Skip to content

Ұлағатты ұстаз – ұрпаққа шамшырақ

  • / 144 қаралым

Ұстаздық – жүрек қалауымен таңдалып, үлкен жауапкершілікпен атқарылатын қасиетті мамандық. Ұстаз болу – білім берумен ғана шектелмей, шәкірт жүрегіне жол табу, оның бойына ізгілік пен адамгершілік дәнін себу, болашағына бағыт-бағдар беру. Сондықтан да нағыз ұстаздың еңбегі – өлшеусіз, өнегесі – мәңгілік.
«Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» деген ұлы педагог Ыбырай Алтынсариннің тағылымды сөзі ұстаздық қызметтің мәні мен маңызын айқындай түседі. Осы жауапты жолда өз ісіне адалдығымен, кәсіби білімімен, жаңашылдығымен дараланып жүрген ұлағатты ұстаздардың бірі – «Н. Төреқұлов атындағы №13 жалпы білім беретін мектеп» КММ директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, информатика пәнінің мұғалімі Козыбекова Дүйсенкүл Жұманқызы.
Дүйсенкүл Жұманқызы – саналы ғұмырын жас ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беруге арнап келе жатқан білікті педагог. Ұстаздық жолда мол тәжірибе жинақтап, өз мамандығының қыр-сырын терең меңгерген ол әріптестері арасында іскерлігімен, жауапкершілігімен және ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленіп келеді.
Ұстаздың бойындағы қарапайымдылық пен ұқыптылық, еңбекке деген ерекше ынта, қызметіне деген адалдық – жас мамандарға үлгі боларлық қасиеттер. Қайсар мінезі мен қазақы ақжарқындығы, әр іске жауапкершілікпен қарайтын ұстанымы оның кәсіби болмысын айшықтай түседі. Жылдар алмасып, заман өзгерсе де, бойындағы жастық жігері мен ізденіске деген құлшынысы еш бәсеңдеген емес.
Дүйсенкүл Жұманқызы білім беру саласындағы тәжірибесін үнемі жетілдіріп, кәсіби ізденісін әріптестерімен бөлісіп келеді. Заманауи білім беру үдерісіндегі жаңашыл бағыттарды меңгеруге, мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған іс-шараларға белсене қатысып, өз тәжірибесін ортаға салуы – оның ұстаздық ұстанымының айқын көрінісі.
Дүйсенкүл Жұманқызының ұстаздық жолдағы еңбегі мен кәсіби ізденісі түрлі деңгейдегі марапаттармен айқындалып келеді. Ол «Тіл – достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы» атты облыстық пікірсайыс турнирінде жоғары нәтиже көрсетіп, III дәрежелі дипломмен марапатталды. Республикалық «Білім беру ісінің үздік қызметкері – 2023» байқауында «Ұстаз» номинациясына ие болды. Білім беру саласына қосқан елеулі үлесі үшін «Ұстаз» орденімен марапатталып, республикалық «ҮЗДІК ПЕДАГОГ – 2023» байқауында заманауи педагогикалық тәжірибесі үздік деп танылып, III дәрежелі дипломға ие болды. Сонымен қатар, «Цифрлық дәуірде мұғалімдердің кәсіби құзыреттерін тұрақты және жүйелі түрде дамыту мәселелері» тақырыбындағы республикалық конференцияға қатысып, баяндама жасап, өз тәжірибесімен бөлісті. Бұл марапаттар – бір күннің нәтижесі емес. Оның артында жылдар бойғы тынымсыз ізденіс, кәсіби даму, шәкіртке деген сүйіспеншілік пен ұстаздық мамандыққа деген шынайы адалдық жатыр. Әрбір жетістік – ұстаз еңбегінің бағасы ғана емес, білім мен тәрбие жолындағы табанды еңбектің жемісі.
Ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелейтін тұлға. Оның әрбір сабағы, әрбір айтқан ақылы мен берген тәрбиесі шәкірт жүрегінде із қалдырады. Бүгінгі шәкірт – ертеңгі ел азаматы. Ал сол азаматтың қалыптасуына бағыт беретін ұстаз еңбегінің орны қашанда бөлек.
«Ұстаз» деген сөздің өзі – ардақты, киелі әрі үлкен құрметпен айтылатын ұғым. Ұстаз еңбегі – ұлы еңбек. Ал сол ұлы жолда маңдай терін төгіп, білім мен тәрбиені қатар алып келе жатқан Козыбекова Дүйсенкүл Жұманқызының еңбегі – зор құрметке лайық.
Мектептің бірлестігі атынан ұлағатты ұстазымызға шығармашылық табыс, мықты денсаулық, шәкірттерінің биік белестері мен еңбегінің жемісін тілейміз! Ұстаздық жолдағы абыройыңыз асқақтап, алар асуларыңыз биік болсын!
Ұстазды ұлықтау – ұрпақты ұлықтау.
Ұстаз еңбегін бағалау – болашақты бағалау.

Ізгі тілекпен «Н.Төреқұлов атындағы №13 ЖББМ» КММ физика-информатика пәні бірлестігі.

🔥 Таңдаулы жаңалықтар

«ЖУРНАЛИСТ ЖОЛДА» ІССАПАРЫ. БІЛІМ ОРДАСЫНДА ӨТКЕН ТАҒЛЫМДЫ ШАРА
ОТБАСЫ – БАҚЫТ МЕКЕНІ
БІР-БІРІМІЗГЕ ЖҮРЕК ЖЫЛУЫН СЫЙЛАЙ БІЛЕЙІК!
ЛАУАЗЫМ — МӘРТЕБЕ ЕМЕС, ЖАУАПКЕРШІЛІК!
The Importance of Learning English in the Modern World
↑