
Бүгінгі білім беру жүйесінің басты мақсаты – жас ұрпақты тек білімді ғана емес, сонымен бірге адамгершілігі жоғары, елжанды, адал азамат етіп тәрбиелеу. Құндылыққа негізделген білім беруде әдебиетті оқытудың орны ерекше. Әдебиет – жас буынға рухани нәр беретін, олардың бойына ұлттық сана мен мәдениетті дарытатын басты пән. Ал мұражай – осы рухани құндылықтарды көзбен көріп, жүрекпен сезінуге мүмкіндік беретін ерекше орта.
Әдеби сабақтарды мұражай кеңістігінде өткізу – білім мен тәрбиенің тоғысуының жарқын үлгісі. Мен бүін сіздерге өз тәжірбиемнен Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби-мемориалдық мұражайының жұмыс барысы мен қазақ әдебиетін оқытудағы орны мен маңыздылығы туралы айтып өткім келеді. Мұражай материалдарын көрнекі құрал ретінде пайдалану арқылы оқушылардың әдеби-мәдени сауаттылығын арттыру, патриоттық тәрбие беру жолдарын ұсына отырып, мұражайдың білім беру процесіндегі мүмкіндіктері мен оңтайлы әдістерін қолдану жолдарын саралайтын боламын.
Құрылу тарихы мен маңызы
2009 жылы мектептің жаңа оқу ғимараты пайдалануға берілген соң, білім сарайының бір бөлмесінен мұражай ашу қолға алынды. Қарасаз сапары негізінде құрылған ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін мұражай қазіргі таңда мектебіміздің басты мақтаныш бұрышы, келген қонақтарды ең алдымен таныстыратын орын. Мұнда ақын шығармашылығын негізінде жабдықталған экспозиция мен қатар ақынның отбасылық және қанаттас інілерімен түскен суреттері, ақын шығармашылығы негізінде дүниеге келген туындылар, оқушылардың түрлі сайыстағы жетістік, марапаттары қойылған. Бұл деректер оқушыларға тек ақпарат беріп қана қоймай, ұлттық болмыс пен әдеби танымдарын тереңдетуіне үлкен септігін тигізуде.
Мұражай материалдарын оқу үдерісінде пайдалану
Мектеп бағдарламасында «Мұқағали поэзиясы» тақырыбына арналған сабақтарда мұражай материалдарын тиімді пайдалану – білім алушылардың қызығушылығын арттырып, көркем мәтінді қабылдауын жеңілдетеді. Мысалы ақынның жеке күнделіктерін талқылау барысы немесе тұтынған заттарын көрсету арқылы, жыр жолдарының жазылу тарихымен танысу, ақын туралы естеліктер тыңдау арқылы шығармаларына эмоциялық жақындау қалыптасады.
Мұражай және тәрбие жұмысының ұштасуы
Мұражай тек білім берудің емес, тәрбие берудің де тиімді құралы болып табылады. Экскурсия барысында оқушылар ел мен жер тарихына, ұлттық мәдениетке құрметпен қарауды үйренеді. Мұқағалидай тұлғаның өмір жолын мысалға ала отырып, өмірлік құндылықтар жүйесі қалыптасады. Мұражайға қойылған әрбір экспонатқа ұқыптылықпен қарап, жауапкершілік деңгейлері арта түсері анық. Жылда өткізілетін семинарлар барысында оқушыларымыз көпшілік алдына шығып, өлең оқып, рөлдер сомдап сахна мәдениетін қалытастырудың өзі бір жетістік деп білеміз.
Ғылыми маңыздылығы мен жаңашылдығы
Аталмыш мұражай – қазіргі заманғы білім беру мен тәрбие ісінің гуманитарлық бағытын нығайтудың тиімді жолы болып табылады. Өз пәніне жауапкершілікпен қарап мамандығын шексіз сүйген мұғалім кәсіби маман болып қалыптасады. Баяндамада ұсынылған тәсілдер мен әдістер жалпы білім берудің мазмұнын байыта отырып, келесі ғылыми-әдістемелік мәселелерге бастау болатынына тоқталып өтейін:
- Әдеби-мәдени мұра арқылы тұлғалық даму: Мұражай экспозициялары мен деректерін әдебиет сабақтарында пайдалану – оқушыны рухани тұрғыдан дамыту, көркемдік талғамын қалыптастыру және ұлттық сана-сезімін ояту бағытында «адал азамат» қалыптастыруда ықпалы зор.
- Интеграциялық оқыту әдістерін жүзеге асыру: Әдебиет, тарих, өнер пәндерін байланыстыра оқытуға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл оқушылардың жан-жақты дамуына, пәнаралық байланысты игеруіне негіз болады, болашақ өз кәсібін адаспай табуына мүмкіндіктер туады.
- Мұражай педагогикасының отандық білім беру жүйесіндегі орны: Қазақстандағы мұражай педагогикасы бағытындағы ғылыми-тәжірбиелік зерттеулер әлі де даму үстінде. Осы бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі ретінде қарастырылып, мұражай материалдарын нақты әдістемелік құрал ретінде ұсыну арқылы ғылыми жаңалық алып келеді, жаңашылдыққа жол ашады.
*Экспозициялық жұмыс бағыттары. Экспозициялық жұмыс – мұражайдың негізгі қызметінің бірі ретінде танымдық, тәрбиелік және мәдени маңызға ие.
| Бағыт түрі | Мазмұны мен мақсаты |
| Тақырыптық экспозициялар жасау | Ақынның өмір жолы мен достары, шығармашылық кезеңдері мен шарықтауын көрме арқылы көрсету: табиғат, махаббат, ел тағдыры туралы жырларын бейнелі стенттер, бүктемелер арқылы жасақтау. |
| Уақытша көрмелер ұйымдастыру | Мерейтойлық күндер мен әдеби кештерге байланысты көрмелер; жергілікті ақындар, жас ақындар мен оқушылар шығармашылығын таныту. |
| Интерактивті көрме бұрыштары | QR-код арқылы өлең тыңдау, деректі фильмдер көру, ақын жайлы мультимедиялық материалдар дайындау. Жасанды интеллект мүмкіншіліктерін пайдалану. |
| Экспонатты жаңарту және толықтыру | Музейді жаңа материалдармен толықтырып отыру, көрмені заманауи тәсілдермен жаңғырту. |
| Тәрбие және ағартушылық көрмелер | Мектеп оқушыларының шығармашылық жұмыстарынан бұрыш жасау, поэзияляқ иллюстрация, сурет байқауы материалдарымен толықтыру. |
*Ғылыми-зерттеу жұмыс бағыттары.Мұражайдың ғылыми-зерттеу жұмыстары – Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы мен өмір жолын терең зерттеуге, ақын туралы тың деректер мен ақпараттар жинауға, сақтау мен насихаттауға бағытталған маңызды жұмыс саласы.
| Бағыт түрі | Мазмұны мен мақсаты |
| Архивтік және деректік ізденістер | Ақын өміріне қатысты құжаттарды, фотосуреттерді, хаттарды іздеу және жинақтау. |
| Әдеби шығармаларды жүйелеу | Ақын шығармаларын тақырыптық, жанрлық тұрғыда зерттеу, жинақтарға талдау жасау. |
| Жергілікті тұрындармен сұхбат жүргізу | Ақынның көзін көрген кісілермен, замандастарымен, туыстарымен сұхбаттасу арқылы дереккөздер қалыптастыру. |
| Оқушылармен ғылыми жобалар жүргізу | Мұқағали шығармашылығына арналған ғылыми жобалар мен зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру. |
| Жинақ, мақалдалар дайындау | Зерттеу нәтижелерін ғылыми мақалалар, жинақтар, әдістемелік құрал ретінде жарыққа шығару |
*Тәрбие жұмыстары бағыттары. Мұражайдың тәрбие саласы бойынша жұмыстарының бағыты – жас ұрпаққа М.Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы адамгершілік, отансүйгіштік, рухани-мәдени құндылықтарды насихаттау бағытында жүзеге асады.
| Тәрбие бағыты | Мазмұны мен іс-шаралар |
| Отансүйгіштікке тәрбиелеу | Мұқағали поэзиясындағы елге, жерге деген сүйіспеншілікті оқушылар бойына сіңіру мақсатында ашық сабақтар, көрмелер |
| Рухани-адамгершілік тәрбие | Ақынның өмір жолындағы қарапайымдылық, әділдік, адалдық секілді қасиеттерін насихаттау |
| Эстетикалық тәрбие | Өлең оқу байқаулары, мәнерлеп оқу сайыстары, поэзия кештері арқылы көркем сөз өнеріне баулу |
| Еңбекке баулу | Мұражай жұмыстарын ұйымдастыруға, тазалық жұмыстарын оқушылармен бірге атқаруға оқушыларды баулу, тарту, экспозицияны жабдықтау жұмыстарына қатыстыру. |
| Шығармашылық қабілетті дамыту | Ақынға арнау, эссе өлең жазу, сурет салу байқаулары мен шығармашылық үйірмелер ұйымдастыру. |
Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби-мемориалдық мұражай – ұлттық әдебиетті оқытуда таптырмас тәрбие мен таным орталығы. Мұражай – өткен мен бүгіннің алтын көпірі. Мұражайдағы әдеби сабақ – сол көпірдің бойымен оқушыны тұлға биігіне жетелейтін рухани сапар. Мұқағали ақын туралы айтылар сөз, тарқатар сыр, өрбітер әңгіме ешқашан сарқылмайды. Ия, оның өлеңдерінде қаншама мол құндылық, қаншама биік ұлылық, қаншама терең сұлулық бар десеңізші! Осы құндылықтарды оқушы бойына дарыту сіз бен біздің негізгі міндетіміз болып табылады. Жақсы істің жаршысы бола берейік, құрметті де ұлағатты ұстаздар қауымы!
Айгүл ЕРҒАНАТОВА,
М.Мақатаев атындағы №47 ЖББМ
қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі.