Skip to content

ДОС БОЛАЙЫҚ БӘРІМІЗ!

  • / 1196 қаралым

Мұғалім: Армысыздар құрметті   ұстаздар, ата-аналар және оқушылар! Бүгінгі 1 МАМЫР – ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІНЕ арналған  тәрбие сағатына қош келдіңіздер! Бұл күн – еліміздегі түрлі ұлттар мен ұлыстардың достығын, ауызбіршілігін паш ететін, татулық пен келісімді дәріптейтін айтулы мереке. Бүгінгі татулық пен достық мерекесі құтты болсын! Еліміз тыныш, жұртымыз аман, бірлігіміз бекем болсын! Тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер!

Қазына: Отан — әр адамның жүрегіне жылы тиер қасиетті сөз. Отан — біздің туған жеріміз, өзіміздің туған-туысқанымыз, дос- жаранымызбен тұратын еліміз.

Біздің Отанымыз — Қазақстан. Бүгінгі Қазақстан дүние жүзіндегі көптеген мемлекеттер таныған ел. Оның өз Елтаңбасы, Туы, Гимні бар. Еліміз өз егемендігін, тәуелсіздігін 1991 жылы 16 – желтоқсанда алды.

Айбек: Тәуелсіздік кіндігін
Кескен халық бірлігі.
Ынтымағы барша ұлттың
Нұрын шашқан күн бүгін.

  Асмира: Елтаңбам қандай тамаша! Елтаңбамызға көз салсақ ортада қазақтың қара шаңырағы, күн сәулесіндей уықтар шашырай шапағын шашқандай, екі жақтағы қанатты пырақтар арынды да қарымды, жоғарыда бес бұрышты жұлдыз жарқырайды. Жарығымен «Қазақстан» жазуы жарқырай түскендей.

Бекнұр: Елтаңбасы елімнің
Неткен әйбат әдемі.
Тұнығындай көңілдің
Ортада аспан әлемі.

Раяна: Жалауыма қарасам көңілімді мақтаныш кернейді. Ол шарықтайды, көңіл қалықтайды. Жалауым — әлемнің барша елдерімен терезе теңестіріп, асқақ желбіреп тұр.
Жарасқан байрақтың мәні бар,
Көк аспан, күн- қыран сәні бар.
Көк байрақ ашық күн кеңісім,
Алтын күн белгісі жеңістің.

Асылым: Гимн — біздің Отанымыздың салтанатты үні. Өр үні. Өміршең үні. Оның қалықтай көтерілген әуеніне туған жердің рухы мен сазы шымырлай шалқиды. Кеудені мейірлі мақтанышқа бөлейді, арманыңды аялай самғайды.
Қазақстан Республикасының гимні орындалады.

Айару: Далам кең – байтақ. Сондықтан ғой, күмбір-күмбір көне күй мен толғауы тоқсан жырларымызда, «Ұшса құстың қанаты талады, шапқан аттың тұяғы тозады, Атырауы – айшылық, Қаратауы толғаған»

Көрікті өлкеме қарашы,

Тізілген орман – тау, қаласы.

Алтай мен Атырау арасы,

Қазақтың кең — байтақ даласы.

 Айкөркем: Қазақтың байтақ даласы бүгінде 130-дан артық ұлт өкілдеріне ортақ Отан болып тұр. Сол себепті де 1 мамыр –халқымыздың бірлігі күні болып есептеледі.

Әрі бұл күн, Қазақстан халқы үшін ең ірі мерекелердің бірі. Еліміздің барлық өңірлерінде дерлік 1 мамыр тойланады.

Мақсаты, ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттау.

Даниал: «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған.  «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерекше.

Қазына: Бұл мереке бұрын бүкіл әлемдік «Еңбекшілер күні» болып тойланды. Қазір ол «дүниежүзілік ынтымақтастық күні» болып есептеледі.

Бірлік пен ынтымағы халықтың,

Көгімізде жарқыраған жарық күн.

Ырыс, дәулет бақыты үшін халқымның,

Жайнай берсін, жайнай берсін алтын күн! – дей келе Қазақстан халқының бірлігіне арналған тәрбие сағатымызды бастаймыз.

Алихан: Нәсілдерге нәсіл болсын нұрлы күн,

Ынтымақтың шертсем деймін бір жырын.

Татулығын жырға қосам ұлттардың,

Мақтан қылып ұлыстардың бірлігін.

Х.Нұрасыл: Тілі басқа болғанымен тілек бір,

Ұлы достық мәпелеген жүрек гүл.

Қазақстан бар ұлысқа шаңырақ,

Шайқалмастан шаттығымыз тіреп тұр.

Асмира: Ұлтаралық татулық арқасында бүгінде ел тыныш, жұрт аман. Осы берекеміз бұзылмағай. Қазақстанда тұратын барша ұлт арасындағы айнымас достыққа сызат түспесе екен.

Муслим: Ақ қара деп алдымен,
Елім бөлмес адамды,
Дәстүр, өнер, салтымен
Таңқалдырған ғаламды.
Аружан: Жырласа қазақ, түркімен,
Молдаван, тәжік үн қосқан.
Дос жүректер біріккен,
Мейірлері жарасқан.
Аягөз: Тыңда, тыңда, тыңда мені,
Ұлы жұртым орыс халқым.
Сен тербетіп өсіргенсің,

Сенің даңқын, менің даңқым.
Бегім: Кім сүймейді ет жақынын, туысқанын,
Украина туысымның бірісің.
Тұрды биік туымыздай бұл достық,
Ел басына төнгенде де ұлы сын.
Л.Айзере: Қадірменді бір досымыз — өзбегім,
Қалтқысы жоқ демің бейне өз демім.
Өз сөзімдей жанға жайлы сөздерің,
Өз көзімдей күлімдейді көздерің.
Сезім: Дәм тұзымыз араласпыз әріден,
Дастарқандар жайылады сәнімен.
Палауыңмен, бесбармағым сыбайлас,
Кезек жейміз алма, өрік дәміңнен.

Әділет: Қазақ, қырғыз бір сананың егізі,
Екі жұрттың бірге екен негізі.
Қазақ озса – ол қырғыздың мерейі,
Қырғыз озса- ол қазақтың жеңісі.
Айару: Қазақ- қырғыз туыссыңдар, доссыңдар,
Бір тамырдан сендер өскен қос шынар.
Дос туыстар көп болса да дүниеде,
Нақ сендердей нағыз туыс жоқ шығар.
Нұғман: Достық бізге тым ыстық,
Бірлік – байлық, ырыс – құт.
Жарқырасын күніміз,
Жаса, жаса тыныштық!

Б.Айзере: Біз тілейміз бар бөбекке,
Бақытты өмір сүргенін.
Туған елге еркелеп,
Қуанғанын күлгенін.
Шұғыла: Сусынымыз қанады,
Өнер – білім нәрімен
Әлемдегі баланың,
Дос боламыз бәрімен.

Нурислам: Дос болайық бәріміз,

 Жарасып тұр әніміз.

 Тыныштықты сақтаймыз,

 Атсын күліп таңымыз!
Хор: «Дос болайық бәріміз»
Би: «Алаш»
Даниал: Біз қазақ елі көңіліміз  көл-дариядай кең халықпыз, осыншама халықты шеттетпей, достық қарым-қатынаста, татулықта тұрып жатырмыз. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген сөз әр қазақтың көкірегінде сайрап жатқан болар.

Бекнұр: Біз балдырған тең басқан,

Дос құшағын кеңге ашқан.

Тілегіміз әділдік,

Ашық болсын кең аспан!

Айбек: Енді бүгін қарасам,
Айналам бақыт, кең жатыр.
Бір — бірімен туысқан,
Қол ұстасқан ел жатыр.
Аягөз: Достықты үлгі санаған,

Бір үйде біз тұрамыз.

Қалған ата-бабадан,

Бірлік асыл мұрамыз.

Әділет: Ақ, қара деп бөлмейміз,
Бір жыл туған төлдейміз.
Туысқанбыз, татумыз,
Биіктерге өрлейміз.
Сезім: Тілегі бір, жүрегі бір,
Достармен біз біргеміз.
Туыс барда құрыштан да,
Берік біздің іргеміз.

Б.Айзере: Ортақ мекен жер шары,

Төбемізде бір аспан.

Барлық ұлттың баласы,

Достығымыз жарасқан.

Муслим: Ортақ бізге бір Отан,

Ортақ жердің байлығы.

Еңбек ортақ, жыр ортақ,

Ортақ бізге барлығы.

Хор: «Ақпыз, қара, сарымыз»

Би: «Андижан полкасы»

Би: «Калинка»

Айкөркем: Халқымыздың қанға сіңген осы берік бірлігі, ұйымшылдығы, басқа халықтармен одақтасып, достаса білуі жеңістен жеңіске жеткізеді. Оған халық куә, тарих куә! Дүниежүзінде бәріміз жақсы көретін нәрсе тыныштық, бірлік. Халқымыз ең әуелі тыныштықты қалайды.

Асылым: Дүниежүзінде соғыс болмаса, тыныштық деген сол. Елдегі тыныштықты халық «береке,  бейбітшілік» дейді.

Бейбіт күн тыныштық,

Біз үшін тым ыстық.

Ырыс құт тұтқасы,

Ынтымақ, туыстық.

Х.Нұрасыл: Сәбилердің зәресін бұлт алмасын,

Гүл бәйшешек ешқашан солмасын.

Ақ көгершін аспанымда қалықтап,

Барлық халық бейбіт күнді қолдасын.

Алихан: Сәбилердің зәресін бұлт алмасын,

Айна көңіл жүректі кір шалмасын.

Қыран құстар даласына еркелеп,

Аспанымда қалықтаудан талмасын!

Аружан: Біз әртүсті баламыз,

Қол ұстасып барамыз.

Күн сөнбесін ешқашан,

Деп, шырқап ән саламыз.

Ән: «Әрқашан күн сөнбесін!»

Раяна:  «Ел бірлігі – ең асыл қасиет. Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық, ең алдымен өзімізге – қазақтарға керек» деп көрегенділікпен Елбасымыз айтқандай, біз сияқты көпұлтты мемлекеттің даму болашағының бір көзі – Қазақстан халықтарының бірлігі.

Бегім:  Қазақстан сияқты  мемлекеттің өркендеуінің бір кепілі -еліміздегі ынтымақтастық пен бейбіт өмір!

Ендеше, бейбітшілік жасасын!

Нурислам: Ынтымақтастық жасасын!

Шұғыла: Қазақстан жасасын!

Нұғман: Қазақстан халықтарының бірлігі жасасын!

Асылым: Қазақ елі қашаннан да жыр елі

Тарихында тұлғалар көп киелі.

Қазақстан аясында бұрыннан

Бірнеше ұлт бірге өмір сүреді.

Бір – бірімен тату тәтті тұрады,

Бәрінің де Қазақстан тұрағы.

Л.Айзере: Туыспыз біз бәріміз,

Біз Отанды сүйеміз.

Бақытты елде туған соң,

Бақытты өмір сүреміз.

Ән: «Қазақстан бақытты» Орындайтын: Бағлан Айбек

Би: «Біз біргеміз»

Бексеитова Гаухар Халдаровна,

«Н.Төреқұлов атындағы №13 ЖББМ» КММ бастауыш сынып мұғалімі.

Жетісай ауданы.

🔥 Таңдаулы жаңалықтар

«ЖУРНАЛИСТ ЖОЛДА» ІССАПАРЫ. БІЛІМ ОРДАСЫНДА ӨТКЕН ТАҒЛЫМДЫ ШАРА
ОТБАСЫ – БАҚЫТ МЕКЕНІ
БІР-БІРІМІЗГЕ ЖҮРЕК ЖЫЛУЫН СЫЙЛАЙ БІЛЕЙІК!
ЛАУАЗЫМ — МӘРТЕБЕ ЕМЕС, ЖАУАПКЕРШІЛІК!
The Importance of Learning English in the Modern World