Skip to content

ЖҮРЕКТЕГІ НҰР ЖӘНЕ ДАНАЛЫҚТЫҢ БАСТАУЫ

Адам ақиқатты көзбен емес, жүрекпен көреді. Көз дүниенің сыртқы суретін байқаса, жүрек оның мәнін ұғынады. Жүрек мейірім мен сүйіспеншілікке толғанда, адам айналасына жылулық таратады, ізгілікке ұмтылады. Сол кезде бойды тыныштық билеп, өмірмен үйлесім орнайды. Өйткені жүрегі тыныш адам – әлеммен де, өзімен де татулықта өмір сүреді.

Бірақ өмір тек мейірім мен жұмсақтықтан құралмайды. Кейде әділдікті сақтау үшін қаталдық қажет. Тым көп иілгіштік – қадірдің жоғалуына әкеледі. Өйткені бәріне жаға беремін деген жан, өз шындығын жоғалтып алады. Жұмсақ мінез – ізгі қасиет, бірақ егер ол өзін-өзі құрметтеуге кедергі болса, әлсіздікке айналады. Қай кезде кешірім керек, қай кезде талап қою қажет екенін білу — даналықтың белгісі.

Жүрек тынышталған сайын сана тазарады. Таза сана иесі өмірге терең көзқараспен қарайды, мейірім мен талаптың арасындағы тепе-теңдікті сақтайды. Өйткені өмірдің мәні тек тыныштықта емес, кейде күресте де жатыр. Адам өз қадірін білу арқылы ғана өзгелердің құрметіне ие болады.

Достық та осы өмірдің бір сынағы. Дос — жолаушы сияқты: кейде ол сенің жаныңда ұзақ жүреді, кейде жол айрығында басқа бағытқа бұрылады. Бұл — сатқындық емес, өмірдің табиғи заңдылығы. Әр адамның сапары бөлек, әркімнің тағдыр жолы әрқилы. Уақыт өткен сайын адамдар өзгереді. «Адам өзгермейді» деу — өмірдің шындығына қарсы шығу.

Кейде біз көршіміздің, ауылдасымыздың жақсылығын көріп, оларды туыстардан жоғары қойып жатады. Бірақ бұл — қате пікір. Жақсы да, жаман да болсын, әр адаммен қарым-қатынас — туыстық қаныңмен, жүрегіңмен, Жаратушының берген сынағымен өлшенеді. Айналадағы адамдардың мінезі мен ісі бізге сабақ, жүрек пен санамызды шыңдайтын сынақ.

Сыйластықты әртүрлі қырынан көруді де үйренген жөн. Біреу сенің қызметіңді өзі өсуі үшін бағалауы мүмкін, енді бірі сенің аңғалдығыңды пайдаланып кетуге тырысады, тағы біреуі таза табыс табу үшін қарауы мүмкін. Мұндай адамдарды өмірлік даналыққа ие көшбасшылар оңай таниды: олар шын мәнінде кім адал, кім мақсат үшін ғана жақындайтынын біледі. Сенім де, шынайы құрмет те ақша мен пайда үшін ұзаққа бармайды. Асықпа — уақыт көрсеткенде, кейде сенің адалдығыңды көріп, біреу әдемілеп сатуы мүмкін.

Сондықтан ең үлкен даналық — жүрек нұрымен, адалдықпен өмір сүру, бірақ әлемдегі сынақтарды да түсіну. Мейірім мен әділдіктің, жұмсақтық пен талаптың, сенім мен сақтықтың үйлесімінде ғана адам шынайы нұрға, нағыз даналыққа қол жеткізеді.

Әбілхайыров Ғалымжан Ильичбайұлы,

кәсіптік бағдар беру педагогының әдіскері,

Жетісай аудандық білім бөлімінің баспасөз хатшысы.

🔥 Таңдаулы жаңалықтар

Республикалық «Абай оқуларында» жеңімпаз атанды
ЖҮРЕКТЕГІ НҰР ЖӘНЕ ДАНАЛЫҚТЫҢ БАСТАУЫ
Республика күні құтты болсын!
АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕУ ДАҒДЫЛАРЫН ДАМЫТУ
ҰСТАЗ ӘКЕМ – ӨМІРДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ӨНЕГЕМ