Бастауыш білім беру — оқушы тұлғасының қалыптасуындағы ең маңызды кезең. Осы сатыда баланың танымдық қызығушылығы, мінез-құлқы, қарым-қатынас мәдениеті мен өз бетімен жұмыс істеу дағдылары қалыптасады. Сондықтан бастауыш сынып мұғалімінің басты міндеті — әр сабақта оқушының жеке қабілетін ашуға, өз бетінше ойлануға және білім алуға деген ынтасын арттыруға бағытталған тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану.
Осы себептерге байланысты бүгінгі таңда бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне сай сабақ жүргізу — мұғалімнен жоғары шеберлікті талап етеді. Бұл жастағы балалар тез жалығады, назарын ұзақ шоғырландыра алмайды. Сондықтан сабақ үнемі белсенді әрекетке, ойын мен қозғалысқа негізделген болуы тиіс. Дұрыс таңдалған әдіс сабақтың тиімділігін арттырып қана қоймай, оқушының оқу еңбегіне деген сүйіспеншілігін де қалыптастырады.
Осындай ерекшеліктерді ескере отырып, бастауыш сыныптарда төмендегі әдістерді қолданудың пайдалы тұстары көбірек болады:
- Түсіндіру және әңгімелеу әдісі. Бұл әдіс жаңа тақырыпты түсіндіру, мысал келтіру, оқиға немесе кейіпкер арқылы мазмұнды жеткізуге арналған. Әңгімелеу барысында мұғалімнің дауыс ырғағы, мимикасы мен интонациясы ерекше рөл атқарады.
- Көрнекілік әдісі. Бастауыш сынып оқушыларының есте сақтау қабілеті көбіне көрнекілікке сүйенеді. Сондықтан түрлі суреттер, сызбалар, бейнежазбалар, интерактивті тақта, флипчарт сияқты құралдар кеңінен қолданылады.
- Ойын әдісі. «Ойын арқылы оқыту» — бастауыш мектептегі ең тиімді тәсілдердің бірі. Мысалы, математика сабағында «Сандық лото», қазақ тілі сабағында «Сөз таптарын тап», дүниетану сабағында «Кім жылдам?» сияқты ойындар балалардың қызығушылығын арттырады.
- Практикалық әдіс. Бұл әдіс оқушыны әрекет арқылы үйретуді көздейді. Қолданбалы жұмыстар, тәжірибелер, сурет салу, макет жасау сияқты тапсырмалар арқылы оқушы білімін өмірмен байланыстырады.
- Сұрақ-жауап әдісі. Мұғалімнің дұрыс қойылған сұрақтары оқушының ойлауын белсендіреді. Мысалы: «Неліктен?», «Қалай ойлайсың?», «Егер сенің орныңда болса…?» деген сұрақтар оқушыны өз ойын айтуға үйретеді.
- Топтық және жұптық жұмыс. Оқушылардың ынтымақтастықта жұмыс істеу дағдыларын дамыту үшін топтық форматта тапсырма орындау өте тиімді. Бұл әдіс қарым-қатынас мәдениетін, пікір алмасуды және жауапкершілікті арттырады.
Бұл әдістерден бөлек заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін де тиімді қолдануымыз қажет. Сол үшінде қазіргі білім беру жүйесінде дәстүрлі әдістермен қатар инновациялық технологиялар да кеңінен қолданылады. Солардың қатарында:
- АКТ (ақпараттық-коммуникациялық технологиялар) – интерактивті тақталар, онлайн тапсырмалар мен бейне сабақтар арқылы оқыту;
- Сын тұрғысынан ойлау технологиясы – оқушының өз ойын дәлелдеуге, талдауға және салыстыруға үйрету;
- Жобалық әдіс – оқушылардың зерттеу қабілетін дамытатын шағын жоба жұмыстары;
- «Флиппед класс» (аударылған сабақ) әдісі – оқушылардың сабаққа алдын ала дайындалып келуін, ал сыныпта талқылау арқылы білімін бекітуді көздейді.
Сонымен қатар мұғалімнің шығармашылығы мен тұлғалық рөлі де зор маңызға ие екенін естен шығармауымыз қажет. Бүгінгі таңда бастауыш сынып мұғалімі тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар тәрбиеші, бағыт беруші және шабыттандырушы тұлға болуы тиіс. Әр сабақта мұғалім оқушының ішкі мүмкіндігін байқап, оны жетілдіруге жағдай жасауы қажет. Ол шығармашылықпен ұйымдастырылған сабақтардың — баланың танымдық белсенділігін арттырудың негізгі жолы екенін естен шығармауы қажет. .
Қорыта айтар болсақ, бүгінгі таңда бастауыш сыныптарда сабақ беру әдістерін дұрыс таңдау — оқу-тәрбие процесінің нәтижелілігіне тікелей әсер етеді. Мұғалім дәстүрлі және заманауи тәсілдерді ұтымды үйлестіре отырып, оқушылардың білімін, дағдысын, адамгершілік қасиеттерін қалыптастырады. Ең бастысы мұғалім әр баланың оқу үрдісінен қуаныш табуына мүмкіндік беруі қажет.
Базаркул БАУБЕКОВА,
«Достық» атындағы №65 ЖББМ бастауыш пәні сыныбының мұғалімі.
Мақталы ауылдық округі, Жетісай ауданы.