
«Бала тәрбиесі – бесіктен» дейді дана халқымыз. Баланың тұлға болып қалыптасуында отбасының, әсіресе ата-ананың орны ерекше. Өйткені бала алғаш мейірімді, адалдықты, жауапкершілікті, қауіпсіз өмір сүру қағидаларын өз шаңырағында үйренеді. Сондықтан адал ата-ана – қауіпсіз балалық шақтың кепілі деп айтуға толық негіз бар.
Бүгінгі қоғамда бала тәрбиесі – тек мектептің ғана емес, ең алдымен отбасының жауапкершілігі. Әр ата-ана өз баласына тек материалдық жағдай жасап қана қоймай, оның қауіпсіздігіне, рухани тәрбиесіне, психологиялық жай-күйіне ерекше мән беруі тиіс. Себебі бала өзін қауіпсіз сезінген ортада ғана еркін өсіп, арманына сеніммен қадам басады.
Адал ата-ана дегеніміз – баласына дұрыс бағыт көрсететін, сөзі мен ісі үйлесетін, шынайылық пен әділдікті үлгі ететін тұлға. Бала ата-ананың айтқан сөзінен бұрын, жасаған ісіне қарап өседі. Егер ата-ана өтірік айтудан, әділетсіздіктен аулақ болып, еңбекқорлық пен жауапкершілікті көрсетсе, бала да сол құндылықтарды бойына сіңіреді. Сондықтан отбасыдағы тәрбие – болашақ қоғамның айнасы.
Қауіпсіз балалық шақ – тек денсаулық пен өмір қауіпсіздігі ғана емес, ол – эмоционалдық тұрақтылық, сенім мен сүйіспеншілікке толы орта. Бала өз ойын ашық айтып, қателесуден қорықпайтын, ата-анасынан қолдау табатын жағдайда тәрбиеленуі керек. Қазіргі таңда интернет қауіпсіздігі, буллинг, зиянды әдеттер секілді мәселелер де ата-ананың назарынан тыс қалмауы қажет. Баламен ашық әңгімелесу, оның ортасын бақылау, сенімді қарым-қатынас орнату – қауіптің алдын алудың маңызды жолы.
Мектеп пен ата-ананың бірлескен жұмысы да баланың қауіпсіз болашағын қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Ұстаз бен ата-ана арасындағы өзара түсіністік – баланың жан-жақты дамуына ықпал етеді. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» арқылы ғана біз саналы, тәрбиелі, қауіпсіз ортада өскен ұрпақ тәрбиелей аламыз.
Қорыта айтқанда, баланың қауіпсіз балалық шағы – адал, қамқор, жауапты ата-анадан басталады. Әр бала махаббат пен сенімге толы отбасында өссе, болашағымыз да жарқын болмақ. Ендеше, балаға дұрыс тәрбие беріп, қауіпсіз орта қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Бала – болашағымыз, ал оның қауіпсіздігі – біздің жауапкершілігіміз!
Түркістан облысы Жетісай ауданы Асықата кенті
№13 ЖББМ» КММ география пәні
мұғалімі Валиева Замира Ерсинбековна