
Жер бетіндегі тіршіліктің дамуы тікелей суға байланысты. Соның ішінде құрлық сулары – табиғаттың ең маңызды құрамдас бөліктерінің бірі. Өзендер, көлдер, батпақтар, мұздықтар мен жер асты сулары Жер шарындағы су айналымының негізгі буыны болып саналады. Осы жайлы жуырда оқушыларға сабақ өттім.
Құрлық сулары негізінен жауын-шашын, қар мен мұздың еруі және жер асты ылғалдарының жиналуы нәтижесінде қалыптасады. Мысалы, өзендер бастауын таудағы мұздықтардан, бұлақтардан немесе көлдерден алады. Ал жер асты сулары жауын-шашынның жер қыртысына сіңуі арқылы түзіледі және кей жерлерде бірнеше шақырым тереңдікке дейін кездеседі.
Көлдер шығу тегіне қарай тектоникалық, мұздық, жанартаулық және бөгелме көлдер болып бөлінеді. Әлемдегі ең ірі көлдер қатарына Каспий теңізі, Байкал, Виктория, Танганика көлдері жатады. Ал мұздықтар – су қорының стратегиялық көзі. Олар өзендерді қоректендіріп, климаттың тұрақтылығын сақтауға ықпал етеді.
Алайда бүгінгі таңда құрлық сулары экологиялық мәселелерге тап болып отыр. Өзен-көлдердің ластануы, судың шамадан тыс пайдаланылуы, мұздықтардың еруі – адамзат үшін қауіпті жағдай. Бұл су апаттарының, яғни су тасқыны мен селдің жиілеуіне алып келуде. Сондықтан су көздерін қорғау, суды үнемді пайдалану және апаттардың алдын алу шараларын күшейту – маңызды міндет.
Сабақ соңында оқушыларыма құрлық сулары – табиғаттың ғана емес, адам өмірінің де негізі. Оларды қорғау – болашақ ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік болып табылады, соны есте сақтауымыз керек дей отырып, бүгінгі тақырыпқа қорытынды жасадым.
Қоштаева Гүлмира Аязханқызы,
№25 жалпы білім беретін мектептің педагогы.
Жетісай ауданы.