
Тарих – әр халықтың рухани қазынасы, ұлттың өткені мен болашағын байланыстыратын алтын көпір. Ал қазақ халқының тарихындағы ең маңызды кезеңдердің бірі – Қазақ хандығының құрылуы. Бұл – халқымыздың дербес ел болып қалыптасуына негіз болған ұлы тарихи оқиға.
Қазақ хандығы XV ғасырдың ортасында Керей мен Жәнібек хандардың бастауымен құрылды. Тарихи деректерге сүйенсек, 1465-1466 жылдары Шу мен Қозыбасы өңірінде ту көтерген хандық қазақ елінің тәуелсіз мемлекет ретіндегі алғашқы қадамы болды. Бұл кезең – халықтың еркіндікке, бірлікке ұмтылған тарихи бетбұрысы еді.
Қазақ хандығының құрылуы жай ғана мемлекеттің пайда болуы емес, ол – ұлттық сананың қалыптасуының айқын көрінісі. Керей мен Жәнібек сұлтандар елдің болашағын ойлап, жеке хандық құру арқылы халықтың басын біріктіре білді. Сол арқылы қазақ жерінің тұтастығы сақталып, елдің ішкі-сыртқы саясаты жүйелене бастады.
Тарихшы ұстаз ретінде мен үшін Қазақ хандығының тарихын оқыту – тек дерек беру емес, жас ұрпақтың бойына елжандылық пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру. Себебі өз тарихын білген ұрпақ қана елінің болашағына бейжай қарамайды. Қазақ хандығының құрылу тарихы – тәуелсіздіктің қадірін түсінудің бастау көзі.
Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан – сол бабалар арманының жалғасы. Керей мен Жәнібек хандар негізін қалаған мемлекеттілік идеясы ғасырлар бойы үзілмей, бүгінгі күнге жетті. Сондықтан Қазақ хандығының тарихын білу – әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы.
Ұлттық тарихымызды дәріптеу – ұрпақ тәрбиесінің маңызды бөлігі. Өткенін құрметтеген елдің болашағы да берік болады. Қазақ хандығының құрылуы – халқымыздың бірлігі мен тәуелсіздік жолындағы күресінің мәңгілік символы.
№10 “Қайнар” мектеп-гимназия” КММ-нің тарих пәні мұғалімі
Осаев Әшімхан Ермекович