Skip to content

СӨЗ ӨНЕРІН СЕРІК ЕТКЕН СЫРЛЫ ҰСТАЗ

  • / 80 қаралым

Пазылова Райхан Төленқызы– ұстаздықты өмірінің мәніне айналдырған, шәкіртін биікке жетелеген, сөз өнерін жүрегіне серік еткен білікті педагог.

Ұстаз деген ұлы ұғымның астарында қаншама еңбек, ізденіс, жауапкершілік пен жүрек жылуы жатыр десеңізші?! Біреулер үшін ұстаздық – мамандық болса, енді бір жандар үшін ол – тұтас өмірдің мәні. Осындай ұстаздықты жүрек қалауымен таңдап, жиырма сегіз жыл бойы осы қасиетті жолдан айнымай келе жатқан әріптесіміздің бірі – Пазылова Райхан .

Райхан Туленқызының педагогикалық жолы – ізденіс пен шығармашылыққа, еңбек пен жетістікке толы жол. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде ол талай шәкірттің жүрегіне сөз өнерінің дәнін сеуіп, туған тілдің қадірін ұғындырып келеді.

Қазіргі таңда әріптесім мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің жетекшісі. Бұл қызметті ол тек ұйымдастырушылық міндет ретінде емес, әріптестерінің кәсіби дамуына ықпал ететін, пәннің абыройын арттыратын үлкен жауапкершілік деп қабылдайды. Бірлестік жұмысының жүйелі жүргізілуіне, шығармашылық ізденістерге, тәжірибе алмасуға, пәндік іс-шаралардың мазмұнды өтуіне өз үлесін қосып келеді.

Оның ұстаздық болмысындағы ең басты ерекшеліктің бірі – шәкірт жетістігін өз жетістігінен биік қоюы. Оның жетекшілігімен түрлі аудандық, облыстық байқаулар мен сайыстарға қатысқан шәкірттері жүлдесіз қайтқан емес. Әрбір жеңістің артында шәкірттің талабы мен ұстаздың маңдай тері, жүйелі дайындығы мен үлкен сенімі жатыр.

Шәкіртінің сахнаға шығып, өз ойын еркін жеткізгенін, білім бәйгесінде бақ сынап, жүлделі орын алғанын көру – Райхан апай үшін үлкен қуаныш. Өйткені ол шәкіртті тек жарысқа дайындамайды, жеңіске сенуге, өзіне сенуге, білімнің қадірін түсінуге тәрбиелейді.

«Ұстаз қандай болса, шәкірті де сондай болуға ұмтылады» деген сөз бар. Райхан Төленқызының өз бойындағы сөзге деген талғамы мен өнерге деген құштарлығы шәкірттеріне де әсер етпей қоймайды.
Ұстаздарды ұлықтайтын ұстаздар күні мерекесінде мектебіздегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің барша ұстаздарын құттықтаймын! Еңбектеріңіз еленіп, шәкірттеріңіз шыңға шығарсын!

Кенесары хан атындағы 62 жалпы білім беретін

мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Кулбаева Жанар

🔥 Таңдаулы жаңалықтар

«ЖУРНАЛИСТ ЖОЛДА» ІССАПАРЫ. БІЛІМ ОРДАСЫНДА ӨТКЕН ТАҒЛЫМДЫ ШАРА
ОТБАСЫ – БАҚЫТ МЕКЕНІ
БІР-БІРІМІЗГЕ ЖҮРЕК ЖЫЛУЫН СЫЙЛАЙ БІЛЕЙІК!
ЛАУАЗЫМ — МӘРТЕБЕ ЕМЕС, ЖАУАПКЕРШІЛІК!
The Importance of Learning English in the Modern World
↑