
Қазіргі білім беру жүйесінде шығармашыл, ізденімпаз әрі кәсіби біліктілігі жоғары педагогтерді қолдау – маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта ұйымдастырылатын түрлі кәсіби байқаулар мұғалімдердің тәжірибе алмасуына, жаңа идеялар мен заманауи әдістерді дамытуына үлкен мүмкіндік береді. Осындай маңызы зор байқаулардың бірі – жаратылыстану бағытындағы ұстаздардың кәсіби шеберлігін шыңдауға арналған «BIO LIFE» байқауы.
Аталған байқау биология пәні мұғалімдерінің теориялық білімін, әдістемелік шеберлігін, шығармашылық қабілетін және инновациялық технологияларды тиімді қолдану деңгейін анықтауға бағытталған. Байқау барысында қатысушылар бірнеше кезең бойынша сынға түсіп, өз тәжірибелерін ортаға салады. Атап айтқанда, қатысушылардың пәндік білім деңгейі, заманауи оқыту әдістерін пайдалану ерекшелігі, зерттеушілік дағдылары, цифрлық технологияларды сабақта қолдану мүмкіндігі және педагогикалық идеялары бағаланады.
«BIO LIFE» байқауының негізгі мақсаты – биология пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру, талантты педагогтерді анықтау және олардың үздік тәжірибесін кеңінен насихаттау. Сонымен қатар бұл байқау мұғалімдердің ғылыми-зерттеу бағытындағы жұмыстарын дамытуға, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға бағытталған тың әдістерді тәжірибеге енгізуге ықпал етеді.
Осындай білім мен бәсеке алаңында №10 «Қайнар» мектеп-гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің биология пәнінің мұғалімі Медетбеков Сейткерім Ғаниұлы жоғары нәтиже көрсетіп, үлкен жетістікке қол жеткізді. Ұстазымыз алдымен аудандық кезеңде өткен «BIO LIFE» байқауына қатысып, өзінің терең білімін, кәсіби шеберлігін және шығармашылық әлеуетін дәлелдей білді. Байқаудың барлық талаптарын жоғары деңгейде орындаған Сейткерім Ғаниұлы жүлделі І орынды иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды.
Облыстық кезеңде де ұстазымыз үлкен жауапкершілікпен өнер көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінді. Түрлі тәжірибелік тапсырмалар мен кәсіби сындардан сүрінбей өткен ол өзінің жаңашыл көзқарасын, пәнге деген сүйіспеншілігін және ұстаздық ұстанымын айқын көрсете алды. Нәтижесінде байқау қорытындысы бойынша жүлделі ІІ орынға ие болып, мектебіміздің мерейін үстем етті.
Бұл жетістік – табанды еңбек пен үздіксіз ізденістің жемісі. Сейткерім Ғаниұлы өз ісіне адал, білім сапасын арттыру жолында аянбай еңбек етіп жүрген білікті педагогтердің бірі. Ол сабақ барысында оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру мақсатында заманауи әдіс-тәсілдерді, цифрлық платформаларды және тәжірибелік жұмыстарды тиімді пайдаланып келеді. Ұстаздың шығармашылық ізденісі мен кәсіби шеберлігі шәкірттерінің де түрлі жетістіктерге жетуіне жол ашуда.
Әріптестері арасында сыйлы, оқушылары үшін бағыт-бағдар беруші ұстаз ретінде танылған Сейткерім Ғаниұлының бұл жеңісі – жас мамандарға үлгі боларлық жетістік. Оның білім мен ғылым жолындағы табандылығы, кәсіби дамуға деген ұмтылысы – бүгінгі мұғалімге қойылатын талаптардың жарқын көрінісі.
№10 “Қайнар” мектеп-гимназия” КММ биология пәні мұғалімі
Медетбеков Сейткерім Ғаниұлы
Жетісай ауданы