

«Ғ.Мұратбаев атындағы №61 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде Жетісай аудандық білім бөлімінің 08.05.2026 жылғы №2001 шығыс хатына сәйкес «Адал ата-ана – Қауіпсіз балалық шақ» өңірлік тұжырымдамасы аясында бірыңғай ата-аналар форумы өткізілді. Форумға мектеп әкімшілігі, педагогтар, психолог мамандар, сынып жетекшілері және ата-аналар қатысты.
Форумның негізгі мақсаты – бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, мектеп пен отбасы арасындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ оқушылардың тәрбиесі мен психологиялық саулығына қоғам болып қолдау көрсету.
Іс-шара барысында мектеп директоры И.Сейдулла сөз сөйлеп, «Адал ата-ана – Қауіпсіз балалық шақ» тұжырымдамасының маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде бала тәрбиесі – тек мектептің емес, ең алдымен ата-ананың басты міндеті екенін атап өтіп, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алуда отбасы тәрбиесінің рөлі ерекше екендігін айтты. Сонымен қатар, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Қ.Тастаева 2025–2026 оқу жылында атқарылған оқу-тәрбие жұмыстарына тоқталып, білім сапасы, оқушылардың жетістіктері мен тәрбиелік бағыттағы жұмыстар бойынша қорытынды есеп берді. Оқушылардың түрлі байқаулар мен олимпиадалардағы жетістіктері таныстырылып, алдағы оқу жылындағы жоспарлар айтылды.
Форум барысында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Алтеев «Адал ата-ана – жауапты тұлға: ауыл балаларының жазғы қауіпсіздігі» тақырыбында баяндама жасап, жаз мезгіліндегі қауіпсіздік шараларына ерекше тоқталды. Атап айтқанда, су айдындарындағы қауіпсіздік, жол қозғалысы ережелері, өрт қауіпсіздігі, табиғат аясындағы сақтық шаралары, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелері түсіндірілді. Сондай-ақ мектеп формасын сақтау мен ішкі тәртіп ережелерін орындаудың маңыздылығы айтылды.
АӘжДТ педагог-ұйымдастырушысы Б.Тлемисов оқушылардың төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекеттері, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және сақтық шараларын сақтау жөнінде кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қоғамдық орындардағы тәртіп, өмір қауіпсіздігі және жауапкершілік мәселелері де назардан тыс қалмады.
Мектеп психологтары Ұ.Ахимова мен М.Мамутбекова, мектеп мейірбикесі А.Сейдуллаева жасөспірімдердің психологиялық денсаулығы, эмоционалдық тұрақтылық, күйзелістің алдын алу және ата-анамен бірлескен қолдау жұмыстары туралы пайдалы кеңестер берді. Ата-аналарға балаға дұрыс қарым-қатынас жасау, сенімді байланыс орнату және олардың ішкі жан дүниесіне көңіл бөлу қажеттігі түсіндірілді.
Форум соңында ата-аналар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, ұсыныстар мен пікірлер тыңдалды. Қатысушылар мұндай тағылымды кездесулердің бала тәрбиесіндегі маңызы зор екенін атап өтіп, мектеп ұжымына алғыстарын білдірді.
«Бала қауіпсіздігі – қоғам қауіпсіздігі». Ұрпақ тәрбиесі жолындағы мектеп пен ата-ананың бірлескен жұмысы әрдайым өз нәтижесін беретіні сөзсіз.
Мелдебекова Перизат Алшынбаевна,
Ғ.Мұратбаев атындағы №61 жалпы білім беретін мектептің
бастауыш сынып бірлестік жетекшісі.
Жетісай ауданы.