
Ұстаз — адам өміріндегі ең қадірлі, ең қасиетті тұлғалардың бірі. Ол – білімнің шамшырағы, адамды рухани және мәдени тұрғыдан қалыптастыратын, қоғамның болашағын тәрбиелейтін тұлға. Ұстаздың еңбегі ешқашан өлшенбейді, себебі ол адамзат өркениетінің іргетасын қалаушы, мәңгілік құндылықтардың сақтаушысы.
«Бір әкенің тәрбиесін жүз мектепте бере алмайды» деген сөздің мәнін мен өз өмірімнен жақсы түсінемін. Себебі менің әкем – ұстаз. Ол тек өз балаларына ғана емес, сансыз шәкірттерге де ақыл мен білім нұрын шашқан, өмірдің шырағын жаққан асыл жан. Әкем туралы өмірбаянға тоқтала кетсем, Орынбасар Жолдасбеков 4.10.1939 жылы Мақтарал ауданы, Ленин жолы ауылында дүниеге келген. Орта жүз-қоңырат-алғи руынан шыққан. 1948-1958 жылдары «Бірлік» орта мектебінде оқушы, 1958-1963 жылдары Шымкент пединститутында физика-математика факультетінде оқып, математик мамандығын алып шыққан. 1963-1965 жылдары армия қатарында қызмет етті. 1965 жылдың 1-ші қыркүйегінен бастап «Бірлік»орта мектебінде математик мұғалім болып,1971 жылдан бері әскери жетекші мамандығын қоса атқарды, әскери атағы-капитан. 1989жылы «СССР Халық ағарту ісінің үздігі» медалімен марапатталды. Ұстаздық өмірмен қатар шығармашылық жолды қатар ала жүрген әкем өлең жыр жазудан да шет қалмады. Әрбір жыры жастарға үлгі болып, алға мақсат қойып, білімді азамат болуға үндеді.



Жұбайы, яғни анам Зиябекова Гүлнар Зиябекқызы 1957 жылы 23 сәуірде Жамбыл облысы Жуалы ауданы, Қызыларық аулында дүниеге келген. 1974жылы мектеп бітірген соң 1976 жылы Тараз қаласының гидромиллеративный институттың дайындық курсында оқып, 1977 жылы бірінші курсқа қабылданып,1982 жылы экономика факультетін аяқтады. Тұрмысқа шыққан соң Мақтарал ауданында Славянка ауылында райселхоз управлениеде экономист мамандығымен жұмыс атқарған. 1983 жылы Өркениет ауылына қоныс аударып мектепте лаборант қызметін жасады. Әкем 2008 жылдан бастап зейнеткерлік демалыста. 2018 жылы Мекке-Мәдина қаласына барып, қажылық сапарын атқарып келді. Әрбір сөзі мен ісі арттағы ұрпаққа өнеге бола білген әкем мен анам қазіргі таңда елге сыйлы азаматтардың бірі. Осындай үлгілі семьядан шыққан менде өз жолымды ұстаздық жолмен ұштастырып, қазіргі таңда өзімде мұғалімдік қызмет атқарудамын.
Менің ұстаз әкем – өмірімдегі ең үлкен ұстаз, ең сенімді дос және ең ардақты тұлға. Ол маған кітаптан таппайтын өмір сабақтарын үйретті.
Сондықтан мен мақтанышпен айтамын: Менің әкем – ұстаз, менің ұстазым – әкем! Ол мен үшін ұстаздықтың да, әкелік мейірімнің де мәңгілік символы болып қала береді.
Алия ЖОЛДАСБЕКОВА,
№64 «Мақталы» ЖББМ мұғалімі,
Жетісай ауданы.