Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты тапсырмасына сәйкес 2023 жылы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы әзірленіп, барлық білім беру ұйымдарына енгізілді. 2024-2025 жылдары бағдарламаның мазмұны жаңартылып, атауы «Адал азамат» деп өзгертілді.
Адал азамат ұғымы – адалдық пен әділдікті, еңбексүйгіштік пен жауапкершілікті, отансүйгіштік пен адамгершілікті бойына сіңірген тұлғаның бейнесі. Мұндай азамат қоғамдағы тәртіпті құрметтеп қана қоймай, қоршаған ортасына, туған жеріне және өзінен кейінгі ұрпаққа жауапкершілікпен қарайды.
Заң мен тәртіп – өркениетті қоғамның басты тірегі. Құқықтық мәдениет баланың бойына ең алдымен отбасында қалыптасып, мектепте жалғасын табады.
Оқушының мектеп тәртібін сақтауы, өзгенің құқығын құрметтеуі, қоғамдық ортада өзін мәдениетті ұстауы – заңға деген құрметтің алғашқы көріністері. Сондықтан жас ұрпаққа заң талаптарын құрғақ түсіндіруден гөрі, оның күнделікті өмірдегі маңызын ұғындыру қажет.
Мектеп қабырғасында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған кездесулер, пікірталастар мен тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастыру арқылы оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға болады.
Тәртіпке бағыну – қорқыныштан емес, жауапкершіліктен туындағанда ғана өзінің нәтижесін береді. Бала «мен заңды не үшін сақтауым керек?» деген сұрақтың жауабын түсінген кезде ғана саналы азаматтық ұстаным қалыптасады.
«Таза Қазақстан» – туған жерге тағзым.
Туған жерге деген сүйіспеншілік сөзден емес, нақты істерден көрінеді. Осы ретте «Таза Қазақстан» бастамасының тәрбиелік мәні ерекше. Себебі «Таза Қазақстан» – қоршаған ортаны тазарту ғана емес, ең алдымен адамның өзінің ішкі мәдениетін қалыптастыруға бастайтын игі қадам.
Тазалық – адамның мәдениеті мен қоғамдық жауапкершілігінің көрсеткіші. Өз ауласын таза ұстаған, табиғатты ластамаған, мектеп мүлкіне ұқыпты қараған бала біртіндеп қоғамдық ортаға деген жауапкершілікті сезіне бастайды.
Сондықтан мектептегі тазалық пен көгалдандыру жұмыстары қарапайым сенбілік ретінде ғана емес, оқушыға еңбек пен жауапкершіліктің мәнін түсіндіретін тәрбие құралы ретінде ұйымдастырылуы қажет. Бұл – «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының ғана емес, барша қоғамның ортақ мақсаты.
Насимов Досымхан Қасқарбекович,
№10 «Қайнар» мектеп-гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары.
Жетісай ауданы.