
“Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы” деген Әбу Насыр әл-Фарабидің өсиетін басшылыққа ала отырып, Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов облыс аудандарында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Жергілікті полиция инспекторлары, аудандық прокуратура өкілдері, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысатын кездесулерде тәрбие, жауапкершілік, адалдық және қауіпсіз болашақ қалыптастыру мәселелері басты назарға алынуда. Шалғайдағы Жетісай мен Мақтаарал аудандарына арнайы барып, мәселені шешуден бұрын оны тудыратын себептердің алдын алуға ерекше көңіл бөлінуі – бұл істің маңызын айқындай түседі.
Бүгінде ата-аналар, ұстаздар және оқушылардың қатысуымен онлайн форматта да тәрбиенің дұрыс бағытын қалыптастыруға күш салынуда. Бұл – бірлік пен ынтымаққа, әр адамның өз ісіне жауапкершілікпен қарауына негізделген тәжірибе, әрі бұл тәжірибені Республика көлемінде тарату қажет.
Қазақ халқы ежелден-ақ тәрбиеге терең мән берген. “Ел боламын десең – бесігіңді түзе”, “Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” деген халық даналығы ұрпақ тәрбиесінің ең биік өлшемін айқын көрсетеді.
“Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – баурайында өскен құрақ” деген нақыл да отбасының тәрбиедегі орнын айқындайды. Белді, белсенді азаматтар қалыптастыру үшін ең алдымен әке тәрбиесінің рөлін күшейтіп, “Әкелер мектебін” жандандыру қажеттігі айқын. Өйткені қуатты жігіттерден қуатты ел қалыптасады.
Қазақ баласының табиғи тазалығы, икемділігі, еңбекқорлығы бүгінде әлемді аралап, елді танытып жүрген талантты жастардың бойынан көрініп отыр. Дамушы елден дамыған елдер қатарына қосылу – осындай игі шаралар мен мықты тәрбие негізінде жүзеге асады.
Менің айтпағым – балаларға тәрбие мен тәртіпті ерте бастан сіңіріп, олардың бос уақытын босқа өткізбеуіне, білім мен ізденіске бағыттауына жағдай жасау – бүгінде аса маңызды міндет.
Ат төбеліндей ғана халықпыз. Ендеше білімді, тәрбиелі, мәдениетті ұрпақ тәрбиелеу жолында бұндай бастамалардың жиі әрі жүйелі түрде өтіп тұруы қажет.
Алға, Қазақ жастары! Ел болашағы – сіздердің қолдарыңызда.
Әбілхайыров Ғалымжан Ильичбайұлы,
кәсіптік бағдар беру педагогының әдіскері,
Жетісай аудандық білім бөлімінің баспасөз хатшысы.