Skip to content

«ЖУРНАЛИСТ ЖОЛДА» ІССАПАРЫ. БІЛІМ ОРДАСЫНДА ӨТКЕН ТАҒЛЫМДЫ ШАРА

Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Асықата кентіндегі «Н.Төреқұлов атындағы жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 18 наурыз күні тағылымы мол, мазмұны терең ерекше кездесу өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отырысында: «Аймақтарда бюджетті жоспарлау және орындау жұмысының сапасын арттыру айырықша маңызды» деп нақты міндет жүктеген болатын. Осыған орай Түркістан облысының шалғай ауыл-аймақтарындағы халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып, өзекті мәселелерін тыңдап, оны жауапты орындарға жеткізу мақсатында ұйымдастырылған «Журналист жолда» іссапары мектебімізге арнайы ат басын бұрды.

Тағылымды сапар барысында қонақтар білім ордасының тыныс-тіршілігімен, ұжымның атқарып жатқан жұмыстарымен, мектептің жетістіктерімен жақынырақ танысты. Кездесуге Жетісай ауданы білім бөлімінің басшысы Айгенжиева Толқын Тілекқызы қатысып, шараның мән-маңызын арттыра түсті. Сонымен қатар, ауданымыздың құрметті азаматы, қамқоршылық кеңестің төрағасы, «Н.Төреқұлов атындағы қордың» мүшесі Төрекелді Мұхтар ағамыз да келелі кездесудің қадірлі қонағы болды.

Іс-шара барысында ұлт қайраткері Нәзір Төреқұловқа қатысты құнды жәдігер мектеп қорына табысталып, жиналған қауым үшін бұл ерекше тарихи сәтке айналды. Қонақтар сондай-ақ Нәзір Төреқұлов атындағы музейді аралап, тұлғаның өмірі мен еңбегіне қатысты тың деректермен, тарихи мұралармен танысты.

Мектепке арнайы келген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де ел мен жердің тыныс-тіршілігін кеңінен насихаттап жүрген белгілі азаматтар болды. Атап айтқанда:
Дулат Әбіш – Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Айғақ» телерадиокомпаниясы» ЖШС басшысы, Қазақстан Журналистика Академиясының академигі;
Балтабек Түйетаев – Қазақстанның Құрметті журналисі, «Еркін Ой» газетінің бас редакторы;
Сафуан Өтебаев – «Бекет» газетінің бас редакторы;
Арайлым Әбсағат – «Айғақ» телеарнасының редакторы;
Дулат Ергешбай – «Айғақ» телеарнасының телеоператоры;
Қасымжомарт Анарбаев – мобилограф.

Іссапардың Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуі кездесудің көркін одан әрі аша түсті. Ұлттық нақышта безендірілген ортада ақ дастарқан жайылып, қазақы қонақжайлылықтың үлгісі көрсетілді. Қадірлі қонақтар киіз үй төрінен орын алып, сұхбат беріп, ауыл өмірі, ел келешегі, өңірдің даму бағыты мен қоғамдағы өзекті мәселелер жайында ой бөлісті. Бұл басқосу журналистика мен жұртшылық арасындағы алтын көпірге айналған, тағылымы мол, мазмұны бай жүздесу болды.

Абеуова Гульназира Танаткановна,

«Н.Төреқұлов атындағы №13 ЖББМ» КММ директоры.

Жетісай ауданы, Түркістан облысы.

🔥 Таңдаулы жаңалықтар

«ЖУРНАЛИСТ ЖОЛДА» ІССАПАРЫ. БІЛІМ ОРДАСЫНДА ӨТКЕН ТАҒЛЫМДЫ ШАРА
БІР-БІРІМІЗГЕ ЖҮРЕК ЖЫЛУЫН СЫЙЛАЙ БІЛЕЙІК!
ОТБАСЫ – БАҚЫТ МЕКЕНІ
The Importance of Learning English in the Modern World
ЛАУАЗЫМ — МӘРТЕБЕ ЕМЕС, ЖАУАПКЕРШІЛІК!