
«Мұғалімнің цифрлық құзыреттілігі: жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерде ЖИ қолдану тәжірибесі» атты аудандық семинар туралы мақала
2026 жылдың 14 сәуір күні Жетісай ауданына қарасты №10 «Қайнар» мектеп-гимназиясы базасында «Мұғалімнің цифрлық құзыреттілігі: жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерде ЖИ қолдану тәжірибесі» тақырыбында аудандық семинар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Семинардың негізгі мақсаты – педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру үдерісіне тиімді енгізу және тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру болды.
Семинарға аудан мектептерінің жаратылыстану-математикалық бағыттағы пән мұғалімдері, әдіскерлер мен білім саласының мамандары қатысты. Іс-шара барысында қатысушыларды қарсы алу, мектеп мұражайымен таныстыру және ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар оқушылар мен мұғалімдердің ғылыми жобалары мен шығармашылық жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды. Атап айтқанда, «Менің мектебімнің экологиялық картасы», «Робо-әлем», «Математикалық қала», «Физика: идеядан іске дейін» секілді жобалар қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Пленарлық отырыс концерттік бағдарламамен басталып, семинардың ресми ашылуында Жетісай аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Р. Исаева мен мектеп директоры Г. Убайдина құттықтау сөз сөйледі. Семинар аясында А. Тургунбаевтың «Мұғалімнің цифрлық құзыреттілігі: жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерде ЖИ қолдану тәжірибесі» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды. Баяндамада жасанды интеллект құралдарын сабақ жоспарлау, бағалау, саралау және кері байланыс беру барысында қолданудың тиімді жолдары кеңінен қарастырылды.
Семинардың негізгі бөлімінде ашық сабақтар, коучингтер, шебер сыныптар мен сайыстар өткізілді. География, биология, химия, физика, математика және информатика пәндері бойынша ұйымдастырылған сабақтарда мұғалімдер заманауи цифрлық платформалар мен интерактивті әдістерді тиімді пайдаланды. Әсіресе, Nearpod платформасын қолдану бойынша шебер сынып, «Prompt Chemistry» коучингі және «Физика сабағына апгрейд: ЖИ және промпт» тақырыптарындағы тәжірибелік жұмыстар қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды.
Сонымен қатар оқушылар арасында ұйымдастырылған «Робо-ринг» және «IQ Arena» сайыстары білім алушылардың логикалық ойлауын, шығармашылық қабілетін және цифрлық технологияларға қызығушылығын арттыруға ықпал етті. Ал кәсіптік бағдар беру бағытындағы «Мен – болашақ маманмын: ЖИ дәуіріндегі мүмкіндіктер» воркшопы жас ұрпаққа болашақ мамандық таңдауда заманауи технологиялардың маңызын түсіндіруге бағытталды.
Аудандық семинар қорытындысында қатысушылар мұндай тәжірибе алмасу алаңдарының кәсіби даму үшін маңызы зор екенін атап өтті. Семинар педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыруға, жасанды интеллект мүмкіндіктерін сабақта тиімді қолдануға және білім сапасын көтеруге үлкен серпін берген маңызды іс-шара болды.
№10 «Қайнар» мектеп-гимназия” КММ директордың
бейіндік оқыту жұмысы жөніндегі орынбасары
Тургунбаев Алмас Баязитович