Түркістан облысы, Жетісай ауданы білім бөліміне қарасты №39 «Асықата» жалпы білім беретін мектебінде 5 мамыр күні оқушылардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды іс-шара өтті.
Мектеп инспекторы, полиция майоры Тұрлыбеков Мұстафа Ергенұлы мен директордың тәрбие ісі жөніндегі міндетін атқарушы орынбасары Данияр Налибаев бірлесіп, «Қауіпсіз балалық шақ – біздің таңдауымыз!» тақырыбында мазмұнды түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында оқушыларға жол қозғалысы қауіпсіздігі мен судағы қауіпсіздік ережелері жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, бағдаршам талаптарын сақтау, жаяу жүргіншілер өткелінен дұрыс өту, жолда сақ болу мәдениеті кеңінен айтылды. Сонымен қатар, жаз мезгілінде су айдындарында демалу кезінде сақтық шараларын сақтау, рұқсат етілмеген орындарда шомылмау және үлкендердің бақылауынсыз суға түспеу қажеттігі ерекше назарға алынды.
Іс-шара аясында оқушылардың қатысуымен қауіпсіздік тақырыбында арнайы бейнеролик түсіріліп, олардың жауапкершілігі мен белсенділігі арттырылды. Оқушылар өз ойларын ортаға салып, қауіпсіз өмір салтын насихаттауға атсалысты.
Бұл бастаманың басты мақсаты – жас ұрпақтың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.
Қауіпсіздік – баршамызға ортақ құндылық және күнделікті өмірдегі басты қағида.