
Отбасылық дәстүрлер өзіндік мағынаға ие, бірақ олар белгілі бір қалыптасқан үлгі формасында көрсетілмейді. Отбасылық дәстүрлер не істеуге болады және не істеуге болмайтынын ғана көрсете алады, бірақ қандай болу керектігін нұсқап көрсетпейді. Отбасылық дәстүрдің негізі-дәстүрлі қылықтардың мәнін анықтайтын отбасы құндылығы.
Балаларды жеке тұлға ретінде дамытудың басты шарты – оны жақсы көретін отбасының болуы. Жақсы көретін отбасы деп бұл балалармен үйлесімді және қарым-қатынас барысында өзара түсіністікке қол жеткізетін отбасыларды айтамыз. Мұндай отбасыларда балалармен қарым-қатынас жасау-үлкен қуаныш болып саналып, мұнда оң және жақсылыққа негізделген эмоционалды мәдениет басымдылық танытады. Отбасындағы саналы махаббат баланы қабылдаумен, оған деген оң эмоционалды қарым-қатынаспен сипатталып, саналы талаптар және біріккен іс- әрекеттің кооперациясымен анықталмақ. Ата-ананың балаға қатыстының барлығына, мейлі ол маңызды емес мәселелер болсын, қызығушылығының шынайы болуы, бала өмірінде не болып жатқандығын біліп отырудан ата-ананың балаға деген махаббаты көрінеді. Махаббаттың негізінде баланың адамгершілік мәдениетін тәрбиелеуге болады: тек махаббат қана жақсы көруді үйрете біледі. Алайда, қазіргі таңда ата-аналардың басым бөлігінен тәрбиелеу және баланы дамытуға қатысты жауапкершіліктен шеттелу үрдісі көптеп байқалуда. Оған дәлел ата-аналардың баланың даму кезеңдерінде жас шамасы мен жеке дара ерекшеліктері жайлы білімдерінің жеткіліксіздігін, кейде соқыр түйсікке сүйеніп тәрбиелеу үдерісін жүргізуін айта аламыз. Мұндай жағдайда бала жеке тұлға ретінде дами алмайды. Себебі баланың жас ерекшелігіне сай оның мінез-құлқы да өзгеріп отырады. Ал мұндай жағдайда бірсарынды тәрбие өз жемісін бермейді, тіпті баланың тұлғалық тұрғыдан тоқырауына әкеледі. Осы орайда дана халқымыздың «Баланы үш жасқа дейін патшаңдай сыйла, он беске дейін құлыңдай жұмса, он бестен асқанда досыңдай сырлас» деген тәмсілі әлі күнге дейін өз құндылығын жоймағаны анық. Шындығында да, отбасы тәрбиесінде қай халық болмасан өзінің ұлттық педагогикасына негізге алғанда ғана белгілі бір жетістікке жете алады. Өйткені халықтық педагогика сан ғасырлар бойы халық тәжірибесінен өткен, өзінің тиімділігін дәлелдеген педагогика болып саналады. Сондықтан біз де болашақ әлеуметтік педагог ретінде өз тәжірибемізге халықтық педагогиканы енгізіп, соның озық үлгілерін жаңа тәрбиелеу құралдарымен ұштастыра пайдаланғанымыз жөн болады.
Бала тәрбиесінде ата-ананың бала мүддесі жолындағы іс-әрекеті келесі жағдайларда: егер олар педагогтермен серіктес болғанда, баланы жақсы біліп, оны түрлі жағдайларда жақсы көруіне және ересектерге олардың жеке ерекшеліктерін түсінуіне, олардың қабілеттерін дамытуына, құндылықты өмірлік бағдар ретінде қалыптастыруына мүмкіндік берген кезде ғана табысты болмақ.
Адам тәрбиелеу, өзінің туған ұлы мен қызын тәрбиелеу-адамзаттың ең бірінші аса маңызды қоғамдқ қызметі, оның азаматтық борышы деп айтуға болады. Адамның тәрбиесі отбасынан басталады. Ата-ана, сол отбасындағы басқа да мүшелері бала тәрбиесіне ерекше мән береді. Әрине, барлық ата-ана өз баласының ақылды, мықты, бақытты болғанын қалайды. Тәрбие баламен сөйлесумен, әңгімелесумен, оған ақыл-кеңес берумен шектелмейді. Тәрбие-тұрмысты дұрыс ұйымдастыра білуде, балаға әркімнің өз жеке басы арқылы үлгі-өнеге көрсетуінде. Баланы жас кезінен бастап сыйла, қадір-қасиетін, ар-намысын бағалап, дұрыс сөйлеп, дұрыс қарым-қатынас жасаған абзал. Ата-ана отбасындағы үлкендерді сыйлап, құрметтесе, кішілерге қамқор болса, бала да сондай болуға ұмтылады. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасы тәрбиесінде әкенің де, ананың да орны бөлек. Әкесі ұлдарына өзінің бар өнерін, естіп-білген білімдерін үйретуге тырысады. Ер балалардың тәрбиесіне аталары да өз үлесін қосып, оларды батылдыққа, бауырмалдылыққа, қарапайымдылыққа үйретеді. Қыздарын әже-аналары өнегелі сөздерімен аялап, жылы сөйлеу арқылы ұстамды, мейірімді болуға, имандылыққа тәрбиелеп өсіреді. Әдепсіз сөз, дөрекі айқай-тәрбиедегі жаман әдіс. Бала оған үйреніп кетеді немесе соған орай дөрекі жауап береді. Егер өзің баланы сыйламай тұрып, одан өзіңе ілтипат, құрмет көрсетуін талап етудің өзі артық.
Ата-аналардың оқу-тәрбие үдерісінде біліктілігінің жоқтығынан отбасында көптеген келеңсіз жағдайлар орын алады. Отбасындағы тәрбиенің дұрыс ұйымдастырылмауы, яғни тұрмыстағы ұрыс-жанжал, маскүнемділік, төбелес, кейбір ата-аналар өз перзенттерінің тәртіпсіздігіне, бейбастықтарына мән бермей, «есейген соң ақылы кірер» немесе «өзі-ақ қойып кетеді»-деп ата-аналардың біркелкі талап қоймаушылығы себеп болады. Бірі талап қойса, екіншісі кеңшілік береді, баланы қорғайды. Баланың бойындағы анатомиялық, физиологиялық және психологиялық ерекшеліктерді ескермей, білімнің жоқтығынан өз ұл-қызымен ата-аналардың тіл табыса алмауынан жанұядағы ұрыс-жанжал баланың жүйкесінің бұзылуына әсер етеді. Көптеген отбасында қазір бала тәрбиелеу күннен-күнге қиындап бара жатыр деген пікір бар.
Өмірдің өзі балаларды тәрбиелеу ісіне ата-ана мен ұстаздың жұмыла ынтымақтастық іс-қимылы нәтижелі табысқа жететінін дәлелдейді.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
- «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» журналы №1 2018 ж.
- «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» журналы №4-5 2020 ж.
- «Білім шыңы-ғылым сыры» журналы №2 (40) ақпан 2019 ж.
- «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» журналы №6 2020 ж.
- «Білім шыңы-ғылым сыры» журналы №10 (48) қазан 2019 ж.
Жаканов Берік Серікұлы,
«№7 жалпы білім беретін мектеп» КММ әлеуметтік педагогы және география пәні мұғалімі.
Ұлытау ауданы, Ұлытау облысы.