Мектебімізде 11-сынып бітіруші түлектері мен олардың ата-аналарының қатысуымен маңызды жиналыс ұйымдастырылды. Жиналыстың негізгі мақсаты – оқу жылының аяқталуына байланысты қорытынды мәселелерді талқылау, мемлекеттік емтихандар мен Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстарын пысықтау, соңғы қоңырау мерекесін ұйымдастыру тәртібімен таныстыру және оқушылардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізу болды. Жиналысқа мектеп әкімшілігі, сынып жетекшілері, педагог-психолог және бітіруші сынып оқушыларының ата-аналары қатысты. Кездесуді мектеп директоры ашып, бітіруші түлектер үшін алдағы кезеңнің аса жауапты әрі маңызды екеніне тоқталды. Ол өз сөзінде мектеп пен ата-ананың бірлескен жұмысы оқушылардың табысты білім алуына, қауіпсіздігі мен болашақтағы кәсіби таңдауына оң әсер ететінін атап өтті.
Жиналыс барысында оқушылардың оқу үлгерімі, қоғамдық жұмыстарға қатысуы, мектепішілік тәртіп ережелерін сақтау мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар мемлекеттік емтихандар мен ҰБТ-ны ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы толық ақпарат берілді. Бітіруші түлектерге емтихан кезінде қойылатын талаптар түсіндіріліп, уақытты тиімді пайдалану, өз күшіне сенімді болу және жауапкершілікті сезіну қажеттігі айтылды.
Педагог-психолог оқушылар мен ата-аналарға емтихан алдындағы психологиялық дайындық бойынша кеңестер берді. Күйзелісті жеңу, уақытты дұрыс жоспарлау, эмоционалдық тұрақтылықты сақтау және ата-аналардың балаларына қолдау көрсету жолдары жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жиналыстың маңызды тақырыптарының бірі – оқушылардың өмір қауіпсіздігі мәселесі болды. Жазғы демалыс қарсаңында ата-аналар мен оқушыларға қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігі туралы жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, жол қозғалысы қауіпсіздігі, өрт қауіпсіздігі, электр құралдарын пайдалану кезіндегі сақтық шаралары, су айдындарындағы қауіпсіздік талаптары, қоғамдық орындардағы тәртіп ережелері және интернет қауіпсіздігі мәселелері қозғалды. Оқушыларға өз өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарау, қауіп-қатердің алдын алу және төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету жөнінде ескертулер берілді.
Сонымен қатар соңғы қоңырау мерекесін өткізуге байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары мерекелік іс-шараның белгіленген тәртіпке сәйкес ұйымдастырылатынын айтып, оқушылар мен ата-аналарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Әсіресе автокөлікпен топтасып серуендеу, белгіленбеген орындарда суға шомылу, түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүру, құқық бұзушылыққа әкелетін әрекеттерге жол бермеу қажеттігі ерекше атап өтілді. Ата-аналарға мереке күндері балаларының қауіпсіздігін бақылауда ұстау жөнінде ұсыныстар берілді.
Кездесу барысында ата-аналар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мектеп әкімшілігі тарапынан нақты жауаптар алды. Оқушылардың болашағына қатысты маңызды мәселелер талқыланды.
Жиналыс соңында мектеп әкімшілігі бітіруші түлектерге алдағы мемлекеттік емтихандар мен Ұлттық бірыңғай тестілеуді сәтті тапсырып, таңдаған мамандықтары бойынша жоғары оқу орындарына түсулеріне тілектестік білдірді. Сондай-ақ ата-аналарға бала тәрбиесіндегі ынтымақтастықтары мен мектеп өміріне белсенді қатысқандары үшін алғыс айтылды.
Бүгінгі түлек – ертеңгі ел болашағы. Сондықтан әрбір оқушының қауіпсіздігі, сапалы білімі мен саналы тәрбиесі – баршамыздың ортақ міндетіміз.
БАЙМУРЗИНА Куляш Абдировна,
№11 «Жеңіс» мектеп-гимназиясы КММ
директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары.
Жетісай ауданы.