
Жетісай ауданындағы №10 «Қайнар» мектеп-гимназиясында оқушылардың жолда жүру мәдениетін қалыптастыру және қауіпсіздік ережелерін насихаттау мақсатында 8 «Ә» сынып оқушыларымен «Көше қиылыстары және оның түрлері» тақырыбында танымдық-практикалық үйірме сабағы өткізілді. Сабақты аға тәлімгер А. Джураева ұйымдастырды.
Сабақтың негізгі мақсаты – оқушыларға көше қиылысының маңызын түсіндіру, қиылыстың түрлерін ажырата білуге үйрету және жол қозғалысы кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтауға тәрбиелеу болды.
Сабақ барысында оқушыларға көше қиылысының анықтамасы түсіндіріліп, оның жол қозғалысындағы ең қауіпті аймақтардың бірі екені айтылды.
Сонымен қатар, реттелетін және реттелмейтін қиылыстар, тең дәрежелі және басым жолы бар қиылыстар, Т-тәрізді және Х-тәрізді қиылыстар туралы жан-жақты мәлімет берілді. Қиылыс түрлері арнайы сызбалар мен жол белгілері арқылы көрсетіліп, бейнематериалдар пайдаланылды.
Үйірме сабағында теориялық білім тәжірибемен ұштастырылды. Оқушылар топтық жұмыстарға белсене қатысып, жағдаяттық тапсырмалар орындады. Бір топ бағдаршам жұмыс істемеген жағдайда қандай әрекет жасау керектігін түсіндірсе, екінші топ реттелмейтін қиылыстағы қозғалыс тәртібін талдады. Ал үшінші топ жол реттеушінің белгілеріне тоқталып, сызбалар арқылы өз ойларын қорғады.
Сабақтың тәрбиелік мәні ерекше болды. Оқушыларға жаяу жүргінші өткелінен ғана өту, бағдаршам белгілеріне назар аудару, қиылыста жүгірмеу, телефон мен құлаққапқа алаңдамау секілді маңызды қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.
Қорытынды бөлімде оқушылар «Қауіпсіз қиылыс – қауіпсіз өмір» тақырыбында пікір алмасып, жол ережесін сақтау – әр адамның өмір қауіпсіздігінің кепілі екенін атап өтті. Осындай тағылымы мол іс-шаралар оқушылардың жолда жүру мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың жауапкершілігін арттыруға үлкен ықпал етеді.
№10 “Қайнар” мектеп-гимназия” КММ
аға тәлімгер Джураева Алмагүл