
2026 жылдың 5 наурызында Түркістан облысы, Жетісай ауданының білім бөліміне қарасты «Хиуаз Доспанова атындағы №28 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Білім берудегі жасанды интеллект: мұғалім тәжірибесінде қолдану және оқушының функционалдық сауаттылығын дамыту» тақырыбында аудандық семинар өтті.

Осы мазмұнды іс-шара менің және мектеп ұжымының ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өткізілді. Семинардың негізгі мақсаты – білім беру үдерісінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, педагогтердің кәсіби тәжірибесін жетілдіру және оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту бағытында тәжірибе алмасу болды.

Семинарға аудан мектептерінен келген ұстаздар қатысып, білім беру саласындағы заманауи үрдістермен танысты. Іс-шара барысында мазмұнды ашық сабақтар, коучинг сабақтары және шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, педагогтер үшін тәжірибе алмасудың тиімді алаңы қалыптасты. Қатысушылар жаңа әдіс-тәсілдермен танысып, өзара пікір алмасып, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.

Семинар жұмысына аудандық білім бөлімінің әдіскерлері Нурбахыт Асилбековна және Әуелбеков Мэлс қатысып, мектептің тыныс-тіршілігімен танысты. Қонақтар өткізілген ашық сабақтар мен коучингтерге қатысып, олардың мазмұны мен ұйымдастырылу деңгейінің жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ ұстаздардың еңбегіне алғыс білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Жалпы, семинар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар тарапынан оң бағасын алды. Мұндай кәсіби кездесулер ұстаздардың тәжірибе алмасуына, білім беру сапасын арттыруға және педагогтердің кәсіби дамуына зор ықпал ететіні сөзсіз.
Ш.АЙТДЖАНОВА,
«Хиуаз Доспанова атындағы №28 жалпы білім беретін мектеп»
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры.
Жетісай ауданы.