Skip to content

Жетісайда білім сапасын арттыруға бағытталған кеңейтілген жиын өтті

2026 жылғы 21 қаңтар күні Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінің мәжіліс залында Түркістан облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен білім саласына арналған кеңейтілген жиын өтті. Басқосуға облыстық білім басқармасының басшылығы, аудандық білім бөлімінің өкілдері, білім беру ұйымдарының жетекшілері мен сала мамандары қатысты.

Жиын Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Қалдыкөзұлы Орыновтың қатысуымен өтті.

Жиынның негізгі спикері – Жетісай ауданы білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Толқын Тілекқызы Айгенжиева болды. Ол Жетісай ауданы бойынша жалпы білім саласында атқарылған жұмыстарды кеңінен баяндап, білім беру ұйымдарының қазіргі жай-күйіне жан-жақты талдау жасады. Баяндамасында мектептердегі білім сапасы, оқу-ағарту мен тәрбие жұмыстарының өзара байланысы, педагог кадрлардың кәсіби жауапкершілігі басты назарға алынды.

Толқын Тілекқызы өз сөзінде білім сапасы ең алдымен оқу мен тәрбиеден бастау алатынын, тәрбие жұмысын күшейтпей сапалы білімге қол жеткізу мүмкін еместігін атап өтті.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Түркістан облысы білім басқармасының бас маманы Рысалды Оңғарқызы Нәлжігітова баяндама жасап, білім саласында кездесіп отырған өзекті мәселелерге тоқталды. Ол оқу жетістіктерінің сапасын арттыру, білім беру процесін тиімді ұйымдастыру және бақылау тетіктерін жетілдіру қажеттігін айтты.

Түркістан облысының білім басқармасына қарасты «Білім беруді дамыту орталығы» КММ-нің басшысы Бахтыгүл Ашимовна Тастанбекова 2025 жылы Жетісай ауданында білім сапасын көтеру бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталып, 2026 жылға жоспарланған нақты іс-шараларды таныстырды. Ол педагогтердің біліктілігін арттыру, әдістемелік қолдау көрсету және заманауи оқыту тәсілдерін енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Жиында оқушылар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау мен ерте жүктіліктің алдын алу мәселесі де кеңінен қаралды. Бұл тақырыпта Түркістан облысы білім басқармасының «Психологиялық қолдау орталығы» КММ-нің басшысы Оразкүл Шайхиевна Колдасова баяндама жасап, мектептердегі психологиялық қызметтің жүйелі жұмысын ұйымдастырудың маңызын жеткізді.

Қосымша білім беруді дамыту мәселелері бойынша Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығы КММ-нің басшысы Айсұлу Мейрбековна Егембердиева баяндама жасап, үйірмелер мен секциялардың оқушылардың жан-жақты дамуына тигізетін әсерін атап өтті.

Ал Түркістан облысы білім басқармасының №3 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру мекемесінің меңгерушісі Дина Асилбековна Молдабекова 2025 жылғы қызмет нәтижелерімен таныстырып, инклюзивті білім беруді дамытудағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Жиын барысында бірнеше мектеп басшыларына сөз беріліп, олардың білім сапасын арттыру бағытында атқарып жатқан жұмыстары сұралды. Мектеп директорлары оқу процесін жетілдіру, тәрбие жұмысын жүйелеу бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.

Жиын соңында Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Қонысбекұлы Пірімбеков пікір білдіріп, білім саласына жергілікті атқарушы орган тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау жалғасатынын атап өтті.

Жиынды қорытындылаған Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Қалдыкөзұлы Орынов көтерілген мәселелерге байланысты нақты тапсырмалар беріп, білім сапасы оқу-ағарту мен тәрбиеден басталатынын ерекше атап өтті. Ол барлық білім беру ұйымдарына жүйелі әрі жауапты жұмыс жүргізу қажеттігін тапсырды.

Жетісай аудандық білім бөлімі.

🔥 Таңдаулы жаңалықтар

ТӘУЕЛСІЗДІК — ҰЛТТЫҢ МӘҢГІЛІК МҰРАТЫ
The Importance of Learning English in the Modern World
Республикалық «Абай оқуларында» жеңімпаз атанды
АҚПАРАТТЫҚ ҚОЛДАУ КӨРСЕТЕМІЗ!
«АДАЛ АЗАМАТ» ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ – БОЛАШАҚҚА САЛЫНҒАН БЕРІК НЕГІЗ