Құрметті құрылысшы, қаламгер, қоғам қайраткерінің 75 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті.

Жетісай аудандық мәдениет үйінде – Мырзашөл өңірінің мақтанышы, рухани әлеміміздің абызы,
Әлем Халықтары Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан және журналистер одағының мүшесі,
ҚР Құрметті құрылысшысы, қаламгер, жазушы, қоғам қайраткері Айыпберген Балтабайұлының
75 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шығармашылық кеш өтті.
Кешке зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, қоғам белсенділері, жастар және БАҚ өкілдері қатысып,
ұлағатты тұлғаның өнегелі өмір жолына тағзым етілді. Шараны белгілі мәдениет қызметкері Ә.Әйтешов жүргізіп, қаламгердің өмірбаяны мен еңбегін кеңінен таныстырды.
Еңбегімен елге танылған тұлға
Айыпберген Балтабайұлы 1950 жылы 19 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданының Атакент (бұрынғы Ильич) кентінде дүниеге келген. 1957–1967 жылдары Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепті үздік бітіріп, кейін Қазақ политехникалық институтында білім алып, инженер-құрылысшы мамандығын меңгерген.
Ол еңбек жолын «Казголстепводстрой» тресіне қарасты «СМУ-15» құрылыс басқармасында бастаған.
Кейін «Жетісайқұрылыс» және «Мақтаарал» кеңшарында аға инженер, бас инженер, күрделі құрылыс бөлімінің жетекшісі қызметтерін атқарып, ауданның инфрақұрылымын дамытуға өлшеусіз үлес қосты.
Айыпберген ағаның тікелей басшылығымен аэропорт, мәдениет сарайы, мектептер, балабақшалар, аурухана, мешіттер және жүздеген тұрғын үйлер бой көтерді. Ол – ел экономикасына да, ел еңсесін көтеруге де қызмет еткен, ісімен де, сөзімен де үлгі болған азамат.
Қоғамдық қызмет пен рухани ізденіс
1989–1994 жылдары ол аудандық халық депутаттары кеңесінің депутаты болды. Кейін Атакент кентінің әкімі қызметін атқарып, жергілікті басқару жүйесінде де өзін іскер басшы ретінде көрсетті.
1998 жылдан бастап шығармашылық және ғылыми ізденіс жолына бет бұрып, әдебиетке ерекше еңбек сіңірді. Қаламгердің «Жүрек жылуы», «Назеркем», «Ғашықтар әні», «Алтын бесік», «Тағдыр», «Жан жылуы»,
«Сырласу мен мұңдасу», «Бақыт жолында» сынды кітаптары мен бес томдық таңдамалы шығармалар жинағы — қазақ руханиятына қосылған мол мұра.
Ол тек отандық шығармалармен шектелмей, әлем әдебиетінің жауһарларын қазақ тіліне аударып, Гете, Омар Хайям, Пушкин, Лермонтов,Переверзин және басқа да ақындардың туындыларын қазақ оқырмандарына ұсынып келеді.
Ел құрметі – еңбегінің жемісі.
Айыпберген Балтабайұлының ел алдындағы еңбегі елеусіз қалған емес. Ол – ВДНХ алтын медалінің иегері,
«Алпамыс батыр», «Әйтеке би», «Дінмұхаммед Қонаев», «Қаныш Сәтбаев», «Мақтаарал ауданына 90 жыл»
медальдерімен және түрлі деңгейдегі алғыс хаттармен марапатталған. Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы, Мақтаарал ауданының құрметті азаматы атанған тұлға қазіргі таңда да ел игілігіне, ұлт руханиятына қалтқысыз қызмет етуде.
Мерейтой рухани өрлеудің мерекесіне айналды.
Кеш барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары қаламгердің сөзіне жазылған әндерді орындап,
жергілікті ақындар арнау жырларын оқыды. Қонақтар өз естеліктерімен бөлісіп, аймақ мәдениетінің дамуына сіңірген еңбегіне ризашылықтарын білдірді.
БАҚ өкілдері мен жастар қауымы үшін бұл кеш — рухани сабақ, өнеге мектебі болды.Өмір жолын еңбектен бастаған Айыпберген Балтабайұлы — қазақтың «қолымен де, қаламымен де елге қызмет еткен» азаматтарының бірі. Оның шығармашылығы мен қоғамдық қызметі Мырзашөл өңірінің ғана емес, тұтас ел руханиятының құнды қазынасына айналып отыр.
Мерейтой кеші елдік рухты, еңбекті қадірлеу мен рухани мұраға құрметтің айқын көрінісі болды.
Сатыбалды ЖҮНІСБЕКОВ,
журналист.