«Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім –мектептің жүрегі»
Ыбырай Алтынсарин.
Білім беру жүйесі қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында жетекші роль атқарады. Ал білімді адам ең бірінші мектептен алады. Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты-бәсекеге қабілетті маман дайындау. Мектеп-үйрететін орта, оның жүрегі-мұғалім. «Мұғалім-өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанмен оның мұғалімдігі де жойылады»-деген, К.Д.Ушинский.

Ұстаз-ұлы тұлға. Ал оның еңбегі –өлшеусіз, баға жетпес құндылық. Ұстаз еңбегінің арқасында әкім де, қара да, ғалым да, дарын да , бәрі-бәрі өз биіктеріне көтеріле алды. Сондай-ақ ұстаз қазіргі заман талабына сай, әрдайым өз білімін жетілдіріп, бірсарынды сабақтардан гөрі , жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды күнделікті сабақтарында қолданса, сабақ мәнді әрі қонымды болары сөзсіз. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы «Білім туралы» заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі-оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жолдауында айтқандай: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін-білім». Сондықтан, қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдында оқыту үрдісінің технологияландыру мәселесін қойып отыр. Оқытудың әртүрлі технологиялары сарапталып, жаңашыл педагогтердің іс-тәжірибесі зерттеліп, мектеп өміріне енуде. Дегенмен, ұстаз бала үшін ең құрметті, биік тұлға болуы керек. Мұндай тұлға болу үшін ұстаздың ең бірінші өзіндік стилі қалыптасқан, балаға өзінің ішкі уәжін қалыптастыра алатын, және мықты көпірше бола алатын тұлға болуы керек. Міне, ұстаз бойынан мұндай қасиеттерді көрген шәкірт үнемі өз ұстазын жоғары санауы сөзсіз. Аталған қасиеттермен біз тек баланың алдында ғана емес ата-ананың да алдында абыройлы болатынымыз сөзсіз. Әрине, мұндай қасиеттерді бойымызға жинау үшін Ж.Баласағұн айтқандай, басқаларды үйрете жүріп, өзіміз де үйренуіміз керек. «Біздің заманымыз-өткен заманның баласы, келер заманның атасы»-деп, Ахмет Байтұрсынов айтқандай, келешекке қадам басып жатқан ұрпағымызды әрдайым қолдап, демеу беріп, оларды күн көзіне шығару біздің басты міндетіміз.
Ұстаздардың сауаты, адамшылық бастамалары, қоғамдық-әлеуметтік қағидаттары шектеушілікке бармау керек. Беделді ұстаз – ашық, демократ ұстаз. Сондықтан сабағыңызға ата-ана, қызыққан адам қатысқысы келе ме – қатыссын. Жиналысыңызда ой айтқысы келе ме – айтсын. Қысқасын айтқанда, барлық оқу орны қоғамнан әрі баға алып, әрі халық айнасынан өзін көре білгені абзал.
Білімге қойылатын шарт – нақты ұстаздық талапқа негізделсе дейміз. Шын ұстаз шәкірттерінің алдында ешқашан да жалған, жасанды, жүйесіз әрекетке бармайды. Жалпы әділдік пен тазалықтың бастауы – мектеп. Осы тетік ұмытылса, қоғам қай жағынан да көштен қалады.
Сонымен бірге ата-ана мен ұстаз арасындағы жауапкершілік шегін, регламентін қоғам болып талқылап, бір тоқтамға келетін кез әлдеқашан келді. Қоғам, ата-ана мектептің сынаушысы позициясын ұстанса, біз ешқашан алға баспаймыз. Жоғарыда айттық, Қазақ елі дәстүрінде мектеп немесе білім ордасы – нағыз адалдық алаңы.
Әрине басты тетік ұстаздың өзінде. Өзін өзі сыйлата білмеген ұстаз оқушы алдынан емес емін берге шығып, дәріс оқуға моральдық құқы жоқ. Сондықтан үнемі ізденісте жүрген, шеберлігін дәйім шыңдайтын, мәдениеті, адамгершілігі, бар бітім-болмысы жоғары азамат – шәкірттің ғана ұстазы емес, қоғамның ұстазы. Отанымызда ұстаз абыройы артқан сайын, білім мен ғылымның, тәрбие мен мәдениеттіңабыройыартатынысөзсіз.
Дана бабаларымыз балаға білімнен бұрын тәрбие берілуі керек екенін мұнан мың жыл бұрын айтып кеткен. Отбасы тәлімі мен елдік тәрбие – білім жүйесінің әрі өзегі, әрі айнасы. Қазақстанның отаншыл ұл-қызын оқытудың мақсаты мен мазмұны жылдан-жылға айқындалып келеді. Атап айтсақ, мақсат – бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ қалыптастыру, ал білімнің мазмұны – елдік тәлім-тәрбие мен адамзат ақыл-ойының інжу-маржаны деп білеміз. Осындай білімді ұрпақтарымыздың арқасында ұстаздардың беделі арта бермек.
Бұл ретте Президент Қ.К.Тоқаевтың: «Мұғалімнің еңбегі – адамзат игілігімен астасқан өлшеусіз еңбек» деп айтқаны да мәлім. Биылғы республикалық тамыз конференциясында ел Президенті Қ.К.Тоқаев қабылдануы жоспарланған «Педагог мәртебесі туралы» заңда ұстаздарды қолдаудың кешенді шаралары қарастырылғанын, соның ішінде мұғалім жүктемесін азайту, абыройы мен беделін көтеру, материалдық жағдайын жақсарту белгіленгенін қадап айтты.
Рас, ұстаз мәртебесі туралы заң қоғамның барлық жігін де бейжай қалдырмады. Барлық жиында, басқосуда бұл тақырыпты айналып өткен адам аз. Біз мұның бәрін – жанашырлық пен жауапкершілік деп ұқтық. Осылай барлық шарада, бастамада халықтың береке-бірлігі арта бергей.
Президенттің жыл сайынғы халыққа Жолдауы – республиканың əрбір тұрғыны үшін маңызды оқиға. Əркім Жолдаудан өзі үшін маңызды бағытты табады. Биылғы Жолдауы мемлекеттің əлеуметтік экономикалық дамуының өзекті мəселелері мен қазақстандықтардың əл-ауқатын əрі қарай арттыру бойынша міндеттерге арналған. Ұстаздар қауымы білімге бағытталған бөліммен толықтай танысты деп ойлаймын.
Жалпы, Жолдауда халықтың өміріне керек нəрселердің барлығы сөз болды. Енді баршамыздың алдымызда ел болып жұмылып, бұған дейін жасалып келген жұмысты одан əрі жалғастырып, айтылған мəселелердің бəріне жіті мəн беру мен жүзеге асыру міндеті тұр.
Мемлекет басшысы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеуді тапсырды. Құжат қабылданған шақта мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан толықтай арылуы мүмкін бе?
Ұстаз атаулы Жолдаудағы жағымды жаңалыққа қуануда. Жалпы Қазақстандағы мұғалімдердің мəртебесін көтеру күн тəртібіндегі мəселе деп ойлаймын. Мұғалімнің абырой беделінің төмендеп бара жатқаны жөнінде айтылып, жазылып та жүр. Сондықтан, бұл құжат мұғалімдер қауымы үшін өте маңызды. Бұл заңның аясында ұстаздардың лайықты еңбек ақыларын алуына жағдай жасау, мұғалімдерді көлденең қоғамдық жұмыстардан босату, мұғалімдерді жаппай тексеру сынды мәселелер қамтылады. Бәрі заңмен бекітілсе, мұғалімге айтар айып, тағылар кінә тыйылар деп сенемін.
Жоғарыда аталған заң аясында мемлекет тарапынан қолдау алған барша ұстаздардың мәртебесі міндетті түрде көтеріліп келе жатыр деп ойлаймын. Себебі, ұстаздардың құқықтары барынша мемлекет тарапынан қорғалса және ұстаздардың материалдық жағдайлары көтерілсе, ұстаздарымыз өздерінің игі істері мен уақыттарын тек қана ұлы тұлғалар дайындауға арнайды. Сонда ғана еліміздегі ұстаздардың мерейі үстем болмақ!
Ойымды қорытындылай келе, өзімнің талмай еңбек етіп келе жатқан әріптестеріме айтарым, Жүсіп Баласағұн: «Ізгі атымен ғана ер алғысқа бөленеді» дегендей, әрдайым ұстаз деген атарыңызбен құрметке бөлене беріңіздер. Мұғалімді ұстаз санап, құрмет тұту қажеттіліктерін қамтамасыз етіп жатқан мемлекеттің игілікті жұмысына сәттілік тілеймін!
Жайна ЖАҚЫПБЕК,
М.Мақатаев атындағы №47 ЖББМ қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.