Skip to content

Балаға жасалған қамқорлық – болашаққа жасалған инвестиция

  • / 79 қаралым

Жаңа оқу жылы – әр бала үшін жаңа мүмкіндік пен жаңа бастамалардың кезеңі. Осы тұста оқушының мектепке алаңсыз келіп, сапалы білім алуына қажетті жағдай жасау – білім ордасының басты міндеттерінің бірі. №10 «Қайнар» мектеп-гимназиясында білім алушыларды әлеуметтік қолдау, сапалы тамақтандыру және қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Әлеуметтік қолдау – маңызды бағыт

Балаға сапалы білім берумен қатар, оның әлеуметтік жағдайына қолдау көрсету де – мектеп жұмысының маңызды бөлігі. Осы мақсатта жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясы аясында бірқатар игі шаралар жүзеге асырылды.

Атап айтқанда, №10 «Қайнар» мектеп-гимназиясында 71 білім алушы мемлекет тарапынан қаржылай көмекпен қамтылды. Сонымен қатар 12 білім алушы демеушілер есебінен қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етілді.

Бұл көмек оқушылардың жаңа оқу жылына қажетті құрал-жабдықтарын толықтырып, сабаққа дайындықпен келуіне мүмкіндік берді. Әсіресе әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға көрсетілген мұндай көмек – балаға деген қамқорлықтың нақты көрінісі.

Мектеп ұжымы мен демеушілер тарапынан жасалған қолдау ата-анаға да үлкен демеу болып, білім алушының оқуына көңіл бөлуіне жағдай жасайды. Себебі кез келген баланың мектепке қажетті құралдары түгел болып, өз қатарларымен тең дәрежеде білім алуы – маңызды мәселе.

Ыстық тамақ – бала денсаулығының кепілі

Оқушының жақсы білім алуы оның денсаулығы мен дұрыс тамақтануына да тікелей байланысты. Осыны ескере отырып, мектепте білім алушыларды ыстық тамақпен қамту жұмысы да талапқа сай ұйымдастырылған.

Бүгінде мектепте мемлекеттік қор есебінен 290 оқушы ыстық тамақпен қамтылған. Мектеп асханасы 120 орынға есептелген. Оқушылардың тамақтануын тиімді ұйымдастыру мақсатында әр ауысымда білім алушылар екі лекпен бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.

Ыстық тамақ күнделікті белгіленген ас мәзіріне сәйкес дайындалады. Бұл ретте тағамның сапасы мен оқушыларға берілу талаптарының сақталуына ерекше назар аударылады.

Мектеп асханасында дайындалатын тағамның сапасын бақылау мақсатында бракераж комиссиясы жұмыс істейді. Комиссияның негізгі міндеті – дайын тағамның сапасын, ас мәзіріне сәйкестігін және оқушыларға тамақтың талапқа сай берілуін бақылау.

Бақылау жұмыстары жүйелі жүргізіліп, бракераж журналы күнделікті толтырылуы жолға қойылған. Бұл – мектептегі тамақтандыру процесінің талапқа сәйкес ұйымдастырылуына мүмкіндік беретін маңызды жұмыстардың бірі.

Басты құндылық – бала

Білім беру – тек оқушыға білім мен тәрбие берумен шектелмейді. Ол – әр баланың денсаулығын сақтау, әлеуметтік жағдайына қолдау көрсету, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастырумен тығыз байланысты үлкен жауапкершілік.

№10 «Қайнар» мектеп-гимназиясында әлеуметтік қолдау мен оқушыларды сапалы тамақтандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барлығының түпкі мақсаты – әр баланың сапалы білім алып, дені сау, алаңсыз және бақытты болып өсуіне жағдай жасау.

Мектепке көрсетілген мемлекеттік қолдау, демеушілердің көмегі, асханадағы жүйелі жұмыс пен күнделікті бақылау – барлығы да бала игілігіне бағытталған.

Балаға жасалған қамқорлық – бүгінгі күннің ғана міндеті емес, елдің ертеңіне жасалған маңызды инвестиция. Әрбір балаға көрсетілген қолдау мен қамқорлық – жарқын болашаққа бастар жол. №10 «Қайнар» мектеп-гимназиясы осы мақсаттағы игі жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береді.

Бердалиева Гүлбахрам Темировна,

№10 «Қайнар» мектеп-гинмазия» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің әлеуметтік педагогы.

Жетісай ауданы.

🔥 Таңдаулы жаңалықтар

«ЖУРНАЛИСТ ЖОЛДА» ІССАПАРЫ. БІЛІМ ОРДАСЫНДА ӨТКЕН ТАҒЛЫМДЫ ШАРА
ОТБАСЫ – БАҚЫТ МЕКЕНІ
БІР-БІРІМІЗГЕ ЖҮРЕК ЖЫЛУЫН СЫЙЛАЙ БІЛЕЙІК!
ЛАУАЗЫМ — МӘРТЕБЕ ЕМЕС, ЖАУАПКЕРШІЛІК!
The Importance of Learning English in the Modern World
↑