Жетісай ауданы, Ш.Ділдәбеков ауылдық округіне қарасты «Достық» елді мекенінде ел игілігіне арналған балалар аллеясының ашылу салтанаты болып өтті. Ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен ынтымағының арқасында жүзеге асқан бұл игі бастама көпшілікке ерекше қуаныш сыйлады.








Ауылдың белсенді жастары Жұмағали Нәлібаев пен Данияр Рысбековтың бастамасымен жергілікті азаматтар бірлесе қаржы жинап, елді мекенге кіреберістегі мешіттің маңындағы бос жатқан аумаққа ауыл бүлдіршіндерінің қызықты демалуына қолайлы заманауи аллея салып берді. Бұл ауыл тұрғындары тарапынан туған жерге деген жанашырлық пен елге қызмет етудің жарқын үлгісі болып табылады.
Салтанатты шарада – осы ауылдық округтен сайланған Жетісай аудандық мәслихатының депутаты Марат Шабланұлы Ділдәбеков, ауыл округі әкімінің орынбасары Еркін Жамбылов пен ауыл ақсақалдары жаңа нысанның лентасын қиды. Сонымен қатар, жасы үлкен қариялар мен ауылдың сыйлы азаматтары аллея ауласына жас көшеттер отырғызып, елдің болашағына деген ақ тілектерін жеткізді. Бұл – ұрпаққа өнеге болатын тағылымды сәттердің бірі болды.
Ашылу рәсіміне орай ауыл мешітінде салтанатты дастархан жайылып, аруақтарға құран бағышталды.
«Достық» елді мекеніндегі балалардың қуанышы үшін салынған осы аллея елдің қуанышы мен берекесінің символына айналсын!
Сатыбалды ЖҮНІСБЕКОВ,
Жетісай ауданы.