
Тәуелсіздік — ғасырлар бойы бабалар аңсаған, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, терең ақыл мен кемел парасаттың арқасында қол жеткізген ұлы құндылығымыз. Ақын Мағжан Жұмабаев: «Мен жастарға сенемін!» — деп, ұлт болашағын саналы, білімді, намысты ұрпақпен байланыстырды. Ал Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп, тәуелсіз елдің іргесі тәрбие мен руханияттан басталатынын ескертті.
Тәуелсіздік — тек шекара мен ту ғана емес, ол — ой еркіндігі, сана азаттығы, заңға бағынған әділетті қоғам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Тәуелсіздік — бәрінен қымбат құндылығымыз. Оны көздің қарашығындай сақтау — әр азаматтың қасиетті парызы» — деп атап өтті. Бұл сөз әрбір қазақстандықтың жүрегінде темірқазықтай бағыт болуы тиіс.
Қазақстан әрдайым көрші елдермен бейбітшілік пен татулықты ту етіп келеді. Тату көршілік, өзара сыйластық пен сенім — тұрақты дамудың кепілі. Бейбіт ел ғана өркендейді, ынтымағы жарасқан мемлекет қана биікке көтеріледі.
Бүгінгі Қазақстан — жаңа дәуірге қадам басқан ел. Бұл — интеллектуалды ұлт қалыптастыратын, цифрлы Қазақстанды дамытатын кезең. Білім мен ғылымды, инновация мен жаңа технологияларды игеру арқылы еліміз әлемдік сауда нарығында бәсекеге қабілетті, экономикалық тұрғыдан тәуелсіз мемлекетке айналуы тиіс. Жасанды интеллект, цифрландыру, өндіріс пен агросектордағы жаңашылдық — болашақтың басты бағдары.
Сонымен қатар, әділетті қоғам құру — басты міндет. Жемқорлықпен күрес, заңның үстемдігі, адал азамат қалыптастыру — Тәуелсіздіктің тірегі. Президент Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» идеясы әрбір азаматтың санасына сіңуі қажет. Заң бәріне ортақ болған жерде ғана сенім бар, тұрақтылық бар, қауіпсіз болашақ бар.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы — елге деген жауапкершіліктің айқын көрінісі. Табиғатты қорғау, суды үнемдеу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру — болашақ ұрпақ алдындағы аманат. Су — тіршілік көзі, оны қадірлеу — ұлттың саналы деңгейін көрсетеді.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеу — тәуелсіз елдің рухани қалқаны. Тілімізді ардақтау, салт-дәстүрімізді сақтау, тарихымызды құрметтеу — жаһандану заманында ұлтты ұлт етіп сақтайтын басты күш. Жаңа технологияларды игере отырып, ұлттық болмысымызды жоғалтпау — біздің басты артықшылығымыз болуы тиіс.
Тәуелсіздік бізге тек мақтаныш емес, зор жауапкершілік жүктейді. Ойымыз азат, санамыз сергек, жүрегіміз ел деп соқсын. Адал еңбек, терең білім, бірлік пен сенім арқылы ғана Қазақстанның жарқын болашағын бірге қалыптастырамыз.
Қазақстан мәңгі жасасын!
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз баянды болсын!
Ізгі тілекпен,
Әбілхайыров Ғалымжан Ильичбайұлы,
кәсіптік бағдар беру педагогының әдіскері,
Жетісай аудандық білім бөлімінің баспасөз хатшысы.