
Мемлекет басшысы Қ. К.Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде негізгі құндылықтарды атап өтті: Бұл құндылықтар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының негізіне айналады. 2024-2025 оқу жылында білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысы осы бағдарламаның негізгі ережелеріне сәйкес ұйымдастырылды. Бұл бағдарлама ұлттық жалпыадамзаттық құндылықтар арқылы білім алушылардың тұлғасын қалыптастыруға көмектеседі.
Ұлы Абайдың жас ұрпаққа «Адам бол» деп өсиет қалдырғаны белгілі. Адам бол-бай тап, Адам бол –мал тап. Адам болу үшін адамгершілікке тән жағымды жағымсыз қасиеттерді өз өлеңінде көрсеткен. Яғни, нағыз адам болу үшін бес нәрсеге асық болу керетігін айтып өткен. К.Д.Ушинский: «Тәрбиелеудің басты міндетін адамгершілік әсер етуден құрайды»,- десе, дана Абай: «Ақпейіл және ықыласты жүрек адамды жетелеуі тиісті,сонда ғана оның еңбегі және табыстылығы ерекше мәнге ие болады. Адам болып дүниеге келу жеңіл, бірақ адам болу қиын»,- деген болатын. Тәрбиенің маңыздылығы сондай, біздің болашақ ұрпағымыз тәрбиеден ғана рухани байлық алып, тәрбие арқылы ғана Адам болып қалыптасады. Абайдың негізгі мұраты – адам тәрбиесі[4]. Адам асыл қасиетті үйрене отырып, рухани тәрбие алады. Мейірімділіктің негізі қаланады. Абайдың рухани әлемі таптырмайтын құндылық.Ол адамгершілікті бәрінен де жоғары қояды. Өйткені қазақ халқының болашағын,салт-дәстүрімен рухани мәдениетін дамыту,жастарға адамгершілік тәрбие беру жолдарын ойлаумен өтті.Оның қара сөздерінен адам бойындағы адамгершілік қасиеттердің қандай болуын түсіне отырып, келешек ұрпақтарымыздың бойында ар –ождандықты ұялатуға яғни тәрбиелеуге жол көрсетеді.
Тәрбие тал бесіктен басталады демей ме дана халқымыз [5].Білім мен тәрбие бірге жүретін үрдіс. Абайдың 19-қарасөзі. Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады.Абайдың ойынша адамның ақылдылығы, адамгершілігі, тәрбиелілігі қоршаған ортаны танудан басталады. Сол себептен Абайдың қара сөздерін келешек ұрпақтың бойына сіңіріп, сусындата отырып, таусылмас рухани қазына екендігін аңғартамыз[6]. Біздің ұлттық құндылықтарымыз, салт-дәстүр, әдет-ғұрып пен мәдени мұраларымыз, тіліміз және ұлттық қолөнер мен ұлттық киімдер, ұлттық тағамдар, ұлттық ойындар. «Саналы ел салтын сақтар» дегендей ұрпағымызға құндылықтарымызды дәріптеп, тәрбиелей отырып,оған құрметпен қарауға жол көрсету біздің міндетіміз. Осыған орай оқу орнымызда болашақ ұрпақты тәрбиелеуге байланысты әр-түрлі тақырыптарда іс-шаралар өткізіліп тұрады. Айта кетсек, «Абай дана,Абай дара қазақта», «Абай мұрасы –халық ұлағаты», «Қош келдің наурыз!», «Наурыз — думан». Мақсатымыз – Жастарды жан –жақты қабілетті азамат етіп өсіруде қазақ халқының салт-дәстүрінің тәлім-тәрбиелік, білім танымдық рөлі орасан зор екендігін түсіндіру. Қазақстан Республикасының Білім туралы заңының Білім беру жүйесінің міндеттерінде: Азаматтық пен елжандылыққа,өз Отаны – Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге халық дәстүрін қастерлеуге,қазақ халқының мәдениетімен дәстүр салтын оқып үйрену үшін жағдай жасау деп көрсетілген[7].
Сондықтан да оқу орнымызда салт –дәстүрлерімізді насихаттап келеміз.Қазіргі таңда ұлттық салт –дәстүрлер оқу –тәрбие процесіне кеңінен енгізіліп отыр.
Бүгінгі студент – ертеңгі маман білім ордасынан білімді,білікті жаңа технологияны меңгерген жаңашыл тұлға ғана емес,мемлекеттік тілді жетік меңгерген тұлға болып шығуы қажет.Мемлекеттік тілді дәріптеу мақсатында колледж қабырғасында «Тіл татулық тірегі», «Тілім менің –тірлігімнің тірегі», «Менің сүйікті ақыным» атты сыныптан тыс іс-шаралар қазақ тілі мен әдебиеті апталығында өткізіліп тұрады. Мен осындай іс шараға қатысамын. Мақсаты: жастардың ана тіліне деген құрмет сезімін арттыру, тіл мәртебесін көтеру,бабаларымыздың өсиетін ұран ету. Тәуелсіз Қазақстанның көгінде көк байрағымыз желбіреді, әр қазақтың жүрегінде Әнұранымыз айтылды, өзіміздің қазақ тілімізбен қайтадан қауыштық. Қазақстан Республикасының тіл туралы Заңы қабылданды. Ендігі біздің міндетіміз тілімізді сақтап, сол тілде сауатты жазып, ойымызды қазақ тілінде таза жеткізу, ардақтап құрметтеу. [8] Б.Момышұлының «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту — бүкіл ата — бабамызды, тарихымызды ұмыту»- деген болатын. Сондықтан ана тілімізді ұмытпай, әлемдегі ең мықты, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ену үшін қазақ тілін жоғары мәртебеде ұстауы керек деп білемін.
Қазіргі ұрпақтың XXI ғасырдағы қазақ ұрпағының міндеті «Мәңгілік ел» болып қалу үшін ұлттық құндылықтарды сақтай білуіміз керек. Себебі ұлттық құндылық – ұлттың тірегі.
Ұлттық тәрбие қазір елімізде орын алып отырған көптеген мәселелерді: ана тілін, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейтін жастар, тастанды жетім балалар, «қиын» балалар, қарттар үйлеріндегі әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, тағы басқаларды бірте-бірте жоюдың және олардың алдын алып, болдырмаудың негізгі жолы. Ұлттық тәрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып өседі. Сондықтан да ұлттық тәрбие – ел болашағының діңгегі десек те болады.
Ұлттық идея – туған жер, өскен орта әсерлерінен қалыптасып, халықтың тілі, ауыз әдебиеті, салт-санасы, әдет-ғұрпы, ырымдары мен тыйымдары арқылы жүйеленген этностық сезім. Ол – ұлттың болмысы, психологиялық өзіндік ерекшелігі. Ұлт бар жерде ол да бар. Ұлтпен бірге өмір сүреді, жойылмайды, құбылып өзгермейді.
Ұлы Абай айтқандай, «толық адам» келбетіне жету –түпкі нәтижені меңзейді. Тәрбие – бұл көпжақты, үздіксіз, қоғамдық құбылыс. Сондықтан болашақ ұрпақ тәрбиесіне біртұтас ел болып ат салысу басты парызымыз!
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
- Сыдықов М.Е. Сыныптан тыс жұмыстарда жеткіншектердің адам-гершілік құндылықтарын қалыптастырудың педагогикалық шарттары – 2008
- Ұзақбаев С. «Тамыры терең тәрбие» — Алматы 1995
- Абай. Қара сөздері Алматы. 1993
- «Абайтану» курсын оқытудың ғылыми – әдістемелік негіздері. Әдістемелік құрал – Астана, 2013
- Қалиев Қ. «Болашақ мұғалімдерді ұлттық тәрбие беруге дайындау » -Алматы
Сыдықов М.Е. Сыныптан тыс жұмыстарда жеткіншектердің адамгершілік құндылықтарын қалыптастырудың педагогикалық шарттары – 2008
- Ұзақбаев С. «Тамыры терең тәрбие» — Алматы 1995
- Абай. Қара сөздері Алматы. 1993
- «Абайтану» курсын оқытудың ғылыми – әдістемелік негіздері. Әдістемелік құрал – Астана, 2013
- Қалиев Қ. «Болашақ мұғалімдерді ұлттық тәрбие беруге дайындау » -Алматы 2001
- Мұхтар Әуезов энциклопедиясы — Алматы, «Атамұра» баспасы, 2011
- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы — Алматы 2008.
- Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан -2050» стратегиясы стратегиясы: бір халық-бір ел-бір тағдыр- 2014
- «Біртұтас тәрбие » бағдарламасы — 2023
Шагатаева Роза Шатеновна,
Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Қостанай құрылыс
колледжі» КМҚК қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы.