17 маусым күні Жетісай ауданындағы Қ.Сәтбаев атындағы Мәдениет үйі білім мен тәрбиенің шамшырағы болған ұстаздардың мерейін асырған салтанатты шараның куәсі болды. Жетісай аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Жыл үздіктері – 2026» марапаттау рәсімінде бір оқу жылының нәтижесі қорытындыланып, ауданның білім саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан педагогтер мен сала қызметкерлерінің еңбегі лайықты бағаланды. Бұл – тек марапаттау рәсімі ғана емес, жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін аянбай тер төккен жандарға көрсетілген зор құрметтің көрінісі болды.



Мерекелік жиынға Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов қатысып, білім саласы қызметкерлерін кәсіби жетістіктерімен құттықтады. Олар өз сөздерінде ауданның білім әлеуетін арттыру жолында табанды еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымына шынайы ризашылықтарын білдіріп, шәкірт тәрбиелеудегі жауапты қызметтеріне толағай табыс тіледі. Елдің ертеңі – білімді ұрпақ екендігін атап өткен басшылар ұстаздардың қоғамдағы ерекше орнына тоқталды.
Сондай-ақ аудандық білім бөлімінің басшысы Толқын Тілекқызы Айгенжиева мен аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Мұхамеджан Спарханов оқу жылының қорытындысы бойынша үздік атанған педагогтер мен қызметкерлерге марапаттар табыстады. Жеңімпаздарға дипломдармен қатар Сарыағаш шипажайына және Ыстықкөлге жолдамалар, сондай-ақ қаржылай сертификаттар берілді. Бұл марапаттар – ұстаздардың ерен еңбегіне берілген әділ баға әрі олардың алдағы жетістіктеріне жол ашатын үлкен қолдау болды.
«Жыл үздіктері – 2026» марапаттау рәсімінде білім беру ұйымдарының басшылары, орынбасарлары, пән мұғалімдері мен мектепке дейінгі ұйым қызметкерлері түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Әрбір аталым – кәсіби шеберлік пен адал еңбектің жемісі ретінде бағаланды.
Атап айтқанда, «Үздік бастауыш сынып мұғалімі» номинациясын Б.Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназиясының мұғалімі Гулвира Уалиева иеленді. Ал «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі» аталымы Т.Рысқұлов атындағы №20 жалпы білім беретін мектептің ұстазы Гаухар Торекуловаға табысталды. Бұл ұстаздар шәкірт жүрегіне білім нәрін сеуіп қана қоймай, олардың бойына ұлттық құндылықтарды дарытып келе жатқан тәжірибелі педагогтер ретінде танылды.
Пән мұғалімдері арасындағы үздіктер қатарында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ангела Назарбекова, математика пәнінің мұғалімі Мақсат Жақып, физика пәнінің мұғалімі Ғалымжан Бакиров, химия пәнінің мұғалімі Жадра Ізтілеуова, биология пәнінің мұғалімі Назира Битанова, информатика пәнінің мұғалімі Уралбай Джурунбаев, география пәнінің мұғалімі Нұрсұлтан Надиров, тарих пәнінің мұғалімі Роза Тлеуова, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Гүлмира Мынжасарова, көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ерболат Жуманазаров және музыка пәнінің мұғалімі Кенжехан Ақылов үздік деп танылды. Олардың әрқайсысы өз пәні бойынша шәкірттерді білім биігіне жетелеп, ауданның мерейін республикалық және халықаралық деңгейде асқақтатып жүрген білікті мамандар.
Сонымен қатар, Мақсат Үкібаев «Үздік бастапқы әскери және технологиялық дайындық педагог-ұйымдастырушысы», Зухра Музапарова «Үздік кітапханашы», Салтанат Молдаханова «Үздік педагог-психолог», Назира Серікбекова «Үздік әлеуметтік-педагог», Лаура Иманова «Үздік мұғалім-дефектолог», Женісбай Канчибеков «Үздік қосымша білім беру педагогы» аталымдарының жеңімпазы атанды. Бұл мамандардың еңбегі білім беру ұйымдарының жан-жақты дамуына, оқушылардың қабілетін шыңдауға және олардың тұлғалық қалыптасуына зор ықпал етіп келеді.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары арасында Қарлығаш Қуатбаева мен Ботагөз Есіркепова «Үздік меңгеруші», Нұрлыгүл Налибаева «Үздік әдіскер», Гүлбаршын Марқаш «Үздік тәрбиеші», Маржан Бекмырза «Үздік мектепалды сынып тәрбиешісі» номинацияларымен марапатталды. Балабақша – білімнің алғашқы баспалдағы болса, осы сала мамандары бүлдіршіндердің бойына алғашқы тәрбиені сіңіріп, болашаққа берік негіз қалыптастырып келеді.
Білім саласын ұйымдастыру мен басқарудағы жетістіктері үшін №7 «Тұран» мектеп-гимназиясының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мұхтар Ақтаев, Б.Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназиясының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Малика Лесбекова, №11 «Жеңіс» мектеп-гимназиясының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ғалимжан Аманов марапатқа ие болды. Басқарушылық қабілеті мен ұйымдастырушылық шеберлігі арқылы білім сапасының артуына үлес қосып жүрген бұл азаматтардың еңбегі де көпшілік алдында лайықты бағаланды.
Сондай-ақ Қ.А.Ясауи атындағы №22 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Фарход Елов «Үздік кәсіподақ комитетінің төрағасы», М.Нұрбаев атындағы №58 мектептің қызметкері Берік Құралов «Үздік еңбек құқықтарын қорғаушы» аталымдары бойынша үздік деп танылды. Бұл марапаттар ұстаздардың құқықтарын қорғау мен олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы қажырлы жұмыстардың нәтижесі болды.
Шара барысында білім беру ұйымдарының басшылары мен саланың тәжірибелі мамандары да арнайы марапаттарға ие болды. Олардың қатарында Аманкелді атындағы №19 мектеп директоры Лаззат Төлемісова, Ә.Молдағұлова атындағы №34 мектеп директоры Тұңғат Татибаев, Н.Оңдасынов атындағы №14 мектеп директоры Сапаргүл Шаулиева, «Мерей» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Гүлнара Аблаева, «Сәби әлемі» балабақшасының меңгерушісі Клара Сеитова және аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісінің орынбасары Аязхан Елемесов бар. Олардың көп жылғы тәжірибесі мен табанды еңбегі ауданның білім жүйесінің дамуына берік негіз қалап келеді.
Салтанатты жиын мерекелік концертпен жалғасып, мәдениет үйінің өнерпаздары ұстаздарға арнаған әсем әндерін тарту етті. Қатысушылар Гүлсара Буршанованың «Мың алғыс саған – Ұстазым!», Эльмира Айтбаеваның «Барыңды бағала», Азамат Асқардың «Көрмесем болмас», Шерхан Мамадиярдың «Араласып тұрайықшы» әндерін және Марал Серікбаева мен Әйгерім Жақсылықованың орындауындағы «Жәннат мекен – Жетісай!» шығармасын зор ықыласпен қабылдады. Әсем әндер ұстаздарға деген құрметтің ерекше белгісіне айналып, мерекелік көңіл күйді одан әрі арттыра түсті.
«Жыл үздіктері – 2026» салтанатты марапаттау рәсімі ұстаздар мен білім саласы қызметкерлерінің мәртебесін арттырып, олардың адал еңбегі мен кәсіби жетістіктерін көпшілікке дәріптеген тағылымды шара ретінде есте қалды. Бұл күн – еңбегі еленген ұстаздардың мерейі өсіп, жаңа оқу жылына тың серпінмен қадам басқан ерекше тарихи сәттердің бірі болды.
Жетісай аудандық білім бөлімі.