Тарих – өткен оқиғалардың тізбегі ғана емес, ол – халықтың жады, ұлттың рухани қазынасы және болашаққа бағыт беретін тағылым мектебі. Өз тарихын таныған, елінің қалыптасу жолын және ұлтқа қызмет еткен тұлғалардың өмірін білген ұрпақ қана мемлекетінің болашағына жауапкершілікпен қарай алады. Сондықтан ел тарихында өшпес із қалдырған қайраткерлердің өмір жолын жас ұрпаққа таныту – білім мен тәрбиенің маңызды міндеттерінің бірі.
Осындай көрнекті тұлғалардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Нәзір Төреқұлов. Оның есімі халқымыздың ХХ ғасырдағы күрделі тарихымен, ағартушылықпен, қоғамдық-саяси қызметпен және дипломатия саласындағы еңбегімен тығыз байланысты. Нәзір Төреқұловтың өмір жолы – білімге ұмтылудың, ел мүддесіне қызмет етудің, жауапкершілік пен қайраткерліктің айқын үлгісі.
Нәзір Төреқұлов – қазақ тарихындағы халықаралық дипломатиялық қызметте ерекше орын алған қайраткерлердің бірі. Ол өз заманының саяси және қоғамдық үдерістеріне белсенді араласып, түрлі жауапты қызметтер атқарды. Оның дипломатиялық қызметінің маңызды кезеңдерінің бірі – Арабия түбегіндегі жұмысы.
Шетелде дипломатиялық міндет атқарған жылдары Нәзір Төреқұлов тек ресми өкіл ретінде ғана емес, елдер арасындағы өзара түсіністік пен байланыстарды дамытуға атсалысқан қайраткер ретінде де танылды. Бірнеше тілді меңгеруі, түрлі халықтардың мәдениеті мен салт-дәстүрін түсіне білуі оның дипломатиялық қызметіне үлкен мүмкіндік берді. Бұл қасиеттер бүгінгі жаһандану дәуіріндегі жастар үшін де маңызды.
Нәзір Төреқұловтың тұлғасын тарих сабағында таныстыру арқылы оқушыға «Елге қызмет ету дегеніміз не?», «Нағыз отансүйгіштік қандай әрекеттен көрінеді?», «Білім мен тіл білудің адам өміріндегі маңызы қандай?» деген маңызды сұрақтар төңірегінде ой салуға болады.
9 қыркүйек – мектебіміз үшін ерекше мәнге ие күндердің бірі. Түркістан облысы Жетісай ауданы Асықата кенті «Н.Төреқұлов атындағы №13 жалпы білім беретін мектеп» КММ-де көрнекті қайраткер Нәзір Төреқұловтың есімі білім ордамызға берілгеніне 9 жыл толуына орай тағылымды іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шара мектеп директоры Гульназира Абеуованың бастамасымен, директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары Н.Серикбаев пен М.Бейсенованың, педагог-ұйымдастырушы И.Маханованың және 7-сынып жетекшілерінің ұйымдастыруымен өткізілді.
7-сынып оқушылары мектеп ауласындағы Нәзір Төреқұлов ескерткіші алдында тұлғаның өмір жолы, қоғамдық қызметі, дипломатиялық еңбегі мен тарихи мұрасы туралы мәліметтермен танысты. Мұндай іс-шараның тәрбиелік маңызы ерекше. Себебі оқушы тарихи тұлға туралы тек оқулықтан оқып қана қоймай, оның есімін иеленген білім ордасында білім алып жүргенін тереңірек сезінеді.
Шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, одан кейін мектебіміздің ардагер ұстазы болған М.Тузельбаев арнайы жазған мектеп гимні орындалды. Бұл сәт оқушылардың бойындағы елге, мектепке және тарихи тұлғаларға деген құрмет сезімін арттыра түсті.
Іс-шара барысында мектеп директоры Гүлназира Абеуова сөз сөйлеп, Нәзір Төреқұловтың ел тарихындағы орны мен дипломатиялық қызметінің маңыздылығына тоқталды. Тұлғаның өнегелі өмір жолының жас ұрпақ үшін үлгі екенін атап өтіп, оқушыларды туған елін сүюге, тарихты құрметтеуге, білімге ұмтылуға шақырды.
Оқушылар да шараға белсенді қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Жырдан шашу шашып, ұлттық күй өнерінің әсем үнін күмбірлетті. Соңында Нәзір Төреқұловтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, қайраткер рухына тағзым жасалды.
Бүгінгі тарих пәнінің міндеті оқушыға белгілі бір жылдар мен оқиғаларды жаттатумен шектелмеуі тиіс. Заманауи тарих сабағы баланы дерекпен жұмыс істеуге, тарихи оқиғаларды салыстыруға, себеп пен салдарды анықтауға және тұлғалардың қызметіне тарихи жағдай тұрғысынан баға беруге үйретуі қажет.
Осы тұрғыдан алғанда, Нәзір Төреқұловтың өмірі – зерттеуге лайық тағылымды тақырып. Оқушыларға тұлғаның өмірбаяны бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу, тарихи деректерді салыстыру, «Нәзір Төреқұлов – дипломат», «Тұлға және дәуір», «Нәзір Төреқұловтың көптілділігі және қазіргі жастар» сияқты шағын жобалар дайындау ұсынылса, олардың тарихқа деген қызығушылығы арта түседі.
Әсіресе, тарихи тұлғаның өмірін туған өлке, мектеп тарихымен байланыстыра оқыту тиімді. Өйткені бала өзіне жақын ортадағы тарихи белгілерді көргенде тарихты алыста қалған дүние ретінде емес, өзінің өмірімен сабақтас құндылық ретінде қабылдай бастайды.
Нәзір Төреқұловтың есімін иеленген мектепте білім алу – шәкірттеріміз үшін мақтаныш қана емес, үлкен жауапкершілік. Тұлғаның білімге құштарлығы, бірнеше тілді меңгеруі, ел мүддесі жолындағы қызметі қазіргі жас ұрпаққа үлкен өнеге береді.
Тарихи тұлғаларды ұлықтау – өткенді мадақтаумен ғана шектелмейді. Оның басты мәні – өткеннің тәжірибесін бүгінгі ұрпақтың санасына жеткізіп, болашаққа бағдар қалыптастыру. Біз оқушыға Нәзір Төреқұловтың өмір жолын таныта отырып, білімді болудың, елге адал қызмет етудің, жауапкершіліктің және отансүйгіштіктің маңызын ұғындырамыз.
Тарихын құрметтеген ұрпақ қана елінің болашағына сеніммен қадам басады. Сондықтан Нәзір Төреқұлов сынды қайраткерлердің мұрасын зерттеу, дәріптеу және жас буынға жеткізу – ұстаздар қауымының маңызды міндеттерінің бірі.
Ұлы тұлғаның есімі – ұрпақ жадында, өнегелі өмірі – ел жүрегінде, тарихи мұрасы – келешекке бағыт беретін тағылым болып қала береді.
Валиева Замира Ерсинбековна,
«Н.Төреқұлов атындағы №13 ЖББМ» КММ тарих- география пәні мұғалімі.
Жетісай ауданы.