Астана қаласында орналасқан Қайым Мұхамедханов атындағы №90 мектеп-гимназиясының жасыл алаңында спорт пен жігер, өнер мен ұйымшылдық тоғысқан ерекше күн болды. Мұнда қалалық мектептердің ең үздік футбол командалары бас қосып, өзара бақ сынасты.

Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ойындар нағыз тартысқа толы өтті. Әр команда өз мектебінің абыройын асқақтатуға бар күш-жігерін салды. Жас спортшылардың ширақ қимылы, дәл соққылары мен үздік ойын өрнектері көрермендерді тәнті етті.

Алаң маңайын шаттық пен қолдау үні кернеп, ұстаздар мен жанкүйерлер өз мектептерінің намысын қорғаған оқушыларға зор рух берді. Осындай ерекше сәттерде командалық рух, достық пен бірлік айқын сезілді.
Бұл жарыс оқушылардың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, жас ұрпақтың бойына жеңіске деген жігер мен табандылықты ұялатты. Әр ойында достық пен өзара құрметтің үлгісі байқалды.
Жарыс соңында үздік деп танылған команда мен жеке ойыншылар марапатталып, кубоктар мен алғыс хаттарға ие болды. Жеңіс тұғырынан көрінген оқушылардың қуанышы, көзіндегі от пен мақтаныш сезімі — бұл күннің ең үлкен жетістігі болды.
Қалалық деңгейде өткен бұл футбол жарысы барлық қатысушыларға ұмытылмас әсер мен мол шабыт сыйлады. Мұндай спорттық шаралар жасөспірімдердің салауатты өмір салтын ұстануына және достық пен ынтымақтың нығаюына зор серпін берері сөзсіз.
Молдабек Еркебұлан Жұмабекұлы,
№80 МГ дене шынықтыру пәнінің ұстазы.
Мектеп командасының футбол тренері.
Астана қаласы.