
Дене шынықтыру сабағында қауіпсіздік ережелерін сақтау – оқушылардың денсаулығын қорғаудың маңызды бөлігі. Осы мақсатта мектепте «Қауіпсіздік ережесі. Әртүрлі физикалық жүктеме кезіндегі ағзадағы өзгеріс» тақырыбында мазмұнды әрі танымдық сабақ өткізілді.
Сабақтың басты мақсаты – оқушыларға денсаулықты нығайтуға бағытталған дене жүктемелері кезінде туындауы мүмкін қауіп-қатерлерді алдын ала болжай білуге және қауіпсіздік стратегиясын қолдануға үйрету. Сонымен қатар спорттық ойындардағы негізгі ережелер мен әдіс-тәсілдерді меңгерту көзделді.
Сабақтың басында оқушылар сапқа тұрғызылып, спорттық киімдерінің талапқа сай болуы тексерілді. Мұғалім сабақтың тақырыбы мен мақсаттарын таныстырып, бағалау критерийлерін түсіндірді. Арнайы бой жазу және тыныс алу жаттығулары орындалып, оқушылар алдағы жүктемеге дайындалды.
Сабақтың негізгі бөлімінде жеңіл атлетика сабақтарындағы қауіпсіздік ережелеріне ерекше назар аударылды. Командалық ойындар барысында оқушылар белгі бойынша жүгіру, дақтау, арақашықтықты сақтау сияқты тапсырмаларды орындады. Мұғалім әр жаттығу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын ескертіп отырды.
«Жыланша» ойыны арқылы оқушылардың ептілігі мен шапшаңдығы дамытылып, бірлесіп әрекет ету дағдылары қалыптасты. Сабақ барысында мұғалім оқушыларға қандай жағдайда жарақат алу қаупі бар екенін және оны болдырмау жолдарын талдатты. Сонымен қатар дене жүктемесінің ағзаға әсері, жүрек соғысының жиілеуі, тыныс алудың өзгеруі сияқты физиологиялық құбылыстар түсіндірілді.
Сабақтың келесі кезеңінде қысқа және орта қашықтыққа жүгіру тапсырмалары орындалды. Оқушылар өз жолағымен жүгіріп, сөре қалыптарын дұрыс сақтауға және қауіпсіздік ережелерін орындауға дағдыланды. Бұдан бөлек, баскетбол ойыны бойынша жалпы түсінік беріліп, ойынның негізгі ережелері мен қауіпсіздік талаптары түсіндірілді.
Сабақ соңында қорытынды жасалып, оқушылар өз жетістіктерін бағалады. Сұрақ-жауап арқылы кері байланыс ұйымдастырылып, жақсы нәтиже көрсеткен оқушылар атап өтілді. Мұғалім алдағы уақытта жетілдіруге арналған жаттығулар ұсынды.
Бұл сабақ оқушылардың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, денсаулықты нығайтудың маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді.
Муталиев Кайрат Маратович,
Ю.Гагарин атындағы №3 ЖББМ дене шынықтыру пәні мұғалімі.
Жетісай ауданы.