Skip to content

ҚҰМКЕНТТЕ ӘЛЕУМЕТТІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

Құмкент ауылдық округінде әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алып, ауыл келбеті айтарлықтай жаңарып келеді. Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Құмкент ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, бірқатар нысандардың құрылыс барысын бақылап қайтты.

Алдымен аудан басшысы Қызылкөл елді мекеніндегі М. Әуезов атындағы шағын жинақты мектептің жанынан жеке инвестордың қаржысы есебінен салынып жатқан қосымша ғимараттың құрылысымен танысты. Жалпы аумағы 288 шаршы метрді құрайтын екі қабатты жаңа нысанда мәдени іс-шаралар өткізуге арналған зал, шеберхана, жаттықтырушылар мен медицина қызметкерлеріне арналған бөлмелер қарастырылған.

Бұл – ауыл тұрғындары көптен күткен игілікті жаңалық. Бұған дейін аудандағы 34 мектептің барлығы дерлік типтік үлгіде болса, тек Қызылкөл елді мекеніндегі оқу орны ғана ыңғайластырылған ғимаратта жұмыс істеп келген еді. Енді жаңа нысан пайдалануға берілген соң, оқушылар мен мұғалімдер заманауи әрі ыңғайлы жағдайда білім алу мүмкіндігіне ие болмақ.

Сапар барысында Мұхит Тұрысбеков Құмкент ауылында салынып жатқан жабық шағын футбол алаңының және «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығына бейімделіп жөнделіп жатқан ғимараттың жұмыстарын да қарап шықты. Бұл орталықта ауыл тұрғындарына спорттық жаттығулармен айналысуға, зияткерлік және рухани шаралар өткізуге толық жағдай жасалмақ.

Аудан әкімінің айтуынша, жаңа нысандар іске қосылған соң бірнеше ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылып, ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарады.

Құмкенттің бүгінгі қарқынды дамуы – ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Сатыбалды ЖҮНІСБЕКОВ,

журналист.

🔥 Таңдаулы жаңалықтар

✨ Ұстаз – ұлттың шамшырағы, ұрпақтың тағдырын тәрбиелеуші алтын қазына.…
1 қазан – Қарттар күніне орай 7 «Б» сыныбында «Қария…
Дублёр күні – ерекше дәстүр. Бұл күні оқушылар ұстаздың орнында…
Ақтау қаласы білім бөлімінің “IT мектеп-лицей “ КММ-нің ұстаздары мен…
03 қазан – ұстаздарға құрмет көрсетілген айшықты күн. Осы күні…