Skip to content

Арманға бастаған жырлар әлемі

  • / 69 қаралым

    Қазақ поэзиясының алып тұлғаларының бірі — Мұхтар Шаханов. Оның шығармалары жас ұрпақты адамгершілікке, рухани тазалыққа, ата-ана қадірін түсінуге,

туған жер мен ұлт тағдырын сүюге тәрбиелейді. Ақынның әрбір өлеңі мен поэмасы оқырман жүрегіне терең ой салып, ерекше әсер қалдырады.

    Өткен жылы оқушыларымды республикалық мәнерлеп оқу сайысы — Мұхтар Шаханов оқуларына қатыстырған болатынмын. Бұл сайыс — жай ғана өнер додасы емес, оқушылардың рухани дүниесін байытып, әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырған ерекше белес болды. Дайындық барысында шәкірттерім ақын шығармаларының мазмұнына терең бойлап, әр кейіпкердің жан дүниесін сезінуге тырысты.

    Оқушыларым Әке үкімі поэмасын орындау арқылы әке тәрбиесінің маңызын, адам өміріндегі жауапкершілікті ұғынды. Ал Аққулар ұйықтағанда шығармасын сахналаған шәкірттер табиғат пен ана махаббатының қасиетін жүрекпен жеткізе білді.  Сондай-ақ, Махамбеттің соңғы сөзі шығармасын орындаған оқушылар еркіндік пен қайсарлық рухын ерекше тебіреніспен көрсетті.

Сайыстың алғашқы кезеңінен сүрінбей өтіп, жолдама алған кезде оқушыларымның қуанышында шек болмады. Олар ақынмен жүздесіп, батасын алуды үлкен арман етті. Әр шәкірттің жүрегінде «Мұхтар Шахановпен кездесеміз» деген үміт пен ерекше толқу болды. Алайда, белгісіз себептермен ұйымдастырушылар ақынның денсаулығына байланысты кездесу болмайтынын хабарлады. Сол сәттегі оқушыларымның өкінішін сөзбен жеткізу қиын еді. Қанша дайындалып, қанша үміттенген балалардың көңіліндегі қимастық әрқайсымызға әсер етті.

Биыл ғана Мұхтар Шаханов атамыздың дүниеден озғанын естігенде, сол бір орындалмай қалған арманымыз жүректі одан сайын сыздатты. Оқушыларымның: «Келесі жылы тағы қатысып, ақын атамен кездесерміз…» деген үміттері мәңгілік сағынышқа айналғандай болды. Бірақ ақынның өзі өмірден өтсе де, артында қалған асыл сөздері мен рухани мұрасы халық жүрегінде мәңгі сақталады. Оның шығармалары талай ұрпаққа жол көрсетіп, жүректерге рух пен жігер сыйлай беретіні анық.

🔥 Таңдаулы жаңалықтар

«ЖУРНАЛИСТ ЖОЛДА» ІССАПАРЫ. БІЛІМ ОРДАСЫНДА ӨТКЕН ТАҒЛЫМДЫ ШАРА
ОТБАСЫ – БАҚЫТ МЕКЕНІ
БІР-БІРІМІЗГЕ ЖҮРЕК ЖЫЛУЫН СЫЙЛАЙ БІЛЕЙІК!
ЛАУАЗЫМ — МӘРТЕБЕ ЕМЕС, ЖАУАПКЕРШІЛІК!
The Importance of Learning English in the Modern World