Skip to content

БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ — БОЛАШАҒЫМЫЗДЫ ҚОРҒАУ

  • / 34 қаралым

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында еліміздің әрбір білім ордасында бала қауіпсіздігі мен тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы орайда Түркістан облысы білім басқармасы бекіткен «Адал ата-ана — қауіпсіз балалық шақ» өңірлік тұжырымдамасы аясында Н.Оңдасынов атындағы №14 жалпы білім беретін мектеп ұжымының ұйымдастыруымен тағылымы мол ата-аналар жиналысы өткізілді.

Мектебіміздің 7 «Ә» сыныбында өткен «Адал ата-ана — қауіпсіз балалық шақ» тақырыбындағы жиын — отбасы мен мектеп байланысын нығайтқан, бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті терең ұғындырған маңызды басқосу болды. Жиналысты жоғары деңгейде ұйымдастырып, мазмұнды баяндама жасаған сынып жетекшісі Усербаева Тамараның еңбегі ерекше атап өтуге лайық.

Бүгінгі қоғамда бала тәрбиесі тек мектептің ғана емес, тұтас елдің болашағына әсер ететін аса маңызды мәселе. Осы бағытта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар және ата-аналар қауымдастығы бірлесе жұмыс атқарып келеді. Олардың басты мақсаты — оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, саналы, тәрбиелі, елін сүйетін ұрпақ қалыптастыру.

Жиналыс барысында жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, судағы қауіпсіздік ережелері, жол қозғалысы тәртібі, қоғамдық орындардағы мәдениет, интернет қауіпсіздігі, түнгі уақытта балалардың бақылаусыз жүрмеуі сияқты маңызды мәселелер қозғалды. Сонымен қатар, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спорт пен кітап оқуға баулу, пайдалы үйірмелерге қатыстыру жөнінде нақты ұсыныстар айтылды.

Әсіресе, педагог-психологтардың бала мен ата-ана арасындағы сенімді қарым-қатынасты қалыптастыру бағытындағы жұмыстары көпшілік тарапынан жоғары бағаланды. Өйткені қазіргі ақпараттық қоғамда баланың ішкі жан дүниесін түсіну, оның көңіл күйіне мән беру — үлкен жауапкершілік. Бұл ретте мектеп психологтарының еңбегі — ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды тірек.

Мектебіміздің тәрбие орынбасарлары да бала қауіпсіздігі мен тәрбиесіне бағытталған іс-шараларды жүйелі ұйымдастырып келеді. Түрлі профилактикалық кездесулер, түсіндірме жұмыстары, тәрбиелік жобалар мен ата-аналармен байланыс — осының барлығы өскелең ұрпақтың жарқын болашағына жасалған қадам.

«Бала — бауыр етіміз» дейді дана халқымыз. Сондықтан балаларды қорғау — тек бір күннің немесе бір мекеменің міндеті емес, ол — бүкіл қоғамның ортақ парызы. Себебі баланы қорғау — болашағымызды қорғау. Ұлттың ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың тәрбиесіне, қауіпсіздігіне және білімді болып қалыптасуына тікелей байланысты.

Осы орайда Н.Оңдасынов атындағы №14 жалпы білім беретін мектеп директоры Шаулиева Сапаргүл Тұрлыбекқызы бастаған мектеп ұжымының жүйелі жұмысы, ұстаздардың жауапкершілігі, ата-аналардың белсенділігі — жас ұрпақтың қауіпсіз әрі саналы болып өсуіне бағытталған игі бастама екені анық.

Баланың күлкісі — елдің бақыты. Ендеше, балаларымыз аман, болашағымыз жарқын болсын!

Тамара УСЕРБАЕВА,

Н.Оңдасынов атындағы №14 жалпы білім беретін мектептің педагогы.

Жетісай ауданы.

🔥 Таңдаулы жаңалықтар

«ЖУРНАЛИСТ ЖОЛДА» ІССАПАРЫ. БІЛІМ ОРДАСЫНДА ӨТКЕН ТАҒЛЫМДЫ ШАРА
ОТБАСЫ – БАҚЫТ МЕКЕНІ
БІР-БІРІМІЗГЕ ЖҮРЕК ЖЫЛУЫН СЫЙЛАЙ БІЛЕЙІК!
ЛАУАЗЫМ — МӘРТЕБЕ ЕМЕС, ЖАУАПКЕРШІЛІК!
The Importance of Learning English in the Modern World