Skip to content

ҰСТАЗДЫҚ – ЖҮРЕКТЕН БАСТАЛАТЫН ЖОЛ

  • / 196 қаралым

Ұстаз – ұлы тұлға. Ұрпақ тәрбиесі мен оның болашағы ұстаз еңбегімен тығыз байланысты. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік қасиеттерді шәкірт бойына сіңіру. Осындай абыройлы жолды таңдаған, ұзақ жылдар бойы білім мен тәрбие саласында еңбек етіп келе жатқан Н.Төреқұлов атындағы №13 жалпы білім беретін мектебінің тарих пәні мұғалімі Шарипова Жұмагүл Шүкірбайқызының еңбегі ерекше.
Ұстаздың бойынан сабырлылық, білімділік, байыптылық, ұйымдастырушылық қабілет пен талапшылдық қатар көрінеді. Ұзақ жылғы еңбегі аудан, облыс көлемінде бағаланып, түрлі марапаттарға ие болды. «Білім беру ісінің үздігі» атағы да ұстаздық жолдағы ерен еңбегінің жемісі.
Осындай өнегелі ұстазбен сұхбаттасып, оның ұстаздық жолы, тарих пәнін оқытудағы ұстанымы, тәрбие саласындағы тәжірибесі және шәкіртке деген көзқарасы туралы әңгімесін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім.
Сұхбат

  1. Ұстаздық жолды таңдауыңызға кім немесе қандай оқиға әсер етті?
    – Ұстаздық жолды таңдау, әрине, өз таңдауым болды. Біздің балалық шағымызда, яғни мектеп оқушысы кезімізде әр ұстаз бізге өмірлік үлгі болды. Осы мұғалім секілді мейірімді, білімді болсам деген арман мамандық таңдауыма жетеледі.
  2. Неліктен дәл тарих пәнін таңдадыңыз?
    – Тарих пәніне деген құштарлығым өте жоғары болды.
  3. Ең алғашқы сабақ берген жылдарыңыз есіңізде ме?
    – Иә, есімде. 1993 жылы қолыма диплом алған соң жас көңілім алып ұшып, өз жүрек қалауыммен таңдаған ұстаздық қадамымды қазіргі Асықата мектебінде бастағаным есімде.
  4. Сіздің түсінігіңізде нағыз ұстаз қандай болуы керек?

– Нағыз ұстаз – тек өз пәнін терең білетін емес, ол өз шәкіртінің тұлғасын қалыптастырушы, бағыт беруші және шабыттандырушы тәлімгер. Ұстаз әр баланы сол қалпында қабылдай біледі. Ол шәкірттерін жақсы, жаман немесе үлгерімі төмен, жоғары деп бөлмейді. Әр баланың бойындағы жасырын талантты көре білу – нағыз шеберлік.

  1. Тарих пәнін оқытуда оқушының қызығушылығын оятудың ең тиімді жолы қандай?
    – Ең тиімді жолы – тарихи оқиғаларды бүгінгі өмірмен байланыстыру. Құрғақ фактілер мен жылдарды жаттату оқушыны жалықтырады, өмірмен байланыстырса пәнге деген қызығушылығы артады. Хандар мен батырлар туралы тек кітаптан ғана емес, олардың қорқыныштары, армандары, қателіктері мен сенімдерін шынайы адам ретінде таныстыру. «Ата-бабаларымыз жерімізді жаудан қорғамағанда біздің күйіміз қазіргі таңда не болар еді?» дегендей сұрақтар қою.
  2. Бүгінгі оқушыға тарихты білу неліктен маңызды?
    – Бүгінгі оқушыға тарихты білу өте маңызды. Өткеннен сабақ алып, болашаққа дұрыс қадам жасауға үйренеді. Өз еліміздің мәдениетін құрметтеу, қадірлеу, келешек ұрпаққа қалдыру өте маңызды.
  3. Ұстаздық қызметіңізде өзіңіз ерекше мақтан тұтатын жетістігіңіз қандай?
    – Ұстаздық қызметімдегі ең үлкен жетістігім әрі мақтанышым – шәкірттерімнің алған білімін өмірде тиімді пайдалана алуы және әрқайсысының бір тұлға болып қалыптасуы. Мен ұстаздық жолымда әр балаға: «Адамгершілік қасиеттерді жоғалтпаңдар, бір-бірлеріңді іздеп жүріңдер, шамаң келсе көмектесіп, қолдаңдар» деп жол көрсеттім.
  4. Бірнеше жыл директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардыңыз. Бұл қызмет Сізге не үйретті?

– Бірнеше жыл директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқару маған ең алдымен адамдармен, оқушылармен дұрыс қарым-қатынас орнатуды, жауапкершілікті сезінуді және кез келген жағдайда сабырлы шешім қабылдауды үйретті.

  1. Тәрбие саласында қызмет еткен жылдары есіңізде ерекше қалған оқиға бар ма?
    – Тәрбие саласында қызмет еткен жылдарда есте қалатын оқиғалар мен сәттер өте көп. Бұлардың бәрін айтсаң, бірнеше күн керек. Әттеген-ай дегеннен қуанышты сәттер көп болды. Өйткені әр сынып жетекші мен оқушыға жылы сөйлеп, оларды қуантқым келетін. Сынып жетекшілердің атқарған еңбектерін бағаладым деп ойлаймын. Әр жанның жүрегінен орын алған тәрбие орынбасардың жұмысы да алға жүреді.
    Бүгінгі істі ертеңге қалдырмасаң, жұмысың да бітіп жатыр, өзің де шаршамайсың, жұмысыңды жоғары көңіл-күймен істегің келе береді.
  2. Қиын мінезді оқушымен жұмыс істегенде ең алдымен нені ескеретін едіңіз?
    – Мен оқушының жеке өзімен сөйлесетін едім. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» емес пе, баламен сөйлесерде мен үнемі өмірден мысал келтіретін едім. Бала жыласа, өзім де қосылып жылаушы едім, күлсе, бірге күлетін едім.
    Ұстаздық жұмыс істеуге нені үйретті дерсіз бе? Мен оқушыны жеке тұлға ретінде сыйлауды үйрендім. Жылы сөйлесу, жылы жүзбен қарау маңызды. Ол баланың ішкі дүниесіне үңілсең, қиын баланы да түсінуге болады. Онымен сырласуың керек, оған күліп қарап, назар аудару керек. Ұрсып та алатын едім. Бастысы – болашаққа көзқарасын қалыптастыру, өзгерту.
  3. Оқушы тәрбиесінде мектеп пен ата-ананың байланысы қаншалықты маңызды?

– Оқушы тәрбиесінде мектеп пен ата-ананың байланысы өте маңызды. Екі жақтың тәрбие талаптары бір арнада үйлесуі қажет. Ата-ана мен мектеп байланысы бір-бірімен үйлеспесе, бала тәрбиесі бұзылады. Ата-ана мен мұғалім бір-бірін сынаушы емес, баланың дамуына бірге жауапты екенін түсінуі керек.

  1. Басшылық қызмет пен ұстаздықтың қай тұстары бір-біріне ұқсайды, ал қай тұстары өзгеше?
    – Ортақ тұстары көп, екеуі де адамға бағыт-бағдар беру, үлкен жауапкершілікті қажет етеді және нәтижесі болуы керек. Басшылық пен ұстаздықты қатар алып жүру дегенде – өзің әрбір тұлғамен жұмыс жасап жатқаныңды білу керексің. Ең бастысы – атқарып жатқан ісің шыншыл болу, мотивация беру, қолдау көрсету, көшбасшылық жасау, дұрыс шешім қабылдаудың өзі – екеуіне де ортақ міндет.
  2. Жауапты қызмет атқара жүріп, адамдармен жақсы қарым-қатынасты сақтаудың сыры неде?
    – Адамгершілік қасиетте, кішіпейілділікте, тұлғасы мейлі мұғалім бе, оқушы ма, оның жанын түсіне білуіңде. Екеуіне де адам тұрғыда түсіндіре білуіңде.
  3. Ұзақ жылғы ұстаздық жолыңызға бүгін көз жүгіртсеңіз, «Менің ұстаздық бақытым – …» деген сөйлемді қалай аяқтар едіңіз?
    – Ұзақ жылғы ұстаздық жолыма бүгін көз жүгіртсем, «Менің ұстаздық бақытым – шәкірттерімнің жетістігінде, олардың өмірде Абай атамыз айтқандай, бір кірпіш болып қалануында, олардың алғысында және жүректерінде қалған ұстаздық ізімде» деп аяқтар едім. Бүгінгі әсерлі сұхбатыңызға алғысымыз шексіз! Еңбегіңізге сәттілік, табыс тілейміз! Шәкірттеріңізге білім беруде шаршамай қызмет етіп, зейнеткерлік жасқа жете беріңіз. Сіздің жолыңызды берсін деген ізгі тілегімізді білдіреміз!

Өмірдің кеңге жайып керегесін,
Ерліктің жасадыңдар өнегесін.
Ұрпаққа берген үлгі – тәлімдерің,
Періште көңілдерде өне берсін.
Жылы жүзді, адамгершілігі мол, өмірі өнегелі ұстаздарымызды әрдайым ұлықтайық! Ұстаздық – жүректен басталатын жол!

«Нәзір Төреқұлов атындағы №13 ЖББМ» КММ

тарих пәні мұғалімі

Сандыбаева Салима Туркараевна

ЖЕТІСАЙ АУДАНЫ

🔥 Таңдаулы жаңалықтар

«ЖУРНАЛИСТ ЖОЛДА» ІССАПАРЫ. БІЛІМ ОРДАСЫНДА ӨТКЕН ТАҒЛЫМДЫ ШАРА
ОТБАСЫ – БАҚЫТ МЕКЕНІ
БІР-БІРІМІЗГЕ ЖҮРЕК ЖЫЛУЫН СЫЙЛАЙ БІЛЕЙІК!
ЛАУАЗЫМ — МӘРТЕБЕ ЕМЕС, ЖАУАПКЕРШІЛІК!
The Importance of Learning English in the Modern World
↑