқушылар дайындаған презентациялар мен шағын зерттеулер жұмыстары тыңдалды. Онда:

             Мұқағали поэзиясындағы ана бейнесі,

  • Туған жер мен табиғат тақырыбы,
  • Отан, ел, ұлт тағдырына арналған өлеңдерінің идеялық-эстетикалық маңызы,
  • Ақын шығармаларының бүгінгі жастарға әсері сияқты мәселелер жан-жақты қарастырылды.тМұғалімдер мен оқушылар арасында пікір алмасу ұйымдастырылып, «Неліктен Мұқағали поэзиясы – мәңгілік?», «Бүгінгі жас Мұқағали өлеңдерінен нені үйрену керек?» деген сұрақтарға жауап іздеді.

Кеш аясында «Мұғалиға арнау» тақырыбындағы шығармашылық жұмыстар – эссе, өлең, суреттер, қабырға газеттері, буклеттер көрмесі ұйымдастырылды. Оқушылар ақынға деген сүйіспеншілігін өз ой-толғаныстары, сурет және сөз арқылы шынайы жеткізе білді. Көрме қауымға ақынның қазіргі ұрпаққа тигізген шығармашылығын, оның жырларының оқушы жүрегінен алатын орнын анықтады.

«Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты әдеби кеш өз мақсатына жетті деуге негіз бар. Шараға оқушылар ақын өмірі мен шығармашылығы туралы білімдерін тереңдетіп қана қоймай, поэзияны түсіну, сезіну, құрмет мәдениетін қалыптастырды. Мұқағали Мақатаевтың:– «Поэзия менімен бірге мәңгі жасайды», – деген сөзі кештің басты өзегіне айналды. Уақыт өтсе де, ақын жырларының құндылығы төмендемей, қайта әр ұрпақпен жаңаша үндесіп, жүректерге жол тауып келеді. Осыған байланысты, Мұқағали поэзиясы – шын мәнінде мәңгілік ғұмыр.

К.КАРМАНОВА,

№44 «Жаңа дала» ЖББМ кітапхана меңгерушісі.

Жетісай ауданы.

🔥 Таңдаулы жаңалықтар

Республикалық «Абай оқуларында» жеңімпаз атанды
ЖҮРЕКТЕГІ НҰР ЖӘНЕ ДАНАЛЫҚТЫҢ БАСТАУЫ
Республика күні құтты болсын!
АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕУ ДАҒДЫЛАРЫН ДАМЫТУ
ҰСТАЗ ӘКЕМ – ӨМІРДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ӨНЕГЕМ